Көктемнің де әсері тиді маған...
блог
Адамзат үнемі ертеңнің үмітіне сеніп не ертеңнің қараңғысынан қорқып келеді. Бұл жайлы жазуға менің толық құқым бар. Неге? Себебі мен екеуінің де дәмім татып көрдім.
Айта кететін жайт: оқырмандар, тілімді сүйемін, шексіз сүйемін. Өзімнің қаламыма тән стилім бар, мен тілші, филолог болғаныммен, жазушы емеспін. Сондықтан сізге жат көрінген сөйлем не сөз қолданыстары жайлы дау-дамайға араласпайтынымды бірден айтып өтейін.
20 жасыма дейін мен болашаққа үлкен үмітпен қарайтынмын, бірақ оны күтпейтінмін. Шатастыңыз ба? Түсіндіре кетейін. Болашаққа көп адам тілек білдіреді, дегенмен соның тек жартысы қана сол тілектің орындалуын сабырмен, сеніммен күтеді. Мен бұрын ондай адамның қарама-қайшы түрі едім. Болашақты елестетуге тырысқанда тек қараңғылықты көретінмін. Бұл - мақсатсыздық емес. Нағыз қорқыныш. Бейсананың түбі жоқ қазанында жоғалып кеткен қорқыныш. Бала кезде бір жарқ етіп, тығылып қалған қорқыныш.
Өзімді табу үшін мен үлкен сапарға шығуға бел будым. Ол сапардың билетінде "Өзін-өзі тану" деген қып-қызыл жазу бар. Болды. Сапар қанша уақытқа созылады, маршруты қандай, сапарластарым бола ма сынды сұрақтар әдеттегідей билеттің артқы бетінде де жазылмаған. "Қорықтың ба?" деп сыбырлайды ішкі дауысым. "Хаа, әрине жоқ, жаным. Қане, мархабат, сенен кейін", - деп кішігірім қадамдарыммен басталды әлгі ұлы сапар.
Содан бері қанша жыл өтті, мен әртүрлі психоаналитиктердің еңбектерімен, практикалық жұмыстарымен таныстым. Эксперименттер жүргіздім. Вебинар бастап, қазақ тілінде алғашқы психологиялық вебинарларды түсіріп бастадым.
Бұл сапар, яғни өзімді тануға көмектесіп келе жатқан жол маған болашақтың бейнесін үзіп-үзіп көрсете бастады.
Біз талай рет "мақсат қою керек" дегенді естіп келдік. Алайда мақсат қойған адам үшін де әлгі болашақтың бейнесі қараңғы болуы мүмкін. Ондай жағдайда тереңге бас сұғып, нағыз мақсат пен жүректен шыққан армандарды табуға болады.
Көктем маған жаңа бейне көрсетті. Көктем маған ұлы әсерін тигізді. Наурыздың кешкі салқыны маған өмірдің қаншалықты сұлу, көркем әрі тамаша екенін сезуге көмектесті. Кешке жүгіріп келе жатып, таза ауаны мұқтаждықпен жұтқанда мен тұншыққан жоқпын. Себебі өмірдің сұлулығы мен тәттілігіне тою мүмкін емес. Ол бізді ғұмырымыздың соңына дейін, әр күн сайын кешегіден тәтті деміне толтырады.
Менің сүйікті оқырманым, көктем бұл жолы өзімен бірге өмірге деген құштарлық пен махаббат сияқты ұлы сезімді қапшығына толтырып әкелді. Сезесің бе? Дәл қазір терезені ашып, не сыртқа шығып, көзіңді жұмшы. Терең-терең, асықпай дем ал. Деміңді шығар. Құлағыңмен әлемді естуге тырыс. Естисің бе? Көктем өзімен бірге саған қажет өмірді алып келді. Сен, мен, бәріміз үшін сол баға жетпес сыйды алғыспен, құшағымызға алуымыздың уақыты келді. Неге жоқ? Неге біз бақытты болашақтан күтуіміз керек?
Уақыт келді. Сәт жетті. Бақыт жолын тауып, құшағымызға келді. Оны басқа адам алып келеді деген - жалған. Бақыт бізге біз дайын болған кезімізде ешкімнің көмегінсіз-ақ жетеді.
Бақытты болыңыз, оқырман!