Жаймашуақ күнннің жаныңызды жатыратып тұратыны бар. Күнде көк аспаны көріне бермейтін тұманды қаланың төбесі жылт ете қалса қуана бергеніңіз жөн-ақ. Тамаша күнді тамаша естеліктерге толтыру тек өз қолымызда екенін ескерсек, бүгінгі күнді де бос өткізбеске бекінгенбіз. Әуелі дүкенге барып қайтқан мен қағаз батпырауықтың аздап қымбаттау екенін білдім. Сосын артық ақша жұмсауды жөн деп таппағаным қандай жақсы болған... Кейде қолыңнан аз да болса шеберлік келсе бәрін жасап алуға болады емес пе?! Сонау бала шақта... Желім сатып алуға ақша кемшілдеу болғанда ұнға су қосып-ақ газет- журналдан әп әдемі батпырауық істейтін ек қой. Анамның тігін машинасынан ұзын деген жіптің бірін ұрлап шығып, ұзақ күн көктемнің көгілдір даласын кезіп, желдің бағытына еріп батпырауық ұшыратын ек қой. Әне... сол әдемі сәттерді еске түсірер әдемі күн де жеткендей. Шиі мен тобылғысы қалың өсетін қазақтың даласы болмағасын, жол жағалай жүріп талдың қураған шыбығын зорға тапқам... Өзгесі өзімізде. Сәлден соң бояуы келіспесе де, бабы жоғары батпырауық дайын болған. Ал алаңдағы азынаулақ желдің оны тым биікке алып кетерін ойламаған едік. Ту биіктегі күннің көзіне барып тұрып алғаны... Көз аштырмайтын жарық бізді де әуреге салған. Деседе... Өз қолыңмен істеген азғантай ғана туынды шырқау көкте ұшып жүрсе... Көңілің қалай қуанышқа бөленбесін. Сенің биікте жүргеніңді қалайтын әкең мен анаң сынды. Ал... Сол сәттегі біздің көңіл күйіміз қалай еді? Сол биікке- адамгершілік биігіне, ақыл биігіне, парасат биігіне көтерілгіміз келетін еді... Бізді де бір-бір арман жетелеп,тым алыстарға алып бара жатқан еді... Жолың болсын! Қайран, балалық шақ. Сенің аспаның мұнан да ашық, мұнан да биік еді ғой....