Қоғамнан қалай әділдік іздедім?
блог
Кейде сенің көзіңше қоқыс тастайтын адамдар болады. Ешкім көрмесе «ұсталмаса ұры емес» заңдылығымен заң бұзушылық қарекеттер жасалады. Өзімде де бар. Шынымды айтайыншы. Десек те, мына қоғамды түзеуге керемет бір жүйе-система болса қос қолдап қолдай кететінім тағы бар. Иә, әркім өзінен бастауы керек қой. Бірақ бұл сөзді қай-қайсымыз да естиміз, бірақ арты әлгіндей, жоғарыда айтқандай әрекетке апарып соқтырады. Енді қайту керек?
«Өзі жаман – тек жаманды көреді». Бұл сөз "вконтактеде" жазылатын көп аффоризмнің біріне ұқсап тұр. Бірақ бұл сөзді алғаш болып кім айтқанын білмеймін, бірақ тәжірибеден шыққан нағыз шындық па деймін. Себебі сынау абырой әпермейтін іс деп біліп келдік қой. Әлеуметтік желілерде отырып, әлдекімді я әлденені сөксең, тіпті әділ сынасаң – жұрт көзінде басқа-басқа емес – СЕН кінәлісің. Солай болып қалады да. Сын деген өте бір нәзік дүние екенін ойлап-ойлап, тұңғиыққа батып та кетіп жүрмін. Сенбейсіз бе? Онда, міне дәлел...
Ресейде қоғамды түзеуге талаптанып, әділдік іздейтін ұйымдар көп. Қайсыбірін айтсаңыз да оң я теріс пікір бар. Мәселен, «Стоп Хам» федералды ұйымы бар. Олар қаладағы көлік жүргізушілерін көлігін заңды, белгіленген жерге қоюын талап етеді. Қарапайым жүйе: көлік заңсыз жерде тұрып, оның кесірінен кептеліс пайда болса, олар барып, жүргізушіге барынша мәдениетті түрде көлігін басқа жаққа қоюын сұрайды. Келіскендер туралы әңгіме бөлек, олары кетеді де қалады. Ал келіспегендер нағыз у-шуды шығарып, арты қайырсыз тірліктерге барады.
Бәрі жақсы сияқты ғой, бірақ бұл ұйымның басшысы Дмитрий Чугунов есімді жігіт біреулердің ыстық ықыласына бөленсе, ал келесілердің «ата жауына» айналып кетті. Ол туралы көп әңгіме-өсектер де бар. Мәселен, солардың ішінде біреуі Дмитрийді шантаж (бопсалайды) жасайды дейді. Ол түсірген видеолардың ішінен өзінің келбетін youtube.com-нан көргісі келмеген дөкейлер оған ақша беріп құтылады-мыс. Бұл оның осындай – бизнес жолы екен. Бірақ, кім біледі? |
Тағы бір мысал бар. Бүлдіршідерді зорлайтын адамдарды құрықтайтын топтың аты оның басшысының атымен аталады – Тесак. Тесактың шын есімі – Максим Марцинкевич.
Ол әсілі педофилдармен интернет арқылы сөйлеседі. Әрине, кішкентай баланың атынан аккаунт ашады. Арнайы жерге шақырып алып, ұстаған соң оны ұрып-соғып, ел алдында масқаралайды да (зәр шашады), сол түсірілген видеоны youtube.com-ға салады. Бұл масқараны көруге кеңес бермес едім. Міне, қоғамға әділдік орнатқысы келген адамның да артынан өсек ерді. Ол енді нағыз ұлтшыл болып шықты. Екі рет ұлттар арасына іріткі салушы ретінде түрмеге де тоғытылды. Скинхед те аталды. Кім біледі? |
Үшінші бір мысал бар. «Лиса рулит» жобасы автокөлікке қызығатындарға арналған түрлі кеңестер. Оны Елена Лисовская есімді орыс қызы жүргізеді.
Оның басты мақсаты әрқандай көліктерге талдау жасау, бұзылған автокөліктермен айналысатын алып-сатарлардың ісін әшкерелеп, қарашаның қамын ойлау. Толған видеолары да бар. Сенбесеңіздер көріңіздер. Мұның несі дау дейсіз ғой. Иә, дау жоғарыдағы екеудікіндей емес. Бірақ қалыспайды да, бұлай дейтін себебім, ол – елге жақсылық жасаған болып, қандай да бір автокөлік маркасын жарнамалау ісімен айналысады. Яғни, оған да сенуге болмайды деген сөз шыға келеді. "Өтірікші", "жарнамашы" деп те атайды біреулер. Ал ол болса қарапайым халықтың көлік сатып алуда алданып қалмасы үшін еңбектенген еді. Бірақ кім біледі? Міне, қоғамды түзеткісі келгендер, әділдік іздегендер туралы жаман сөз айтылып та жатыр. Айтылады да. Не ұқтық? Ұққанымыз – "елдің алдында да болма, артында да болма". Болды. |
Енді өз мысалымды айтайын. Менікі ондай ұйым емес, аты шыққан бірдеңе де емес. Тіпті осындай бір мақалаға да тұрмайтын бір эксперимент. Менің жеке симпатияларым бар, сол сияқты антипатияларым баршылық. Тіпті, көп пе қалай..? Сол ұнатпайтын адамдарым туралы ойландым. Ойымды қайда жазарымды білмей дал болдым. Бірақ ешкімді сынап, атын атап, түсін түстегім келмеді. Иә, қорықтым, иә даудан аулақ болғым келді. Сөйттім де, антипатияны симпатияға аударып жібердім. Былай – «Көргім келмейтін жүздер, оқығым келмейтін хаттар бар» деудің орнына «Көргім келетін жүздер, оқығым келетін хаттар бар» дей салдым. Менің ой-ауаныма ешкім араласып жатқан да жоқ. Өзіммен өзім әйтеуір бір зерттеу жүргіздім. Күлкілі тіпті. 16 адам «like» басты. Басылған лайктар азық емес қой, бірақ мен өзі шынымен де ойымды жазсам, сол лайк басқан "16" мені «түтіп жейтін» еді. («Түтіп жеу» – «қарсы пікір жазатын еді» деп түсінілсін). Міне...
Түсінгенім, ешкімді түзеуге құқың жоқ, ешкімді бүлдіруге де құқың шамалы. Өз құзырың (компетенцияң) жоқ болса, елге ақыл, дидактика, тәртіп туралы әңгіме айтып жарытпайсың. Солай...
(Отырып жаза салдым. Қателік болса кешірім сұрамаймын. Өзім түзеймін)