Көктен ата бұлағы және Есенаман қалпе кесенесі

Көктен ата бұлағы және Есенаман қалпе кесенесі
жеке
блог

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында Қазақстанның 100 киелі орны жасақталғанын білеміз. Одан өзге де Оңтүстік Қазақстан облысында 103 жергілікті маңызы бар киелі орындар тізбесі нақтыланған. Осы 103 киелі орынның бірі Қазығұрт ауданында орналасқан Көктен ата бұлағы мен Есенаман қалпе кесенесі. Бұл екі нысан орналасуы жағынан бір жерде болғандықтан бірге қарастыруды қош көрдік.

Көктен ата бұлағы

Көктен ата кім болған?

Көктен ата туралы халық аузындағы аңыздар көп. Соның бірінде Көктен ата - Қ.А.Яссауидің замандасы, шәкірті, әулие кісі болған делінсе, енді бір әңгімеде Тұрбат ауылында ХІ-ХІІ ғасырларда ғұмыр кешкен сопылықтың Яссауи тариқатының көрнекті өкілі Ысмайыл атаның замандасы, бауыры, мал баққан әулие болған делінеді. Қай деректі алсақ та сол шамалас: ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүргенін шамалауға болады.

Көктен ата моласыКөктен ата әулие моласы. Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылы

Қазіргі Қазығұрт ауданының Алтынтөбе ауылындағы ортағасырлық көне қала орны Төрткүлтөбе төбесінің маңында биік төбеде орналасқан моланы жергілікті тұрғындар Көктен атаның моласы деп меңзейді. Шырақшысы Рахматулла Мәмбетовтың айтуынша, Көктен ата өз замандастары Ысмайыл ата, Ғайып ата әулиелермен бірге сопылық ілімді ұстаған, мал бағумен айналысқан әулие кісі болыпты. Көп кеселді емдейтін емшілігі де болған екен. Бұл күндері Алтынтөбе ауыл тұрғындары кеселденген жылқылары мен бала-шағасын Көктен ата моласын айналдырып, дұға етіп жатады.
Есенаман қалпе кесенесінің шырақшысы Ерген атаның айтуынша, Түркістан қаласы аумағында тағы бір Көктен ата (Имам Марғозы) кесенесі бар екен. Дегенмен, жергілікті жұрт Көктен атаның моласы Алтынтөбеде дегенді құп көреді.

Шипалы Көктен ата бұлағы

Қазығұрт ауданы, Жігерген ауылындағы Тесіктөбеден жоғарырақ 3-4 шақырым шығысында осылай аталатын шипалы бұлақ көзі бар.

Көктен ата бұлағы

Көктен ата бұлағы. Қазығұрт ауданы, Тесіктөбе ауылының маңы

Бұл бұлақтың көзін Көктен ата әулие ашып, түрлі кеселдерге ем болсын деп дұға етіпті деседі. Көкжөтел, қотыр, алапес секілді тыныс алу және тері ауруларына шипасы мол екен. Бұлақ басында бірнеше ғасырдан бері өсіп тұрған жаңғақ және көктерек ағаштары бар.

Көктен ата бұлағы

Көктен ата бұлағы

Бұлақ суының шипалылығын ескеріп, жеркілікті кәсіпкер Г.Пазылова емдеу-сауықтыру үйін ашқан. Мұнда 5-8 адамға арналған қону үйі, 2 бассейн, киізүй, волейбол алаңшасы, монша, қымыз және тау табиғаты аясында серуен үшін 2 атпен қыдырыстайтын соқпақ қызмет атқарады.

Есенаман қалпе кесенесі

Бұл кесене ХІХ ғасырда Қоқан хандығы тұсында өмір сүрген Есенаман қалпеге арнап салынған. Кесене құрылысы 2015 жылы жүргізілген. Есенаман қалпе өзін бірнеше ғасыр кейін өмір сүргеніне қарамай Көктен атаның шәкірті санаған екен. Ол кісі өз заманында бала оқыту, қазылық ету, емшілік секілді тұрғындарға етене жақын кәсіппен айналысқан. Кесене шырақшысы Ерген ақсақалдың айтуынша, бұл кесене аумағы топырағының өзі шипалы, алыс-жақын жерлерден зияраттаушылар ниет етіп, арнайы алып кететін құсайды.

Есенаман қалпе кесенесі

Есенаман қалпе кесенесіне кіреберістегі тақтатас

Көктен ата бұлағы, емдік-сауықтыру үйі және Есенаман қалпе кесенесі нысандары өте жақын орналасқандықтан және өзара сабақтас болғандықтан, бір-бірінен айырмай бір кешен десе де болады.

Есенаман қалпе кесенесі

 

Мақала Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік бөлімі туризм секторының материалдарымен дайындалған.