Көктоғайлық жастардың игі бастамалары

Көктоғайлық   жастардың  игі  бастамалары

«Екі  қолға  бір  күрек – адал  еңбек»  екенін  түсінген  ауыл  жастарының  белсенділігіне  қарап  ел  сүйсінеді. Жоғары  оқу  орнында  оқитыны  бар, әр  салада  еңбек  етіп  жүргендері  бар, кәсіп  түрлерін  ашып, несібесін  көре  бастағандары  бар, Көктоғай  ауылының  жастарының  ұйымшылдығы  мен  бірлігіне  тәнті  боп, «әй, бәрекелді»-деген  ақсақалдардың  әңгімесіне  талай  куә  болдық.

Ауылшаруашылығының  қат-қабат  шаруаларын  қолға  алып, күнделікті  сұранысқа  ие  тұрмыстық  қажеттіліктерге  сай  ісін  жолға  қоя  білген  жастарға  «Даму   қоры да»   несиемен  қолдау  көрсетіп  отырғаны  көңіл  қуантады. Ауыл  жастары  қым-қуыт  шаруалардың  арасында  уақыт  тауып, ауылішілік  мәдени  шараларды  да  батыл  қолға  алып  өткізе  бастады. Әсіресе  Боран  Нысанбаев  орта  мектебінің  2010  жылғы  түлектері Мұханбетов Нариман, Әжіғұлов Әсет секілді жастар бір  кісідей  жұмылып, мағыналы  да  мәнді  шаралардың  бастамашылары  болып  жүр.

Осы  жастардың  ұйымдастыруымен, қасиетті  ораза  айында ораза  тұтқан  ағайындарға  ауыз ашар  ұйымдастырудан  басталған  игілікті  іс, мектеп  оқушылары  мен  қолы  бос  ауыл  жастары  үшін  демалыс  сағаттарын  тәрбиелік  шаралармен  қызғылықты  өткізуге  ұласып  келеді. Жұмаханов  Дастан  ел  ішіне  жаңадан  сіңе  бастаған  заманауи  спорт  түрі  «Муай тайды» ауыл  балаларына  үйретіп, облыстық  ашық  чемпионатта  шәкірттері  Қараман Руслан І орын, Жәнібек Дархан І орынды жеңіп алса, Мергенов Нұрсұлтан, Ғилымғали Айболат ІІ орын, Ғилымғали Жанболат ІІІ орынды  иемденіп, аудан намысын қорғап  қорғап  қайтты. Осы  1993  жылы  туылған  қыз-жігіттердің  ұйымдастыруымен  жуырда Б.Нысанбаев  орта  мектебінің  базасында  қазақ  хандығының  550  жылдығына  орай, «Тарихы  терең, тағдыры  кемел-Мәңгілік  ел!» тақырыбында  үлкен  сайыс  өз  мәресіне  жетті.

Сайыста  11  сынып  оқушыларынан  құралған  «Көшбасшылар  тобы» бас  жүлде, 10  сынып  оқушыларының  «Тағылым  тобы» бірінші  орын, 8 сынып  оқушыларының  «Тарих  тобы» екінші  орын, 9 сынып  оқушыларының  «Еркіндік  тобы» үшінші  орын  иемденді. Шараға  Көктоғай  селолық  округінің  бас  маманы Ш.Ғаббасов, мектеп  директорының  тәрбие  ісі  жөніндегі  орынбасары  Ә.Жұмашева, мұғалімдер С.Габдуллин,   Б.Арзаханова, Ж.Абенов, О.Зұлхарнаевалар  қатынасып, бұрын-соңды  болмаған  ауыл  жастарының  тәрбиелік  шараларының  маңызына  тоқталып, алғыстарын  білдірді.

Шарада  мектеп  түлегі  А.Қайыржанов  қатынасып, өз  өнерімен  көрермен  ықыласына  бөленді. Көркемсөз  оқудан, сайыс  шарттарын  орындаудан  көзге  түскен  Құралай Аманғалиева, Азамат  Махметов, Нариман Темірғалиев, Аружан Аманғалиева  сынды  оқушыларға  бағалы  сыйлықтар  мен  арнайы  мақтау  қағаздарын  ұсынған  шара  ұйымдастырушылары, мектеп  оқушыларымен  елдікті, татулықты, бірлік  пен  сыйластықты  дәріптеген  сырласу  сағатын  ұйымдастырды.

Ауыл  әкімі М.Құсайынов  ауыл  жастарының  игі  бастамаларына  үнемі  қолдау  болатынын  айтып, тәртіп  пен  тәрбие  жұмыстарында  жастардың  бірлескен  шараларын  жиі  ұйымдастыруды  қолға  ала  бастаған ауылдас іні-қарындастарына  алғысын  білдірді. Көктоғайлық  кәсіпкер  жастардың  ұйымдастыруымен  қарттар  күнінде  жыл  сайын  ауыл  ақсақалдары  мен  әжелеріне  дастархан  жазып, құрмет  көрсету  дәстүрі  де  жалғасын  тауып  келе  жатыр. Татулықтары  мен  достықтары  жарасқан  Көктоғай  ауылының  жастарына  өсіп-өркендеу  тілейміз!

Жадыра Нариманқызы



Бөлісу: