Көбелек –махаббат немесе жеңіл сезім трагедиясы
Меңіреу күннің мең-зең болып жатқан шағында, төсінде ойнақ салып жүрген қанша ма пенде тірліктің шырқын бұзып, әуресін алып жатады. Мамық түн мамығын кеудеге тосқа сайын адамдарың кеуде тұсында жылулыққа деген өшенділік пайда болады. «Айлы кеш», «сағымы түскен сәуле» дейтін нағыз романтикалық тіркестердің орны қызыл тілде қалып, терісі мен еті қатты пенденің перғауын сынды ессізденіп кетер шағы басталады.
Есепсіз махаббаттардың қатары да осы жерде. Күн мен түннің ауысар мезгілі ғана айырмашылығын сездіргендей болмаса, тіршілік қыңқ етпес күнәсін жасап жата береді.
Махаббат... ең алдымен Құдайға! Оған шүбә келтірудің қажеті шамалы. Одан кейінгі махаббаттардың есебі жоқ. Есепсіз махаббаттар-ай...
Таңды атыруға тырысқан көбелек гүлдерін қоруға, қос қанатын қаға-қаға қуанышпен ұшып барады. Сабағы қылдай, жапырағы жайқалған қызыл-күрең тартқан, тап бір шеті қанық қызылмен боясып, аймаласып жатқандай, шырыны ішсең –бал, иісі –у. Улап тастайын иістен қаша алмаған көбелек ерінге-ерінді түйістіре барып тайып кетіп кетеді. Келесі бір шырынды гүл. Пай-пай, тап бір талғамға иіле кеп тұрған сабағы, қып-қызы гүл шоғыры, иісі де шырыны да балдай, балдан тәтті дүние болса соның бағасын берер ме... Ал, аймаласу, арбасу, бірін-бірі жазбай таныған қосақтардың бейнесі іспетті сурет көз алдыңда. Шыдамы таусылған гүл, қауызына келіп қонып отырған көбелекке қатыгез махаббаттың дәмін татқызғысы келгендей, гүл шоғырының сыртын қымтай, біреуге берместей етіп қысып жатыр. Есепсіз дүниенің тәтті суына әбден шыланып алған сұмырай көбелектің ми аяқ асты жұмыс жасап кетті. Сытылу, құтылу керек. Енді, келіп бағана біз айтып отырған романтикалық ым-жым арада түсініп жатыр. Ақыры босатты. Ертең келері анық, серт беріп кетті. Сертін алған гүлдің тамыры жерді бойлай жатқандықтан оның білмесі көкте ғана. Ендеше, көбелек гүл біткеннің шырыны ғана есті, болмысы ессіз деп жүр. Қателескен жәндіктің қателігін сырттай тамашалап отырған біз, сіз және тамыры тарам-тарам гүлдер біледі.
Таңның қылаң бере бастаған сәтінде көз шырымын алған «сайтан» көбелектің нәпсісі қайта оянды. Рауандап атқан арайлы күннің шуағына малынып жатқан көбелектің ендігі ісі барынша пәктенбек. Түн ісіңді жасыра алғанымен, күндіз көлеңке болып жердің бетіне шығады. Ұялу енді жарамас. Көкбелектің көзіне кешегі гүлдердің келбеті көрінді. Бөтен. Сен кім, бұл кім. Арасында бірін-бірі сыртқа танытып, екеуінің арасындағы түнгі ностальгияның сырын тек көлеңкелер паш етіп тұр. Оны олар аңғарар емес. Аңғаратын біздер.
Тағы да түн. Бүгін көбелектің сапары басқа жолдан басталды. Шырынға қанған ессіздің ендігі ермегі жарық пен жылдамдық. Барныша тез әрі ләззаттың шабытын татып қалу. Жарықтың жанына жақындау үшін көбелекке жын соққандай ұрынып-соғылуы керек. Сайтан әрекетті екені рас болса, отты дүниеге ебелектеп тиіп-қашып ұшып жүрері заңдылық. Жылдамдықтың қойнына кіре салып, шыға салу үшін ілесе алу керек. Бүгін жеңілді. Салы суға кетіп бара жатқан, көбелектің үмітін кешегі гүлдер қайта үкілетті. Не үшін...? Бәрін біле тұра гүл біткеннің бұл қай сасқаны... әәә кешегі серті бар екен ғой. Көбелектің етке-ет беттестірер зауқы жоқ. Қауыздың ішіне, ініне кіріп алған суырдай жылтың-жылтың етіп сыртқа алаңдай қарап, көңілсіз жатты.
Жібек құрты келесі бір көбелектің қанатына дем барып жатыр...
Марғұлан АҚАН