КӨКТЕМГІ ХАТ
блог
Көктем келіп гүлдей жайнап жүрмісің?
Көктем келіп оралды ма жыл құсың?
Көктем келіп сезіндің бе шуақты?
Естідің бе күміс бұлақ күлкісін?
Байқадың ба тізбектелген тырнаны?
Естілді ме тыраулаған нұрлы әні?
Көктем келіп оянды ма табиғат,
Жасыл түске боянды ма қыр маңы?
Байқадың ба дарақтың бүр жарғанын?
Құлпырды ма, гүл ашты ма бауларың?
Қолшатырмен көше кезіп жүрсің бе,
Тамашалап ақ нөсердің жауғанын?
Көктем сәні, мінезі бар ашулы,
Байқадың ба сартылдаған жасынды?..
...Ескен болар жұмсақ, жайлы самал жел,
Әлсін-әлсін сипап өтіп шашыңды?...
Ызғар-суық күн шуаққа ұласып,
Қаһарлы қыс қалған болар жуасып?
Қауыштың ба жадыраған көктеммен,
Табыстың да хал-жағдайды сұрасып?
Байқадың ба қылтиған көк, жуаны?
Тербелді ме көлдің жасыл құрағы?
Сен де маған көктем жайлы жазшы хат,
Әр сөйлемнен сезілсін күн шуағы.