Қиын екен

Қиын екен
жеке
блог

(Менің ерте ұйықтағым келеді. Есесіне ерте тұрамын... Ал кеш ұйықтасаң,кеш тұрарың да мүмкін... Таңғы сұлықты тамашаламау мен үшін өліммен тең!)

                                              Автор

***

Әлденелер кетпей қойып санамнан,

 Ойларымнан төгілуде сан арман.

оңашада сыр бөлісіп өзіммен,

Шектетіліп барам ба осы ғаламнан.

*

Шектетіліп барам ба әлде адамнан,

Құдіретті сезінгендей қаламнан.

Көңілімнің қатпарлары мұң толы,

Қиын екен ақын болып жаралған.

*

Қиын екен  өз ойынмен шектелу,

Өзгелерден қалыс қалу,шеттену.

Оңашада жалғыздықтан жабығып,

Өмір,өлім ортасында көкке ену.

*

Қиын екен өзгелермен үндесу,

Өзге әлемде аждаһамен тілдесу.

Өлеңменен періштедей көкке еніп,

Ал өлеңсіз, пенделікпен күн кешу.

*

Қалыс қалып жарықтықтан,серпіннен,

Түнді жарық қылам шабыт өртіммен.

Қиын екен пенделікпен күн кеше,

Туғанда күн аттай алмау сертіңнен.

*

Қиын екен бұрқ ету мен қайралу,

Әлденені ойға алумен,ойлану.

Қаншама рет бұлақтарша сарқырап,

Бір мезетте тартылу мен лайлану.

*

Тұңшықтырып ызаменен кек мені,

Тағы міне келіп отыр сөккелі.

Қиын екен бауырыңдай адамның,

Өзге ортада,өзек жаққа тепкені.

*

Бұралаңдар,бұрылыстар -күтпеген,

Түсінбеймін,кімді айыптап кектенем.

Не көрсем де ,пешенемнің жазуы,

Несіне мен бұл өмірді жек көрем.

*

Топырақтар шаша берсем,көпке мен,

Күресуге дәрмен бар ма,көппенен.

Өмір деген осы міне ,ендеше,

Еңсемді бір түсірмейін текке мен.

Күресейін,күресейін тағы да...

 Досжан Нұрболат