Қоқыс қалдықтары арқылы ақша тапқыңыз келсе ...
блог
Бүгінгі күні әлемді алаңдатқан мәселенің бірі – экология. Адамның тұтуыну қажеттіліктері көбейген сайын, ауаның ластану деңгейі де жоғарылап барады. Көліктің көптігі, зауыт-фабрикалардағы будақтаған түтін – ауа ластануының негізгі факторларының бірі. Сондай-ақ, күнделікті қоқыс қалдықтары да экологияға өз зиянын тигізеді. Күнделікті ішіп-жегенімізді қоқысқа тастаған соң, ол ары қарай қайда барады деген сауалға жауап іздемейміз. Елімізде 43 млн тонна қоқыс шығарылса, оның 1 миллионы Алматыға тиесілі. Ал, сол қоқыстың небәрі 5-7%-ы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Қалған қоқыстардың 95%-ы арнайы полигондарға жеткізіліп, жерге көміледі. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүруіне кесірін тигізіп отыр. Бұл мәселені шешу жолында IT Университетінің «Ақпараттық жүйелер» мамандығында оқитын 4-курс студенттері Айбек Рахым, Ернұр Жексен және Ерсұлтан Нәліхан «Tazalyk» атты мобильді қосымша ойлап тапты. Аталмыш қосымша жайлы толығырақ білгіңіз келсе, жоба жетекшісі Айбек Рахыммен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамын.
Айбек, осындай жоба жасауға не себеп болды?
Айбек: Негізі мені экология саласы 10-сыныптан бастап толғандырып келеді. Табиғатымызға қоқыс қалдықтарынан көп зиян келіп жатқанын да білдім. Сондықтан, 10-сыныптан бастап, түрлі сайыстарға қатыстым. Алайда, білімімнің жеткіліксіз болғанынан көптеген жобаларымды іске асыра алмадым. Менің түйгенім, тек идеяның болуы жеткіліксіз. Сен сол саланың жілігін шағып, майын ішетін нағыз маманы болуға тиіссің.
Жобаңызды жетілдіру үшін Назарбаев Университеті ұйымдастырған «nFacterial» инкубаторына қатысыпсыз. Екінің бірі қатыса алмайтын жобаның грантына қалай ие болдыңыз?
Айбек: Қазір санап отырсам, 4-курсқа дейін 100-ден астам сайыстар мен жобаларға қатысыппын. Мұның бәрі менің түйіндемеме жазылғандықтан, грантты жеңіп алуда осының бәрі үлкен рөл ойнады деп ойлаймын. Аталмыш жоба Назарбаев Университетінде 3 айға дейін созылды. Сол жерде мен «ios» платформасында жұмыс істейтін мобильді құрастырушы болдым. Ол жақта «Шаолиньдік режим» (Шаолиньский режим) бойынша жұмыс істедік. Таңғы 8-ден кешкі 7-ге дейін бағдарлама құрастыратынбыз. Қосымша үйге тапсырма беретін. Ол жұмыстармен де 5-6 сағаттай айналысатынбыз.
Сіз бұл қосымшаны жалғыз бастадыңыз ба?
Айбек: Иә, мен жалғыз бастадым. Сосын «Жас кәсіпкер» деген сайысқа қатыстым. Маған ол үшін команда жинау керек болды. Мен әуел бастан-ақ, жалғыз ештеңеге жете алмайтынымды түсінгенмін. Сосын қасыма Ерсұлтан Нәліхан және Ернұр Жексенов дейтін студенттерді қосып алдым. Нәтижесінде, біздің команда «Жас кәсіпкер» бағдарламасында 3-орынды иеленіп, 500 000 теңгені ұтып алдық. Бұл қаражат толықтай осы жобаға кетті. Негізінен бұл жобамыздың өзі 2 саладан тұрады. Біріншісі, «ios» және «android» бағдарламасындағы мобильді қосымша. Екіншісі, қоқыс жинайтын эко-бокстарды адам көп жүретін жерлерге орналастыру. Негізінен, бұл жәшіктер ІТ университетінде ғана бар. Қазір біз AlmaU, Smart Point аялдамасына қою жоспарда бар. Үш жер әрине аз. Сондықтан да, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті екі есеге дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз.
Бұл эко-бокстардың басқа қоқыс жәшіктерінен ерекшелігі неде?
Айбек: Біріншіден, дизайнымен ерекшеленеді. Көп адамдар терминалмен шатастырып жатады. Екіншіден, мұнда қандай қоқыс тастауға болатыны жазылған. Сосын осында тасталған қоқыстарды біз қайта өңдеуге жібереміз.
Бүгінде «Tazalyk» қосымшасын қанша адам жүктеді?
Айбек: Қазір бұл қосымшаны 1000-нан астам адам жүктеп үлгерді.
Қоқыс өткізу үшін тұрғындарға мотивация ретінде бірнеше демалыс орындарына тегін билеттер беріледі екен. Осы жайында толығырақ айтып өтсеңіз
Айбек: Біз «Медеу» мұз айдынына 100 билет, «Кинопаркке» 100 билет және «Марвин» дүкеніне 5000 теңгелік 5 сертификат сатып алдық. Тегін билеттерді иелену үшін алдымен «ios» немесе «android» платформасындағы қосымшаны жүктейсіз. Бастапқыда сізге ең төменгі статус беріледі. Өткізген қоқыстарыңыздың салмағы өскен сайын статусыңыз да жоғарылып отырады. Яғни, «Неравнодушныйдан» бастап, «Эко-Супергеройға» дейін көтерілесіз. Қазір Алматы қаласында 50-ден астам қоқыс қабылдайтын пунктер бар. Біздің қосымша соның 7-еуімен жұмыс жасайды. Сіз сол 7 пунктің біріне барып макулатура немесе пластикке жататын қоқыстарды өткізесіз. Сол қоқыстардың салмағы арқылы сіз бонус жинайсыз. 1 бонус = 1 кг қоқыс (қағаз, бөтелке, картон қағаздар). Егер 15 бонус жинасаңыз, өз қалауыңыз бойынша Медеуге немесе Кинопаркке 1 билет ала аласыз. Біз 5 билет болса да берер едік. Алайда, шығынның бәрі өз қалтамыздан кетіп отырғандықтан, осы жағы сәл қиындау болып тұр.
Сіздерге қолдау көрсетіп, демеуші болып жатқан компаниялар бар ма?
Айбек: Қолдау көрсетіп жатқан компания бар. Ол «Kazakhstan Waste Recycling» компаниясы. Олар жоғарыда атап өткен билеттердің 50%-н өтеп береді.
Жұртшылықтың көбісі қоқыс өткіз дегенге кәдімгі тамақ қалдықтары деп ойлап жатады. Нақты қандай қоқыстарды өткізу керек?
Айбек: Қоқыс қалдықтары 8 түр бойынша қабылданады. Олар: макулатура (кағаздар, қатты қағаздар), пластик, электроника, шыны, қауіпті заттар, медициналық заттар, металл және тоқыма өнімдері. Пунктер макулатура мен пластик бойынша өткізілген қоқыстарға ғана тегін билеттер береді. Ал қалған түрлер бойынша сіздің қоқысыңызға ақша беріп, кейін ол қоқыстарды өңдеу – үлкен шығын әкеледі. Өйткені, ол қоқыстарды өңдеуге көп қаражат жұмсалады. Ол пунктерге сіз қалдықтарды тегін өткізесіз. Бірақ қазір біз осы қоқыс түрлері бойынша да қалған пункт иелерімен келісім жүргізіп жатырмыз. Болашақта макулатура мен пластиктен басқа да қоқыстар үшін тегін билеттер алуға болады. Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жарнама жұмыстары қалай жүргізілуде?
Айбек: Жарнама жұмыстарын енді бастағалы жатырмыз. Қазір постер жасаттық. Олар қаламыздағы әрбір университте ілінетін болады. Осылайша, біз студенттерге аталмыш қосымшаны жүктеп, қаламыздың экологиясына бей-жәй қарамауға үндеу тастаймыз.
Бұл жоба тек Алматы қаласында ғана жұмыс жасай ма? Әлде басқа қалаларда да бар ма?
Айбек: «Tazalyk» қосымшасы қазір тек Алматы қаласында ғана жұмыс жасауда. Басқа қалаларда жұмыс істеу үшін сол қаладағы қоқыс қабылдайтын пунктермен келісім жасауымыз керек. Біздің қазіргі мақсатымыз Алматыдағы барлық пунктермен байланыс орнату. Кейін барып, Астана қаласына қарай көшсек деп отырмыз.
Жоба осылай бір бағытта жұмысын жалғастыра ма? Әлде дамытып отырасыздар ма?
Айбек: Үнемі дамытып отырамыз. Ең алғаш осы жобаны бастағанда бізде тек карта ғана болатын. Ал қазір қолданушының жеке профилі бар, рейтинг бар. Рейтингте қолданушылар өткізген қоқыстарының салмағы бойынша жарысқа түсетін. Қазір біз мұны да дамыттық. Енді тек қолданушылар ғана емес, университеттер де өзара бәсекеге түсе алады. Соынмен қатар, қосымшаны қазақ тілінде шығару да жоспарда тұрған нәрсе. Мұның бәрі көп уақыт алатындықтан, дәл қашан мемлекеттік тілде шығатынын дөп басып айта алмаймын.
Бұдан басқа да стартап жобалармен айналысасыздар ма?
Айбек: Оларды енді белгілі бір жетістікке жеткен соң ғана айтамын. Жоспарда тұрған дүниелер өте көп.
Осы жобадан кейін жұмыс ұсынған компаниялар болды ма?
Айбек: Бұл жобаға дейін де, яғни, «nFacterial» инкубаторынан келген соң, көптеген ұсыныстар түсті. Бұл инкубаторға қатысқаным менің жеке портфолиома үлкен плюс болды. «Chocolife», «Колёсо» компаниялары жұмысқа шақырды. Бірақ, қазір жас болғандықтан, өзімді бизнес саласынан көргім келеді. Ал компанияларда 40 жастан асқан соң да жұмыс істеуге болады деп есептеймін.
Осындай жоба жасап шығу 4-курс студенттері үшін қиынға соққан жоқ па?
Айбек: Шынын айтсақ, қазір директордың да, мененджердің де, дизайнердің де, барып кел-шауып кел жұмыстарды да өзіміз атқарып жатырмыз. Алайда, университетімізде «IT Innovation» орталығы бар. Сол жерде Бейбіт Әмірғалиев деген оқытушымыз ақыл-кеңестерін беріп тұрады. Ең алғаш жұмыс істеп бастағанда, компанияны қалай ашу керек, қандай құжаттар тапсыру керек деген сияқты іскерлік жұмыстарымызға сол кісі көп көмек берді.
Бос уақыттарыңызда не істейсіздер? Жалпы, бос уақыттарыңыз бола ма?
Айбек: Командадағы жігіттердің бос уақыттары жоқ деп айтуға болады. Өзіме келсем, менде де бос уақыт бола бермейді. Қазір енді жобамызды күнделікті жаңартып отырамыз, түзетеміз. Сол үшін жексенбі күндері де жұмыс істеймін. Қазір соңғы курс. Сол себепті сабақтарды да жақсы тапсыруымыз керек. Бизнес саласында жүргендіктен, сабақты да ұмытпауымыз шарт. Мен сабаққа да, бизнеске де үлгеруге тырысамын. Менде бос уақыт тек автобуста ғана болады. Оның өзінде кітап оқимын. 15-20 минутымды инстаграмм сияқты керек емес дүниелерге бөлгенше, пайдалы нәрселермен айналысқанды құп көремін.
Әңгімеңізге рахмет!
P.S. Швейцарияда қоқыс тастайтын полигондар мүлдем жоқ. Ол жақта барлық қоқыс қалдықтары қайта өңдеуден өткізіледі. Мысалға, Цюрих қаласында үй қоқыстарының 43%-ы өңдеуге жөнелтіледі. Қоқыстардың бәрі арнайы пакеттерге салынады. Кімде-кім бұл ережелерді бұзса, заң алдында жауап береді.
Еліміздің қоқыстарды қайта өңдеу бойынша көрсеткіші өте төмен. Осы олқылықтың орнын толтырған небәрі 4-курс студенттерінің жобасы демеуші таппағаны көңілге кірбің ұялатады. Бастысы, жастардың еңбегі ескеріліп, ел игілігіне қызмет етуін тоқтатпау. Ал біздің қолдан келері қосымшаны көшіріп алып, арнайы пунктерге қоқыс өткізу. Табиғатымызды аялауды естен шығармайық!
Қосымшаны Сіз де жүктеңіз, қадірменді оқырман!