Көктем ғой!

Көктем ғой!
жеке
блог

Көктем ғой

 

Көктем ғой! Мынау келген көктем досым,

Күн нұрын төге салар көктен тосын.

Бәйшешек бұр жарады бұлқынып кеп,

Самалы жалай өтіп өпкен басын.

Көктем ғой! Мынау келген көктем досым!

 

Құдай-ау!Атқан қандай таңы да алғаш,

Табиғат өзі дел-сал жаны да мас.

Қар аппақ болсадағы қандай суық,

Көктемнің көңіліндей жадырамас.

 

Көктем ғой! Көктем досым мен ғой көктем,

Жаны аяз тіршілікке келмей кеткен.

Туған жер жырып келем жылғаңды мен,

Серпіліп сағыныштан селдей жеткен.

 

Сағындым! Бұлақ тұнған жалбыз дәмін,

Жүрегім қурамайтын жалғыз бағым.

Көктемім, дүние лас сел болып кеп,

Ағызшы! Бір тазартшы ағыз бәрін!

 

Көктем ғой! Келген қалқам сыйын алып,

Бас ұрып сұлулыққа сыйыналық!

Көктемнің ақ нөсері құйшы  қане,

Жұтайын ал ұртыма құйып алып!

 

01.03.2014ж

Алматы ҚазҰУ 17 жатақхана.

Марғұлан Ақан