Қоғамда қазақ тілінің қолданысы қай деңгейде?

Қоғамда қазақ тілінің қолданысы қай деңгейде?
жеке
блог

«Орындалды!» деген белгі үшін талай сабақтардан талай тапсырмаларды орындап жүрміз. Кейде шартты түрде жасалса, кейде жап-жақсы дүниелер шығып жатады. Сондай бір жақсы дүниелердің бірі – қазақ тілінің ауызекі сөйлеу тіліндегі көрінісін анықтау мақсатында алынған сауалнама. Қорытынды көңлімізден шыққандықтан, көпшілікке жариялауды жөн көрдік.

Сауаланаманың негізгі бес сұрағынан бөлек, респонденттердің қоғамдағы қызметі мен мамандығы да есепке алынды. Сауалнамаға қатысушылардың 55 %-ы студенттер болса, қалған 45 %-ын оқытушылар, журналистер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер мен жұмыссыздар құрады. Ал олардың негізгі мамандықтары сан түрлі: көп бөлігі (55 %) Филология факультетінің қазақ бөлімін бітіргендер, 47 %-ы журналист, гидролог, дәрігер, кондитер-технолог және т.б.

Сауалнамамыздың бірінші сұрағы: Сіз амандасу барысында қай сөзді жиі қолданасыз?

Бұл бойынша:

Сәлеметсіз бе? Саламатсыз ба? – 56 %;

Сәлем – 15 %;

Привет - 11%;

Қалайсың (-сыз)? – 9 %;

Ассалаумағалейкум (Саламалейкум) - 7%;

Здравствуйте - 2%.

2. Қоғамдық орындарда (көлік, оқу орны, дүкен т.б.), қоғамдық қызметтерде (халыққа қызмет көрсету орталығы, банкте, банкомат, тамақтану орындары т.б.) қарым-қатынасқа түскенде тілдің шұбарлануына қаншалықты жол бересіз?

А) таза қазақ тілінде сөйлеймін            

 

Ә) орыс тілін көп қолданамын, себебі......................................................

 

Б) тілдің шұбарлануы заңды, себебі..........................................................

«А» нұсқасын таңдағандар – 55 %;

«Ә» нұсқасын белгілегендер – 22 %. Бұл респонденттер орыс тілін көп қолдануының себептері ретінде «қоғам орыстілді», «жұмыс орным соны талап етеді», «орысша сөйлеген оңай», «ақпаратты тез жеткіземін» дегенді алға тартады.

«Б» нұсқасын таңдағандар – 23 %. «Орыс тілінің ықпалы басым»; «қоғам талабы сол»; «тіл – өзгермелі құбылыс болғандықтан» тілдің шұбарлануы заңды деп жауап берген екен.

3. Сіздің ауызекі сөйлеу қолданысындағы қазақ тілінің үлесі қанша пайыз деп ойлайсыз?

20-40 % - 5 %;

50-70% - 32 %;

80-90% - 63 %.

4. Сіз тілдесім барысында достарыңыздың «таза қазақша» сөйлеуіне қаншалықты ықпал жасап  жүрсіз? 

А. Ықпал жасаймын, себебі ..........................................................................

Ә. Бұл туралы ойланбаппын

Б. Ықпал жасамаймын, себебі........................................................................

Айналасындағылардың қазақша сөйлеуіне ықпал жасайтындар («А») 55 %-ды құрап отыр және олардың ықпал жасауына себеп болатын факторлар:

-мамандықтары;

- тіл болашағы;

-«қазақша сөйлеу ыңғалы»;

-Қазақстанда өмір сүргендіктен;

-тіл тазалығы.

Ал ықпал жасамайтындар («Б») – 16 %, олар «әркім қай тілде сөйлесе де өз еркі», «өзім де дұрыс сөйлемеймін», «маған қажеттілік жоқ, себебі айналам қазақтілді» деп жауап беріпті. Бұл мәселе турасында ойланбағандар да бар екен, олар 29 %-ды құрайды.

5. Сіз күнделікті ауызекі сөйленісте көркем сөйлеу қажет деп санайсыз ба?

Иә, себебі..........................................................................................................

Жоқ, себебі.......................................................................................................

«А» нұсқасын дұрыс деп санап, «тіліміздің мол байлығын, көркемдігін» көрсеткісі келетін, көркем сөйлеу арқылы «көп адамдарға жақсы әсер етіп», «көпшілікпен мәдениетті түрде түсінісу үшін», «тілдің дамуына» үлесін қосқысы келетіндер 67 %-ды құрады.

Ал көркем сөйлеу күнделікті өмірде «мүмкін емес», «қажеті жоқ», тіпті «ауызекі сөйлеу стилінің критерийлеріне көркем сөйлеу жатпайды» деп, «Б» нұсқасын таңдағандар – 33 %.

Тіл – ұлттың жаны. Ал тілдің қарқынды дамып отыруы үшін ауызекі сөйлеу тілі маңызды рөл атқарады. Тіпті бүгінде әлемде тілдің мәртебесі сөйлеу тілі арқылы анықталады.