Кім кінәлі?!

Кім кінәлі?!
жеке
блог

Түнде көрген қорқынышым көз алдымнан әлі кетер емес...

Әдетте көк жәшіктің ар жағында отырып әртүрлі жол апаттары жайында сөз етіліп жатқанда "Құдай сақтасын" деп қоя береміз. Апаттың айтып келмесі анық. Десек те өлім факторларының бірі осы жол апаттары екенін тағы білеміз. Сонда неге адамның көбісі осы жол апатынан қайтыс болады?! Жүргізе білмейміз бе темір тұлпарды?! Әлде ережеге бағынбаймыз ба?!Кім кінәлі мұндай жағдайда?!

Түнгі 01:10 шамасында Абылайхан көшесін бойлап содан 3-4 сағат алдын Англиядан келген досыммен кездесіп әңгіме құрып келе жатқанбыз. Сол кезде орын алған жол апаты көз алдымда өткендіктен,қазір қай қиылыс екенін ұмытып та қалдым. Жоласты өткеліне түспей тұрып мен "кеш болды кетемін" деп қиылып қалдым. Досым "сені түнде жалғыз жібергім келмейді,қорқамын жалғыз жіберуге,үйге кіріп демала ғой,жұмысың осында жақын" деп тұрғаны сол еді көшенің қиылысында жеңіл көлік пен мотоцикл соқтығысып қалды. Бәрі көз алдымда және қас қағым сәтте өтті. Жасыл жанған бағдаршамда  өз жолымен келе жатқан машинаға  оң жақ бетінен ережені бұзып келе жатқан мотоцикл өте қатты жылдамдықпен соғысып ондағы мотоцикл жүргізушісі /байкер/ мен артындағы қыз екеуі екі жаққа ұшты. Ал қызыл түсті машина біз тұрған жерасты өткелін қоршаған темірге келіп соғысты. Менің қорыққаным сонша, әлгі машина біз жаққа беттеп келе жатқанда артқа қарай шегініп екі қолыммен қорғанғандай "жест" жасап тіпті зәрем ұшты. Бірақ темір үлкен болып машина тоқтап қалды. Ал байкер машинаның оң жақ бетіне соғысқанда мотоциклымен бірге ұшып түсті. Бәрі кинодағыдай және қорқынышты. Ол жігіттің қалай құлағанын да көрдім. Ал арттағы қыз қалпақтай ұшып жерге түсті. Әуелде ақ матадай ұшып жерге түскенінде адам я адам емес екенін ажырата алмай сасқалақтап қалдым. Өмірімде жол апаттарына куә болмағандықтан жүрегім аузыма келді. шынын айтсам әлгі қызды алаңдап жылағым да келді айқайлап,бірақ мен мұнда "паника" жасағаннан не пайда өзгелер өліп жатыр. Машинадағы ағаның қолы сынған шамасы ,көлік ішінен қолын ұстап әрең шықты. Басы ұсақ терезенің сынықтарына толы,беті тілім қан. Ұстауға қорқып қолымдағы суымды беріп "қыз сізбен болды ма? телефоныңыз қайда хабарласар адам бар ма?" деп сасқалақтап қалдым. Жанымдағы досым сол сәтте-ақ жедел жәрдем мен полиция қызметкерлеріне хабарласып үлгерген-ді. Түннің жарымында қалада ешкім жоқтай көрінген,сол сәтте адам жиналды да қалды. Бәрінде үрей,сұрақ. Мен өзіме келе алмай тұрған орнымда қаққан қазықтай тұрып қалдым. Сосын ғана есімді жиып өзімді қолға алып әлгі байкерге жақындадым. Ел менсіз де көп. Байкердің демалғанын көріп жүрегім алып ұшып "он жив,дышит" деп дауыстап жібердім.жанымда тұрған бір жігіт  саңқ еткен дауысымнан шошып кетті шамасы дауысын керіп "Девушкааа,напугали меня" деп күлкісін әрең жиды.Аңғалдығыма күлген ғой, мен күнде өлім көріп жүрмін бе қорықтым әрине...Кейін есіме алсам жынды болыппын,мұндай жағдайда бірінші рет болғандықтан деп ойладым. Маған әрине күлкілі емес,себебі өзім қорыққаннан аяқты әрең басып тұрсам да адамдарға жүгіріп барып қолдан келгенше көмек беруге дайын тұрмын.Мұндайда оларға тимеу керек дейді,бірақ мен неге бәрі қарап тұр,көз алдымызда бұлай өле бере ме осылай деп жындап тұрмын.. Ал қыз ұшып жерге түскенде ,лезде қыздың жатқан жеріне бір жігіт жүгіріп барған-ды. бетімен құлаған қызды алдына алып, өзіне қаратып жігіт сол жерде қатты жылады. Байқұстың жылағанына қарап менің жүрегім ауырып кетті. Жігіт болған соң айқайға басып та жылай алмайсың бірақ қатты езіліп қиналып тұрғаны көрініп тұр. Іш құса болғандай,құшақтаған күйі өлі ма тірі ма сол денені алдында тербетіп ұзақ жылады. Көліктегі аға тіршілік қамымен жүрген "таксист" екен. Ағаны аядым,өзі кінәлі болмаса да онымен соқтығысқан жастар қатты зардап шекті.Жігіт қанталап демалып жатыр,қыздың аман қалуы екіталай сияқты көрінді, тіпті о дүниелік болып үлгергендей...


Ең жаманы,сол жерде әлгі апатты көріп байкермен жарысып қызық қуған дос сымақ байкер жігіттері өлім аузында жатқан достары аман ба жоқ па қызықпады да,тіпті жақындап қарамады қайғырмақ түгілі. Алыстан көз салды да зырылдап кете барды. Сол жерде пәтерді тәулікке беріп тұрған "тәтелердің" айтуынша дәл осы байкер жастар осы көшеде әрлі-берлі үлкен жылдамдықпен жүргендеріне біраз болыпты. шамасы түнде көлік аз деп "азартқа" енген... Ал қыздың жанынан табыла қалған жігіт соларды бақылап қызық көріп тұрған достарының бірі екен. Қыздың жағдайы мүшкіл екені көрініп тұр. Құлаған бойда қыздың жыныс жағы қанға боялды. Аяқ-қолы сынған ба жылап отырған жігіт қозғағанда сүйегі жоқтай көрінді маған. Айнала толған терезе мен мотоцикл сынықтары,байкердің шлемі,екі жерде қанға боялып жатқан қыз бен жігіт. Жан түршігерлік...

Адамдар көлікке мініп жылдамдықты асырып ережені бұзады. Өзі түгілі жанындағы өзгелердің өмірін ойламайды. Кез келген транспорт жүргізушілері басқа да жанның өмрінің қауіпсіздігіне жауапты екенін ұмытпаса деймін. Мотоцикл дегеннің зырылдаған дауысынан түршігетін ем,енді тіпті жек көретін болдым. Оның жылдамдығы өте қатты,бірақ түсінбеймін онсыз да көлігі көп мұндай қалада жастар қалай қорықпай ұшып жүргізеді оны...тіпті жай ғана тежегішін игере алмай қалсаң я кенеттен тоқтатсаң қалпақтай ұшарың көрініп тұр ғой. Ағаның көлігінде әлде де жолаушы болмай қалды. Оң жағында адам болса,оның оңбасы анық еді,машинаның ұсқыны адам шошырлық. Ал мына жастар ше?! Не тапты?! Қызды артына отырғызып қызылға тоқтамай кетіп еді,міне қызыл қанға боялды. Енді олардың өмірін бір Аллах қана сақтай алады. кінәлісіне кінәлі. Бірақ қыздың не айыбы бар?! байкерге сенген қыз осылай құрбан болып кете бере ме?! Бұл тұрмақ қарапайым қоғамдық көлік-автобустар бір-бірімен жарыса жүргізеді,автобуспен адам емес картоп тасығандай жүреді ,ішінде соғысып,тебісіп,бір-бірімізге жабысып ана бұрыштан мына бұрышқа ұшып жатамыз біздер. 

Біраздан бері көлік алу ниетінде жүрген мен ойымнан әзірге қайттым. Анама көлік аламын дегенімде,"қалада көлікпен жүу қиын,қорқынышты абай болмасаң,сен ереже сақтап өз жолыңмен дұрыс жүрсең де сол ережені сақтамай ұшып жүретіндер бар,қажеті жоқ балам" деп жүрген. Бұл сөзді жұмыстағы көлік жүргізуші аға да мың қайталаған,"сен одан да таксимен жүр,сен "ақылды" болсаң да,мына қалада тәртіппен жүрмейтін тар жолда 180-мен ұшатын "тентектер" көп"деп. Көзім жетіп білсем де "көлік аламнан" шыға алмай жүргенмін. Расы,енді көлікті алуға қорқыныш бар. Мен жақсы жүргізуші болсам да ,басқа да небір "жындылар" табылады өміріме қауіп төндіретін...Одан қалса сол апаттан соң менде "фобия" пайда болды. Машинаға отырсам жанымдағы машиналарға қарай алмаймын,олар тура бізге соғысып не түйісіп кетердей көрінеді,жылдамдық дегеннен тіпті шошып қалдым. 

Жедел жәрдем келіп жігітті алып кетті,ал қызбен ұзақ алысты,бірден алып кете қоймады үйілген жұрт пен жедел жәрдем қызметшілері ол қыз жатқан жерде ұзақ уақыт тұрды,соған қарағанда қыз аттанып кетті-ау..................

Мен жақындауға жүрексіндім,әрі мені жанымдағы досым жібермей қойды шошынып қаласың деп. Досым "сені жіберуге қорқам" деп тұрғанда апаттың болғанын-ай...Ол осыдан қорқып тұр еді. Жалғыз жіберсем алаңдап қалай жетті не болдымен отыра алмаушы еді...Бірақ мен бәрібір кетемін деп тұрдым.Мына жағдайдан соң үйге тезірек қайтқым келді,жылағым келді адамдардың жауапкерлігі аздығына,бассыздығына,өмірдің қиындығына...Көз алдымда жүрек сыздата жылаған жігіт,қанға оранып сүліктей жеңіл жатқан қыз...бәрі-бәрі.

Досым мені "дені дұрыс" деген жүргізушіге табыстап таксиге отырғызды. Отырғанымша менің де жүргізушінің де құлақ-миын жеді,"байқап жүріңіз,асықпаңыз,үйіне апарыңыз,Сен маған звонда,телефон өшірме,көтер мен хабарласамын,үйге жеттім деп айт алаңдаттырма" деп. Таксидің қозғалғаны сол жылдамдық асқандай көрінді,ағаға ақырын жүруін айттым. Өз ойыммен арпалысып,көргенім көз алдымнан лентадай сырғып өтіп үйге әрең жеттім...

Достар,абай болайықшы,жол ережесін сақтайық,ол бағыну емес ол-біздің өміріміздің қауіпсіздігі. Көлік тізгінін ұстағанда ұялы телефон,шылым,спирттік ішімдік кесірін тигізбесе деймін.

Жүргізуші,жолаушының амандығы сіздің мойныңызда,ұмытпаңыз!!!