Көкшетаулық ақындар сөз сынасты
блог
Ағымдағы жылы қазан айының 30 жұлдызында «Жас Отан» ЖҚ Ақмола облыстық филиалы 16-29 жас аралығындағы өлең жазатын әдеби тұлғалар ізін жалғастырушы, дарынды жас ақындар арасында қалалық «Жас ақын – 2014» байқауын алғаш рет өткізді.
Аталмыш байқауға қаламыздың ең дарынды, қалам мен қағазды серік еткен 10 жас ақындар қатысты. Байқау үш кезеңнен тұрды: бірінші кезең өзін-өзі таныстыру болса, екінші айналым шығармашылығынан өлең оқуды қажет етті. Ақтық шешуші кезеңде «Қазақ хандығының 550-жылдық» тақырыбына ой өрбіту тапсырмасы болды.
«Жас ақын-2014» байқауында«Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Мейрамбек Қиықов, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының режиссеры - Еркін Тасболатов және бүгінгі таңда шыңдалып келе жатқан жас ақындарының бірі – Догдархан Гүлдана қазылық етті.
Үш кезең қортындысы бойынша үшінші орынды Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледждің 4-курс студенті – Нұрғайып Хапсемет иеленсе, екінші орынды Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 2-курс студенті – Мұхаммед Қоңқаев қанағат етті. Байқау жеңімпазы атағын Ақмола облысының ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ қызметшісі – Нұргүл Нұрбайқызы қанжығасына байлады.
«Жас Отан» ЖҚ Ақмола облыстық филиалының БАҚ жұмыс бөлімінің жетекшісі Тілегенова Айкүміс өз ойымен бөлісті: «Иә, шынымен байқау өте тартысты, әрі қызықты өтті. Алдағы уақытта , біз осы іс-шараны осыдан да жоғары дайындықпен, облыс тіптен республика деңгейінде өткізсек деген ойдамыз».