Класс Тайм 24.07.2013
Сән мен сұлулық әлемінде ауыз толтырып айтарлықтай өзіндік орны мен стильін қалыптастырып, жастығына қарамастан бүкіл елді сұлулығына тамсандырған Клаудия Шиффердің шоу-бизнес төңірегіндегі алар орны ерекше.
Клаудия 1970 жылы Райнбергте дүниеге келіп, Дюссельдорфте бақуатты заңгердің отбасында өмір сүрді. Көбіне модельдерді сұлу болғанымен, білімдері мен ақылдары жоқ деп жатады, бірақ бұл сөздің Клаудияға түк қатысы жоқ. Өйткені өте алғыр жас қыз Клаудия математика пәнінің есептерін семішкедей шағып, физика пәнінен өткен мектепшілік Олимпиядадан мәртебелі бірінші орынды алып, осыдан соң оны тіпті Мюнхен университетіне оқуға да шақырады.
Мектеп кезінде Клаудияның өмірі ғажап болды деуге болмайды, неге десеңіз ол өзінің ұзын бойынан қысылып, қатарластарының арасында еркін жүре алмады. Жігіттер қауымы оның жанына көп жолай да алмады. Өскенде әкесінің жолын қуып заңгер боламын деген арманына мына бір оқиға әсер етіп, Шиффердің өмірін бір жолата өзгертті деуге әбден болады. 1986 жылы бітірушілердің би кешінде Шиффер Париждік модельдер агенттігінің («Metropolitan models») директоры Мишель Леватонның назарына ілігеді. Дәл сол уақытта ол жаңа модель іздеуде еді, Клаудияның табиғи шынайылығы оны бірден еліктіріп, бірге жұмыс жасауға ойланбастан шақырады. Алайда Клаудияның анасы қызының модель болуына қарсылығын танытып, қызын ешқайда жібермейді. Бірнеше апталық тынымсыз телефон шалулардан анасы еріксіз қызына рұқсат беріп, оны Парижге аттандырады.
Оның өмірінде ең алғашқы фотосессиясы 1987 жылы әйгілі Мари-Франсуаза Пребис студиясында өтеді. Алайда Клаудианың алғашқы сәтсіздігі дәл осы ең алғашқы қадамнан-ақ басталады. Оның суретін журналға шығарудан бас тартып, Шифферге түрлі айыптар тағылады. Мысалы, оның шаштары сирек, түр-әлпеті жас баланыкіндей деген сияқты. Редакторлардың осындай сынынан соң, оның журнал мұқабасына шығып жұлдыз болу арманы сейіліп, тек каталог беттерінде ханшайым болу деген жалғыз үміті қалады. Үйге қатуға дайын отқан Клаудианы ELLE байқауының директоры Одиль Саппо көріп «Керемет!» деген сөз айтып, оған 1988 жылы журналдың мұқабасына шығуды уәде етеді, ал бұл жаңа ғана сән әлеміне аяқ басқан жас талапкер үшін өте үлкен жетістік. Осы жағдайдан соң Клаудианың жұлдызы оңынан туып, оны бірден 5 журнал өздеріне шақырады.
Шиффердің модельдер арасындағы інжу- маржан екендігі мойындалып, 19 жасында оның бейнесі атақты американдық Cosmopolitan журналының мұқабасына шығып, оның ақшалай табысы бірденнен өсіп, тіпті ең жоғарғы жалақыға айналады. 1990 жылы Шеффердің агенттері оның суреттерін Chanel сән үйіне жібереді. Бұл расында үлкен тәуекел, себебі ол мүлде сән алаңында жүріп көрмеген болатын. Оған алаңда жүру өте қиынға соқты, тіпті Сольенің арнайы үйретулері де оған көмек бола алмады. Осы келеңсіздікке қарамастан неміс қызын Карл Лагерфельд назарға алып, оны Chanel сән үйіне модель болуға шақырады.
Осы кезде Клаудианы байсалдылығы мен ұяңдығы көп табыстарға жетеледі. Оның журнал беттеріне шыққан суреттер саны 900-ге жетіп, рекордық көрсеткішке ие болады. Ол Кейт Мосс пен Стелла Теннен сынды жас модельдер шыққанда да жоғарғы орыннан түспейді. Клаудияның жеке өміріне келер болсақ ол әйгілі сиқыршы Девид Коперфильдпен біраз жылдар жүріп атастырылып ақырында онымен қосылмайды. Модель қыз кейін британдық продессер және кинорежиссер Мэттью Вонға тұрмысқа шығып, одан бір ұл екі қыз босанады. Олар әлі күнге дейін бақытты ғұмыр кешуде. Клаудия Шиффер әлемнің алғашқы ең үздік бестік модельдерінің қатарынан орын алады. Оның өмірдегі негізгі ұстанымы «Мен әрдайым бір қалыпта болуым керек, өйткені мен модельмін және ол менің жұмысым!».
Шикілігі көп шоу-бизнес әлемінде өмірін үлгі етерлік жандар аз десек артық айтпағанымыз, өйткені сұлулығы асса да, шынайы тіршілікте былықтары көп жұлдыздар әлемінің өз жұмбақтары жетерлік. Осындай шылығы мен былығы аралас жерде өзінің шынайы бейнесін сақтап, нағыз еңбекқорлығы мен адалдығының арқасында інжу-маржанға айналған Клаудианың бейнесін айтпай кетуге болмас.
Гүлжан Серік