КӨКПАР мен НАУРЫЗ
блог
Көкпартану ғылыми сала ретінде қалыптасты деуге ерте. Тіпті, «көкпар» сөзінің этимологиясы да қисынсыз, ауызекі жорамал деңгейінде ғана. Көкпар турасындағы бұл жолғы пайымымызды Наурызға қатыстырып келтіре кетуді жөн көрдік.
Негмати, «Праздник Навруз»: «Самыми увлекательными любимыми развлечениями публики повсюду в Средней Азии являлись популярные состязания-козлодрание («бузкаши») и борьба – «гуштингри», которые демонстрировали силу, ловкость и сообразительность участников и всегда привлекали внимание зрителей...». Тәжікше «бозкаши» сөз тіркесі көкпар ойынының сыйпатын аша түсетін жаңа дерек. Бұл сөз қалай болғанда да парсы тіліне жат, айтылуы да, мағынасы да түркіше: боз+кашы. «Бозкаши» қазақтың мал құрбаны «боз қасқаны» (Ақсарбас) еске салады және ол бекер емес. «Бозкаши» сөзі «боз қас» түріне келтірсек, ежелгі жоралғылар тұрпатына ой жүгіртуге негіз болады.
Жалпы құрбандық ежелгі ай мен күнге табыну кезіндегі наным актысы десек қате болмас. Мәселен, ай мүйізді ақсеркені болмаса боз қасқа малды құрбандыққа шалу - Күнге табынушылардың «Айды құрбан ету» актысының көрінісі деуге болады. Өйткені, ежелгі халықтар мүйізді малды – ешкі мен сиырды Айдың нышаны ретінде қабылдағандығы турасында тезистер қалыптасып отыр. Сөйтіп, Айды Күнге жығып берудің бір ісі – соның сәйкес нышаны болар малды құрбан ету болған. «Бозқасқа» мәселесіне келсек: боз – күн сәулесінің оңып, батуға айналған, іңірге қараған уақытты меңзейтін түс, яғни уақыттың Түнге қараған шағы. Ал Түннің қасқасы (қасы,қабағы) – Ай екені мәлім. Сөйтіп, маңдайы қасқа,түсі боз малды құрбандыққа шалу Айды Күнге жеңдіру ретінде дәстүрге енген. Сайып келгенде, көкпарға сойылатын мал обаста Күнге табынушылардың құрбандығы болып шығады. Бір назар аударарлығы сол – көкпарға ісек не қошқар (қой) емес, міндетті түрде серке (мүйізді еркек ешкі) шалынады.
«Көкпар» сөзінің этимологиясына келсек, оның негізінен екі нұсқасы бар, біреуі – «көкпар» сөзінің «көк бөрі» тіркесінен шыққандығы?... Алайда, түркілер кие тұтатын бөріні құрбан етіп, көкпарға тартса не болғаны?! Бұл - ешбір тарихи-рухани мәнсіз,қисынсыз жорамал. Екінші нұсқа бойынша: көкпар – «көк бөрте» (лақ) сөзінен шыққан. Олай болса, ол сол күйінде «көкбөрте» болып неге өзгермей қалмады? Үндестік жағынан қарағанда «көкпар» дегеннен «көкбөрте» немесе «көкбөрі» күйінде өзгермей қалу мүмкіндігі зор еді... Мәселе «көкпар» сөзінің бөріге де, бөртеге де қатысының жоқтығында! Сонымен мәселе «пар» сөзінде...
«Пар» сөзі жалпыадамзаттық аса ежелгі сөздердің бірі және ол көп тілдерге жайылғанымен негізгі семантикасын жоймаған: пар – бөлік.
Көз жеткізу үшін бұл сөзге қатысты біршама сөздерге тоқталсақ:
пар – екі бөліктен тұратын жұп;
пара – түрікше ақша, «кесек», «бөлік» деген мағынада;
пара – бiр нәрсенiң бөлшегi, бөлiгi, саласы,үлесі, «Бұл жұрттың сөз тыңдамас бiрпарасы» (Абай);;
пара-пара – быт-шыт, күл-талқан, дал-дал: бірнеше бөлшекке бөліну,
пар+тия – тауардың не әлеуметтік топтың бір бөлігі;
парша – жіктелгіш,бөлінгіш мата;
паршалау – осу,бөлу,үлестеу.
«Көкпар» сөзінің ежелгі екенін ескерсек, мұндағы «пар» буыны бұл жерде «үлес», «сыбаға» мағынасында қолданылған. Дәлірек үңілсек, «көк пар» тіркесі: «Көктің үлесі» мағынасында. Демек, көкпар тарту - бастапқы мазмұны бойынша Көктің үлесіне, несібесіне таласу болып табылады.
Көкпар ойынының әуелгі қазақы нұсқасы бойынша екі тараптың таласы емес, қанша ауыл ойыншылары қатысса сонша тараптың тартысы болған. Алайда, ол сансыз тарап болуы неғайбыл. Шамасы, Наурыз кезінде жылға таласқан он екі мүшелдің тартысы көрініс тапқан болуы керек. Сөйтіп, он екі тарап қатысқан көкпар тартыс Көктің үлесін, сыбағасын он екі ауылға (руға,тайпаға) таласуға ұласқан. Сайып келгенде көкпар ойыны да Наурыздың қатысынсыз пайда болуы екіталай.