Жадыраған жазды мазмұнды өткізу үшін алдыма бірнеше мақсат қойған едім. Солардың ең бастысы, тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның жаңа тарихын жырлап жүрген ақындардың өлеңдерін оқып, оларға өзімше талдау жасауға ниет еттім. Енді, жоспар бойынша ақын Марғұлан Ақанның "Көк тоғайдан көшкен бұлт" атты жыр жинағына қол жеткізіп, оның тереңіне үңіле бастадым. Ақынның жан дүниесінен шыққан маржан жырларын оқи отырып, өмір, қоғам, туған жерге деген сағыныш, отбасы, махаббат сынды тақырыптарды өлең сөзбен жүрекке қонымды, ақылға сыйымды етіп оқырманына жеткізе білген шеберлігіне тәнті болдым. Әрі, ақынның әр өлеңі рухымды асқақтатып, шабытымды еселей түскенін жасырмаймын. Марғұлан Ақанның өлеңге деген тазалығын, адалдығы мен пәктігін көріп, оның жыр жазудағы ерекше талантын мойындай түстім. Соның ішінде, менің жүрегімнің қытығына тиген оның "Табиғатта тілі қазақтың болыс аңғары" атты өлеңін айрықша атап өтуге болады. Ақын бұл өлеңде қазақ ырымдарын табиғатпен ұштастырып, мөлдіреп тұрған жырмен жеткізгені менің ықыласымды аударса керек.
Қазақтың, шіркін, табаны жерді баспайды,
Көрпеғып гүлді, жастық қып бұлтты жастайды.
Табиғат сынды анасын нағыз қорғаушы,
Қазақтың елі күнә деп аққу атпайды.
Мысалы, мұндағы енесінен төлін алып соймауды, көк шөпті жұлмауды, аққуды атпау сынды өмір сабақтары, "Поез-Ғұмыр" өленінде
Тіркес -тірекес қабат үйлер секілді,
Бара жатыр жүрдек поез қанаттап.
Паравозы топ бастаған кекілді,
Тұғыры жоқ отыратын қонақтап.
Сен қарама бұл поезді темір деп,
Тұратұғын түрлі-түсті қаңқадан.
Баға бергін оған үлкен өмір деп,
Келіп-түсіп жататұғын қанша адам, - деп темір арбаның жүрегі бар, тіршілік иесі етіп суреттеген, "Айбының асқақтасын Қазақ елі" атты өленіңде
Көтеріп кеше ғана көк байрағын,
Сүзгімен тартып ішіп ақ қаймағын.
Бодандық құрсауынан босап шығып,
Көсіліп өз жеріңде ат байладың.
Тайпа алып тең тұяғы жорғалардың,
Арқалы туып-өсті ардаларың.
Ауылдың алты ауызын шырқап жатыр,
Құлшылық, тағзым етіп Аллаға мың, - қазақ туын асқақтата көтеріп, әлемге танытқан қазіргі батырларымызды дәріптеуі ерекше назар аудартады.
Осыдан Марғұлан Ақанның ұлттық тәрбие мен ұлттық намысты қолдан бермей, оның нағыз рухты, жүректі азамат екенін өлеңдерінен-ақ көз жеткізуге болады. Тағдырын өлеңмен өрген ақын ғұмырын кез келген адам түсіне бермейтіні анық. Олай болса, ақын Марғұлан Ақанның сыршыл өлеңдерін оқи жүрейік!