Қол
блог
«Сәбидің қолының мықтылығы сондай жұдырығына тап келген жыланды да өлтіріп қояды» дегенді естіген едім. Оның рас өтірігін білмедім, алайда, дүниеге шыр етіп келген бөбектің қолынан ұстасаң қатты қысып алып, жібермейтіні бар. Бұ дүниенің «дүниелеріне» алақаны тимеген бөбектің қолдары тым жұмсақ, тіпті алақандарынан кезекпен кезек сүйіп, бетіңе тигізе бергің келіп еміреніп тұрасың. Кіп-кішкентай қолдарынан ұстағанда күндән ада, мына өмірдің қарбалысынан, тауқыметінен, қайғысы мен мұңынан пәк жұмақ, жұмбақ әлемге енгендей боласың.
Өсе келе үлкен өмірге қадам жасап аяқтарын тәй-тәй басқанда қадамын нық басуға тілекші болатын ата қолынан ұстап демеушілік жасайды. Ата-ананың ыстық алақанын сезіген бүлдіршін ғана шын бақыттың иесі болып өсетініне нық сенімдімін.
Бұл өмірде жарасымды, домбыраның қос ішегіндей бірі қатаңдау шертіліп жатса бірі үйлесіп төмендей алатын, мінездері мен көзқарастары сай келіп қосылып, махаббат дариясында қол ұстаса жүзетін жандардың бары ақиқат. Оларға, олардың махаббаттарына тілекші жандар «ұстасқан қолдарың ажырамасын» деп тілек білдіріп жатады. "Ұстасқан қолдарыңның арасында тек бүлдіршіндердің нәзік қолдары ғана енсін", ер жігіттерге «қолға қонған құсыңды аяла, ұшырып алма» деп жақсылық тұрғысынан ниеттенеді. Бұл тек отбасына емес сонымек қатар ара жігі ажырамас адал достыққа да теңелетін тіркес.
Жетім-жесірге, қиын қыстау кезеңді басынан өткеріп жатқанға, немесе кемтар жандарға көмек беруді- қол ұшын созу- деп те айтамыз. Яғни қиындықтан алып шығу, жылы алақанның қамқорлғын сездіру мағынасында. Өмірдің өзі «бумеранг» тәрізді. Жасағаның алдыңнан шығады. Қол ұшын бере білетін жан өзі де көмекке зәру қалмайды. Жақсылыққа-жақсылық.
Жомарт, берешегі мол, көңілі де жайсаң, сұрағанның бетін қайырмай, шама-шарқы жеткенше көмектесе алатын адамды- қолы ашық жан- деп жатамыз. Қолы ашықтың жолы ашық.
Сәлем -сөзің анасы. Мұсылман, оның ішнде көбіне ер кісілер сәлемдескенде бір біріне шын пейілін білдіріп қол алысып жатады. Кішінің үлкенге ізеттілік жасап қолын ұсынып, үлкені кішіпейілділік танытып қолын алып жатқаны нағыз сыйластықтың белгісі.
Жұрттар ел ішінде сыйлы, атақ-абыройлы кісілердің алдынан өтіп, сәлемін беріп жатады. «Қолын алып кетейін»- деген тіркес осыдан туған.
Келін түскенде енесінің «қолы ұзарыпты», «қолын жылы суға малыпты» деп айтатыны бар. Кейде әзілге балап «қолы ұзарғаны сонша пештің түбіндегі күлді өзі алады екен» деп жататыны бар Әрине бұл әзіл. Бұл жерде келін мен ененің татулығын, жақсы қарым қатынасын білдіру мақсатында айтылған ұғым деп тұжырымдаймын.
Үлкендердің «келіннің қолынан шәй ішейік» деп жатқанын көп құлағымыз шалады. Бұнда мәселе иіліп, ізеттілік танытып берген асын балдай сіңуіне ниет ете білетін келіннің жайсаң көңілінде. Нәзік қолдан иіле ұсынған астың адамның көңіліне жылу, денесіне қуат, жүрегіне мейірім құйылатыны анық.
Қандай да бір істі бастап, қандай да бір жұмысқа кіріскенде серіктестер қолдарын алып, болашаққа деген үміттерінің, басқан қадамдарының берекелі болатынына сенімдерін білдіріп жатады. Бұл да серіктестіктің, адалдықтың көрінісі.
Осы жайттарды ескере келе қолдың- мейрімділік, кішіпейілдік, достық, татулық, адалдықтың символы екенін аңғардым.
Аллаһ қолдарыңызға қуат берсін ағайын!!!