Көк бөрі
блог
Көк бөрі
Болмысы менен бітімі өзгеден бөлек,
Бабалар кеткен қазақты бөріге теңеп.
Бір бірін сатып кетпейтін бағзы заманнан
Бөрідей біздің басымыз бірігу керек.
Бөрідей азат күндерді бағына балап,
Қазақтың бәрін бауыр деп, бөлмей бір санап.
Би, шешен өлмес артынан сөзін қалдырса
Батырлар қылды ұрпаққа жерін аманат.
Көк бөрі дейміз арғымыз киесі асқан,
Бұл жайлы талай жазылған, жазылар дастан.
Көгілдір аспан бейнесін баламаласам -
Құшағына тең қазақтың айқара ашқан.
Біз - ұрпақ білмей жүрмейік өткенді мүлдем,
Қиындай түсер келешек кешегі күннен.
Аңызға келсек, қазақтың арғы бабасын
Көк бөрі салып бауырына асырай білген.
Бар сырын ұқсақ бөрінің көзқарасынан,
Қол үзбес олар ешқашан өз баласынан.
Қазаққа осы мінезі керек-ау деймін
Еш перзент шетке кетпесін өз даласынан.
Ұрпағы ұлттың мерейін өрлеткей бүгін,
Шуағын беріп оларға тұр көктен Күнім.
Өжеттік, батыл, қайтпайтын мінезі менен
Еліме берсін бөрінің бірбеткейлігін.
Дүние, мал да, мол дәулет бізден де қалар,
Тұрғанда қолдап рухымен бөрі бабалар.
Жүректі тербеп жазылған өлең-жырларды
Қалдырып кейін кетейік, шын азық болар.