КӨКТЕМ. ЖЫЛБАСЫ. АЛАСАПЫРАН. НАУРЫЗКӨЖЕ.

КӨКТЕМ. ЖЫЛБАСЫ. АЛАСАПЫРАН. НАУРЫЗКӨЖЕ.
жеке
блог

14 НАУРЫЗ – Жаңа мен Ескі жылдың, Қыс пен Көктемнің межесі. Жылбасы. Мүшелдік жылдың кіретін алғашқы күні. Биылғы Жылқы жылы бүгін,14 наурызда кіріп отыр. Сол себепті Наурыз мерекесі қазақы дәстүр бойынша осы күні басталып, бірақ ресми 22 наурыз Күн мен Түн теңелісіне жаңажылдық мәртебе берілгесін, халық бұл күнді түрліше атауға мәжбүр: Амал, Көрісу, Көрісу айты, Қауышу күні т.б. Бұл атаулардың бәрі бұрын-соңды қазақ этнографиясында тірукелмеген, себебі ондай мерекелер болған емес, бұлар – соңғы 20-30 жыл ішіндегі құндылықтың бұрмалану салдары.

Бұл күні астрономиялық тұрғыдан қыс кетіп, көктем келеді: Күн Тоқты шоқжұлдызындағы Амал (Қамал, Хамәле) жұлдызына таяп, онымен «қауышады». Осы сәтті қазақтар жаңажылдық қауышу сәлемімен паш етуді ғұрып еткен. Жер бетінен тыс ғаламдық деңгейдегі бұл құбылысты қазақ «ұлы іс» атаған, содан барып «ұлы істің ұлы күні» тіркесі туындаған. Наурызға ұлыстың да, облыстың да, аймақтың да қатысы жоқ. Қазақ ұғымында Наурыз – бір ұлыстық не  ұлттық емес, тіпті адамзаттық емес, ғаламдық деңгейдегі жаратқандық іс.

Бұл күні қысқы тоң кетіп, жер беті жібиді, қар еру басталады, наурыздың ақша қары жауып, қар аралас жаңбыр себелейді. Бұл кезді «аласапыран» атайды. Түрлі нәрсенің,дүниенің мыйдай араласуы дегенді білдіреді.


Қазақтар Табиғаттың бұл «дәстүрін» де өздеріне сіңіріп 7 дәмді қосып, наурызкөже асып, бір бірін аралайды. Бұл - дәмдік аласапыран. Наурызкөже – ежелгі жоралғылық (ритуалдық) ас болуы керек. Яғни табиғи дүлейлердің күшін өз мақсаттарына бұрудың бір амалы болған: бұл ас арқылы адамдар араласып, ниеттерін тазартып, көңілдерін жақсартып, жағымды қуатпен берекелі игілікті тілеу, тарту әрекеті. Тәжіктер мұны түркіше «қазантолы» атайды.

С.Ерғали, этнограф.