«Қоғаммен байланыс» - мамандықтың маңыздысы

 

        Бүгінде билік жүйесі жаңа ғылыми технологияны пайдаланып, ғаламтор желісі, элекртонды қызмет түрлері  сияқты адам санасы тудырған жетістіктермен  жүзеге асырылуда. Жаһандану заманында халық пен билікті бір-бірімен байланыста ұстау үшін екі жақтық көзқараспен санасатын мамандар қажет. Мемлекет пен қарапайым жұртшылық арасындағы дәнекерші «Қоғаммен байланыс»  саласы. «Кімде ақпарат болса сол әлемді билейді» демекші, ақпараттық қоғамда өмір сүріп отырған кез келген мемлекет -  ақпараттық мамандықтар дайындайтын салаға аса үлкен мән беруі керек. «Экономика мен бизнес, саясаттағы оң бағыттағы шешімдердің қабылдануы қоғаммен байланысқа тікелей байланысты», деген Ресейдің «Советник» журналының Қазақстандағы өкілі Владимир Павленконың сөзінен PR мамандығының қаншалықты қоғамға қажет екендігін түсінуге болады.

     Қазақстанда PR мамандарды дайындау бес жыл үзбей оқытылып, 2007 жылы жабылып қалған болатын. Экономика ғылымдарының кандидаты Бекболат Жетпісбайұлының мәліметіне сүйенсек, елімізде соңғы 15 жылда PR  саласы қарқынды дами бастады. Бүгінде  жұртшылыққа қызмет етіп жүрген мамандар саны бес мыңнан асады. Қазірде  аталмыш сала мамандарын дайындауда   әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Халықаралық бизнес университеті (UIB) аянбай еңбек етіп келеді.

        Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2009 жылы PR мамандарының, қауымдастығы өкілдерінің, журналистика факультеті БАҚ менеджменті жарнамасы кафедрасы ұстаздарының  күшімен  қоғаммен байланыс мамандығы қайта қалпына келтірілді. Осыған орай қара шаңырақ 2010 жылы  еліміздің түкпір-түкпірінен келген  түлектерді  PR мамандығы бойынша қабылдай бастады. Ал бұл мамандық бүгінде еліміздің экономикалық өркендеуіне өте қажет қызмет түрі болып отыр.

         Журналистика факультетінде білім алатын студенттер де «қоғаммен байланыс» пәнінен шет қалмай келеді. PR мен журналистика мамандықтарына ортақ нәрсе көп, мәселен оқуды тәмәмдаған жастар мемлекеттік мекемелерде, әралуан меншік түріндегі кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдарда баспасөз хатшысы, жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесші болып жұмыс істей алады. Журналистер үшін  екінші курстан бастап PR  пәні таңдау сабағы ретінде жүргізілсе, үшінші курсқа толықтай жалпы пән болып оқытылуда. Бұл дәрісті PR мамандығының қыр-сырына қанық ұлағатты ұстаз - Иманалиев Жалғас Оспанәліұлы оқиды. Ең алғашқы күннен-ақ мұғалім тоқсан студентке толы аудиторияны баурап алды. Болашақ журналист  жастармен бірден тіл табысып, өзін ұстаз ретінде сыйлата білу үшін  шешендік өнері мен ұстаздық қабілетін көрсете білді. 

         Аталмыш пәннен алған білім көл көсір.  Есте қалатын тапсырма, әрі Қазақстандағы шағын бизнесті дамыту бағдарламасына сәйкес жасаған  кішігірім бизнес жобалар. Жұмысты   жасау арқылы тәлімгерлер өздерін шынайы пиаршы маман сезінгені олардың жобаны керемет құлшыныспен орындауынан көрініс тапты.   Іскерлік жоспардың ерекшелігі  тек қазақтың ұлттық ойындарын, тағамдарын, қолөнерін насихаттап, мәдениетімізді жаңғыртуда. Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрді жастардың көзқарасымен ұмытылмастай ете білу, олардың өз қазынамыздың қаншалықты құнды екендігін түсінуіне жол ашты. Мәселен, бұл жобаны жасау үшін кез келген  студент жан-жақты ойланып,  бір-бірін қайталамау үшін тың дүниелерді іздеді. Студент ізденуші десек, оны бағыттап отыратын ұстаз екенін естен шығармау керек.



Бөлісу: