Көк зеңгір бейбіт күннің аспанында жетілген жарық жұлдыздардың бірімін...(БАЙҚАУҒА)

Көк зеңгір бейбіт күннің аспанында жетілген жарық жұлдыздардың бірімін...(БАЙҚАУҒА)
жеке
блог
Сәлеметсіздер ме,қадірлеуге лайықты оқырмандар!
Массагетке алғашқы блогтарымның бірін жариялап отырмын.
"Мақсатыма массагетпен бірге жетемін" атты үрдіске айналған керемет байқаудың биылғы қатысушыларының бірімін.
Аты-жөнім - Сисенбай Арай.Есімім қысқа болғандықтан да болар, кейде еркелетіп "Ай" дегені болмаса, маған жабысып алған лақап аттарым жоқ.
 
Екі мың үшінші жылдың тоғызыншы мамырында сағат тілі тоғызды көрсеткен сәтте өмірге келіппін.Үлкендердің айтуы бойынша жыламайтын, тынымды бала болған екенмін.Бірақ, ұлдардан да тентек әрі төбелесқұмар болыппын.
 
Әрдайым белсенді, көңілді әрі қайсар болуға бар күшімді жұмсаймын.Жүзімнен запыран реңді жасырып, өзгелерге қуаныш сыйлауды қағида санаймын.
 
Армандары тым көп жандардың қатарынанмын, ең үлкен арманым - өзге жұртқа үлгі бола алатындай ғұмыр кешу.Ал өзім британиялық жазушы Дж.К.Роулинг пен әлемге ұлы былғары қолғап шебері Мұхаммед Әлидің өмір жолынан үлгі аламын.
 
 Кино саласында еңбек етуді де арман етемін.Өз қиялымнан туған оқиғаларды болашақтағы киноларға сценарий етіп жазуды армандаймын әрі режиссёрлікті де ұнатамын.Өзге құрбыларым фильмді не ұнады, не ұнамады десе,мен сапасын, актёрлік шеберлікті, сюжеті мен режиссёрдің жұмысына баса назар аударып, қолымнан келгенше сараптаймын.
Бос уақытымда сүйіп жасайтын істерімнің қатарында кітап оқу алдыңғы орында.Жаныма жақын жазушыларым - Шыңғыс Айтматов пен Ғабит Мүсірепов.
Сонымен қоса, дзюдо спортын серік етіп,жаттығамын. Қазірде жаттықтырушым әкемдей, татами мен кимоно жақын досымдай ыстық көрінеді.
 
Өмірлік ұстанымым:
"Қандай көлденең қиындық болса да мойымау, өзіңе сену!"
 Әрине, тағдырдың жазғаны болады, оған ешкім шек келтірмейді. Бірақ тағдыр тасы қалануына өзімнің себепші екенімді есте ұстаймын. Бастысы, арманым орындалатынына шын жүректен сенемін!Мейлі, орындалмайтындай көрінсе де, жақсылықтан күдер үзбеуді жөн санаймын!Өмірдің өзі осынысымен қызық,осынысымен-ақ мәнді емес пе?!