Қоғамдағы түйіткілді мәселе

Қоғамдағы түйіткілді мәселе
жеке
блог

 

 

        Кітап – өткеннің рухы, келешектің кілті, жақсы мен жаманның парқы.

        Кітап оқу – ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің белгісі, адамзат дәуірлерінің абзалдықты арқалаған алтын көпірі. Қанша жерден қоғамды ақпараттандырып, электронды жүйеге көштік дегенімізбен, тіпті соны мақтаныш тұтсақ-тағы, ақыл-ойдың негізі кітап болып қала беретіні сөзсіз. Алайда, бүгінгі біздің қоғамның басты түйіткілді мәселесіне айналып отырған жағдаяттардың бірі –  кітап оқымайтын өскелең ұрпақтың өсіп келе жатқандығы болып отыр.

        Қазіргі нарық заманында адамдар рухани қажеттіліктен гөрі, қаржылай сұранысын өтеу үшін материалдық дүниеге көптеп көңіл бөліп жүр. Өйткені, бүгінде талап та, талғам да басқа. Есесіне кітап оқу үрдісі кенжелеп қалды. Осы тұста адамдар бұрынғыдай кітап оқу дағдысынан айырылып бара жатқанын байқаймыз. Қоғамда кітаптың оқылу деңгейінің төмендігі, біріншіден, үйдегі тәрбиенің аздығынан, ұлттық құндылыққа бет бұруға деген ынтаның жоқтығынан. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, еліміздегі кітаптардың қолжетімді болуы мәселесі. Сонымен қатар, күнкөріс қамымен қолдары тимей, рухани азық іздеуге мұршасы да болмай жатады. Бұл орын алып жатқан құбылыстардың да жастарды рухани жұтаңдыққа ұшыратары белгілі. Заман принципі бойынша кез келген адам ақыл иесі ретінде өмір сүруге және оған қоса өзінің білімін жетілдіріп отыруға міндетті. Сондықтан оқу, іздену, талаптану қасиеттері әр адам үшін қажет. Бір жағынан, кітап оқытудың мәні тек «білсін» деген тілекпен астасып жатпайды. Оның ар жағында ұлттық рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қаптаған проблемалар тұр. Жалпы, біз жасөспірім баладан, қарияға дейінгі аралықта оқуды, әдебиетті оқуды насихаттауымыз – ұлт жанашырларын дайындау деп түсінуіміз қажет. Себебі, мәдениет тарихында адамзат ұрпағының, әр халықтың алатын орны оқыған кітабымен және оқырманның талғамымен айқындалады. Қалай болғанда да, өзін интеллектуалдық тұрғыдан тәрбиелей білгісі келген адамның кітап оқуы шарт.

        "Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте", -деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлттық талғамы мен сана сезім жоқ  адамда отаншылдық рух та болмайды. Сол сияқты, өркениетті мемлекет болу үшін жеке пенделерді ғана байытып отырған материалдық байлық емес, ол мемлекет адамдарының рухани байлығы керек. Кітап – сол рухани байлықтың негізгі бөлімі.

        Талғам өзгергенімен – талап жалғыз. Ол –  қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру. Себебі тәлім мен тәрбие мәселесі – қоғамның келешегі.