Кінәлаған күндерімді кешір, Көке!

Көке, сен маған жиі ұрсатынсың. «Қызым» деп айтып көрген емессің. Ешқашан еміреніп, еркелетпедің. Кәмшат бірдеңе бүлдірсе де, маған ұрсасың. Екеуміз егіз қозыдай бірдей етіп киім алғанда Кәмшатқа сөйлемейсің де, қысқа шорты кигенім үшін маған ұрсатынсың. Мектеп бітіргенше «вечерге» жібермедің. Көп жағдайда пікіріміз бір жерден шықпайды.

Сенің қас-қабағыңа қарап жүріп-тұратынмын. Сен ұйықтап жатқанда балалар шуласа да, маған ұрсатыныңды біліп, іні-сіңлілерімнің дыбысын шығармай, ұйқыңды да бағатынмын. «Жұрттың папалары» қыздарын, шөпілдетіп сүйіп, айтқан затын алып береді, менің әкем неге сонша қатал деп ойлайтынмын. Мектептегі ата-аналар жиналысына басқа балалардың әкесі келгенде қатты қызығушы едім. Мен мектеп бітіріп жатқанда сенің сыныптастарыңның өзі үйге келіп, қандай оқуға тапсырасың деп алаңдап, «өз күшімен грантқа түскен бала бүгінгінің Әлиясы мен Мәншүгі» деп қолдап жататын. Сен сонда да бас қатырмайсың. Мен балаларына сонша жаны ашымайтын, алаңдамайтын әке бола ма деп налитын едім. Мұқағали Мақатаевтың портретін бөлмемнің төріне іліп қойып, балажандығына тәнті болып, әкемнен артықсың деп сырласушы едім. Асылық айтыппын-ау... Біреудің әкесі өз әкеңнен артық болушы ма еді?!

Оқуға тапсырар кезімде алаңдамағаның – сенім білдіргенің екен-ау. Менің өмірімде үлкен белестей көрінгенімен, сен үшін әдеттегі өткелдей болған екен ғой. Сенің одан да басқа бас қатыратын ірі істерің көп, ұсақ-түйекті уайымдауды анама қалдырған екенсің.

Бауырларым үшін маған ұрсуыңның себебін де енді түсіндім. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, соңғылары да солай дөңгелейді деп, бар тәліміңді маған беріп, кейінгі балаларға мейлінше мейірімді болуға тырысқан екенсің. Жақсы көріп тұрсаң да, эмоцияңды, сезіміңді сыртқа шығармайтын бар болмысың осы.

Ал еркелетпеуіңнің себебін ертерек білсем ше?! 1-2 жыл бұрын ғана айтып қалдың. Барлығы аузына қарап отырған үлкен апама барып, мәз болып алғаш «қызды болдым» деп сүйінші сұрағаныңда: «Тәйт әрі, саған қыз қайда, ол ата-әжесінің қызы» деп, ұрсып, тауыңды қайтарып тастапты. Өзің ол кезде 19 жастағы баласың, балалы болдым дегеніңді үлкен апа қабылдай алмаған шығар. Әрі тұңғыш немере ата-әжесінің тәрбиесіне берілетін жақсы дәстүріміз бар ғой.

Есесіне, еркеліктен де, мейірімнен де кенде болған жоқпын. Ата-әжем, анам, оған қосылып сен еркелетіп өсірген болсаң, жоқ деген ұғымды, тыйымды көрмей тәрбиеленсем «жұрттың қыздары» сияқты «ардан» айырылып отырар ма едім, сақтай көрсін.

Әр қадамымды аңдап басуым – сенен көрген қатал тәрбиенің арқасы.

Мақтанып көрсететін үздік диплом алмасаң да, қолың қалт еткенде кітап ұстауың – маған үлгі. Әр сұрағыма ерінбестен бүге-шүгесіне дейін жауап тауып бересің.

Мен өзімді анама тартқан кез келгенмен тіл табысатын ақжарқын адам деп есептейтінмін. Білесің бе, бір күні біреу «сен өте суықсың, тәкаппарсың, паңсың» деп төбемнен жай түскендей етті. Сырт көзге сондай суық көрінеді екенмін. Мұндай қасиет қайдан пайда болды, қалай күресемін деп біраз ойландым. Ол да сенен келген екен ғой. Иә, тура сен. Қарсы алдыңда сөйлеп отырған адамның бет-жүзіне қарамай, «мен сені түк жақтырмай отырмын» деп тарс еткізесің ғой. Біреудің сыртынан сөйлеп, ұнатпасаң да өтірік күлгенше, осындай туралық артық емес пе?! Әпкелерім біреуді әңгімелей бастаса «өсек айтпай, шаруаларыңа қараңдар» деп ішіп отырған шайыңды тастап тұрып кететінің де мені «әйелдік жағымсыз қасиеттерден» аулақ етіп өсіргендей. «Әкеңді ешкімге жамандаушы болма» деп құлағыма құйып келе жатқан сөзі анам екеуіңнің араларыңдағы ұят пен ибаға толы махаббат екен-ау. Қатар құрбымдай боп кеткен анама кейде қалжыңдап, «мұндай жігітті қалай таңдадың» деуші едім...

Білесің бе, қазір күйеу балаң сен сияқты болса ғой деймін. Бала-шағасына, әйеліне сөзі өтпейтін бос-болбыр ер адамдарды жек көремін.

Бұл жазғанымды сен оқып қойма, жарай ма? Саған күйеу бала туралы айту қайда-а. Үйде жігіт деген сөзді айтуға ұялатын тұңғыш қызың ғой жазып отырған. Ата-анасымен тіл табыса алмайтын жасөспірім балалар болса, жақсы жағын іздеп, әкесін түсінуге тырысып көрсін деген ниетпен ғана жазып отырмын.



Бөлісу: