Қолда барда алтынның қадірі жоқ...

 

“...Сол алтынның қадіріне сен жетпедің. Сенің қаталдығың, жігерсіздігің ғой осыған кінәлі” деген Ыбыштың әкесінің сөздерімен аяқталған Дулат Исабековтың Гауһартас шығармасы маған өзгеше бір ықпалын тигізді. Автор бұл шығармасында тек әйел мен күйеудің арасындағы дұрыс құрылмаған қарым-қатынасты ғана сиппаттамай, жалпы бір шатырдың астында тұратын жақын адамдардың бір-бірінен қаншалықты алыс бола алатындығын бейнелегендей. Шығарманы оқып болған соң, ойымда “Күнделікті өмірдің сабында жүрген біздер, жақындарымыздың қадірін бағалаймыз ба?” деген сұрақ туындады.

 

Алғашында блогымды “Жақындарымызды бағалауымыз керек, ренжітпей, барынша қастерлеуіміз керек” деген сөздермен бастаған болтынмын. Кейіннен таныстарымның бұл ойға қатысты пікірлерін сұрасам,  олар да дәл солай деді, кейбіреулері  “Адам баласының тіршілігі сондай, жоғалтпағанша, бағаламайды” десе, басқалары “Адамдар жақын жандарының ешқашан теріс айналмайтындығын білгені үшін оларға керекті түрде назар аудармайды” деді. Сірә, адам баласының бәрі әдемі сөйлей алатын болар, сұрағандарымның барлығы ауыздарын толтырып жақындарымызды қадірлеу керекпіз деді. Ал іс жүзінде көбісі, өкінішке орай, ең жақын адамдарына жылылықты жеткілікті түрде танытпайды, тіпті кей кезде қайта оларды ауыр сөздермен ренжітеді. Шынына келсек, достарымның арасында “Ал мен жақындарымды қадірлеймін, олар үшін бәрін істеймін” деп тіке жауап беріп жатқандары да болды. Сол рас болса нұр үстіне нұр ғой, бірақ адам басқаның көңілін өзі аңғармай да қалдыра  алады емес пе?!

            Қадірлеу деген жаныңа жақын адамдар үшін өз өміріңді пида қылу да емес, жай ғана оларға деген сүйіспеншілікті білдіріп тұру. Бір ғана жылы лебіз, бір ғана қоңырау, “Бар болғаныңызға рахмет” деген бір ауыз сөз...

            Алайда тағдырдың қыңыр-қисық жазуында не жазылғанын кім біледі? «Бүгін бармыз, ертен жоқпыз» демекші, ертеңгі күннің қандай боларын ешбіріміз білмейміз. Анама кешірек хабарласамын, досымнан кешірім ертен сұраймын, әпкеме оны жақсы көретінімді кейін айтамын деп жүргенде, сол ертеңгі күні «Әттең, еретерек айтсамшы»деп өкініп қалмаңыз.

            Блогымды жақындарымызды бағалайық деген өсиет сөзбен тәмәмдамаймын, бұны менсіз де барлығы білетіні сөзсіз...Тек кеш қалып қоймайық деймін...



Бөлісу: