Көкше өңірінің жастары «Жастар Кадрлық Резерві» жобасының қатысушысымен кездесті

Жуырда «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» ЖҚ Көкшетау қалалық филиалының белсенділері «Жастар Кадрлық Резерві» жобасының 6 кезең қатысушысы Еркебұлан Кенжеболатовпен кездесті.

- Сәлеметсіз бе, бүгінгі күні сізді біздің ортамызда көргенімізге өте қуаныштымыз. Қысқаша өзіңіз жайлы айта кетсеңіз.

- Сәлеметсіңдер ме, қаламыздың ең белсенді жастары! Өзім жайлы қысқаша айта кететін болсам, мен 1984 жылы 24 желтоқсанда осы Ақмола облысы, Көкшетау қаласында дүниеге келдім. Жас кезімнен өте зерек, білімге деген құштарым мол болды. Біраз жетістіктерге де жете білдім. Мысалға, 2003-2005 жылдары дебат ойындарында бірнеше мәрте марапатталып, 2003 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінда үшінші дәрежелі дипломмен марапатталдым.

- Естуімізше, сіз шет елде білім алыпсыз?

 - Иә, бүгінгі таңда қазақ, орыс тілдерімен қатар ағылшын тілінің де алар орны өте жоғары. Заман талабы бойынша ағылшын тілін әрбір адам жетік меңгере білуі қажет деп білемін. Өз елімізде жүріп мамандардан дәріс алсам да, өзіме жеткіліксіз болып көрінді.Сондықтан шет елге, яғни Лондон қаласына барып білім алуды ұйғардым. Шынымен бұл маған өте үлкен көмек болды. Күнделікті өмірдегі ағылшынша қарым-қатынас менің тілімнің толық жетіліп, дамуына септігін тигізді.Қазіргі кезде мен үш тілде де емін-еркін қарым қатынас жасай аламын.

- «Жастар Кадрлық резерві» жобасы аясында жүргеніңіздегі сәттермен бөліссеңіз.

- «Жастар Кадрлық резерві» аясындағы алтыншы жобасының қатысушысымын. Бұл жоба аясында мен өзіме мол тәжірибе жинай білдім. Әрбір кездесу сайын дәрежелі аға-апаларымызбен араласып, психологиялық тұрғыдан қысылмай сөз сөйлеуге, басқа адамдармен қарым-қатынас жасай білуді үйрендім.

- Сіз көздеген мақсаттарыңызға жеттіңіз бе?

- Иә,әрине! Армандаған, алға қойған мақсаттарыма жеттім, әрі әлі де жетудемін. Ең алғашқы арманым - қалаған жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алып, еліме адал қызмет ету болса, екінші арманым – шет елде білім алу болатын. Адам баласы көздеген мақсатына жеткен сайын одан да жоғарыға жетуді көздейді екен.

- «Жас Отанның» белсенділеріне тілегіңіз, айтар лебіздеріңіз болса?

- Шынымды айтсам, бүгін сендермен кездескеніме өте қуаныштымын! Басқа қалада жүрсем де, әрдайым әлеуметтік желілерден барлық ақпараттарды біліп, оқып отырамын. «Нұр Отанның» Жастар қанаты Елбасымыздың қалауымен, қолдауымен жүріп жатыр. Сіздер барлық мұқтаж жандарға аянбастан, қолдан келгенше көмектесесіздер. Өз жерімнің осындай жетістіктерін оқып, біліп отырып өте қатты қуанамын. Келешекте, жетер жетістіктер мен асар асуларыңыз биік болсын! Ертеңгі күні де сіздермен мақтанатынымызға кәміл сенемін!



Бөлісу: