Алып ғаламшардың кішкене бөлігін мекендеп келген, бейбітшілік пен татулықты жанына серік еткен тәуелсіз Қазақстан мемлекетіне осы сәтте күллі ғалам жұрты көз тіккен болатын. Себебі, нақ осы жаз мезгілінде аты аңызға айналған EXPO көрмесі бастау алды.
Мұхтархан ұйқысынан тым ерте оянды. Төсегінен тұрмастан жұмыр басында құжынап жатқан сан мыңдаған ойлардың жетегіне еріп кетті.Келесі жылы оныншы сыныпқа көшеді, ал мектепте жанына жақын тартатындай, сыр бөліспек түгілі бірге жүретіндей бірде-бір досы жоқ.Мұхтархан бәріне өзін кінәлі сезінетін де, одан әрі тұйықтала беретін.Бүгін де сол әдетінше бар айыпты өзінен іздеді.
- Қиялисың... - деп күбірледі бір кезде.
Иә, ол үнемі ойланумен жүретін, өзгелердей доп теуіп,асыр сала ойнаудың орнына кітап оқитын,сабақ уақытында терең қиялға беріліп отырып, мұғалімді де, сыныптастарын да естен шығарып алатын. Қазіргі заманда бұның қылықтары біртүрлі көрінетінін сезетін. Әйтсе де, ол сенетін. Өзіне, армандарына сеніммен қарау арқылы алдағы күнге үмітпен қарайтын...
"Шіркін, баяғы заманға жол тартсам ғой, сол кездегі балалардың ойындарын ойнасам, жүйрік тұлпарға мініп алып, қазақтың кең даласында көсіле шапсам..." деп армандайтын. Иә, ол өзгелерге қарағанда ұлттық ойындарды ерекше қатты ұнататын. Тек бұл үлкен қалада онымен санасатын балалар табыла қоймады. Көргендер "Сені менің атам түсінеді" деп мазақ ететін.
Тұңғиық ойының құрсауынан енді арылды. Төсегінен асықпай тұрып, көзін уқалап алды да, далаға беттеді. Көпқабатты үйдің 4 қабатының қылтимасынан алып шаһарға көз тастады. Күн әлі де болса етектен жоғары көтеріле қоймапты. Сондықтан да болар салқындау жел есіп тұр. Мұхтархан осы бір керемет сәт үшін ғана ұйқысын қиюға дайын еді.
Қалада әзір таң ата қоймаған, әдетте қала тұрғындары сағат алтылар шамасында оянып, жұмыстарына асығатын. Ал бүгін жексенбі болғандықтан, жұрт ерте ояна қоймайды. Күнделікті күйбең тірліктен шаршаған халық жексенбі күнін демалумен, ұйқымен өткізгенді жөн көретін. Ал Мұхтархан мұнымен түбегейлі келіспейтін, оның ойынша аптасына бір келетін демалысты қала сыртында серуендеумен өткізген дұрыс.
Мұхтархан қалаға қарап тұрып, тағы да ұлттық ойындарды ойнап, дамытқысы келді. Осы арқылы өзін түсінбейтін қала балаларына бекер армандамайтынын дәлелдегісі келді. Дәл осы сәтте оның ойынан күнде табылатын, қиял деп есептелетін үлкен бір ғажайып орын алды. Ғайыптан ол өзі армандаған бұрынғы заманға кеп түсті.
Алғашында түсім деп ойлағанымен, кейін шын екендігіне көзі жетті.
Кәдімгі қара қазақ жайлаған кішкене ғана ауылға тап болыпты. Көкпен тірескен тау етегінде орналасқан ағаш үйлерге қарай жүгіре жөнелді. Көз тартарлықтай әсем тігілген алты қанатты киіз үйдің ішіне енді. Төрде отырған ақсақалға бас иіп, сәлем берді.
- Армысың, балам! Келе ғой, төрлет! - деп жылы сөйлеген қарт Мұхтарханға әп сәтте ұнай қойды. Ол ақсақалға өзі туралы,қайдан,қалай келгені туралы баяндап берді.
- Өзің ақылды бала екенсің әрі ұлттық ойындарды үйренгім келеді деймісің?
- Иә,ата!
- Алғашында сенің мына киіміңе қарап, аң-таң боп қалған едім, енді түсіндім. Жарайды, саған менің немерелерім үйретсін. Алдымен киіміңді ауыстырып ала ғой! Әне бір сандықта Айбарымның киімдері саған дөп келуі керек, айналайын. Азанда кемпірім келінім мен баламды ертіп жәрмеңкеге кеткен.
-Ата, менің арманым орындалады деп ойлайсыз ба? - деді Мұхтархан киімін ауыстырып болып. - Ешкім де сенбейді..
- Қарағым, сенің қай заманда өмір сүретініңнен хабардар болмасам да, сенің болашағыңның зор екендігіне сенімдімін.
- Рақмет,ата!
- Енді Айбар мен Сұлтанымды шақырайын. Саған ат үстінде ойыналатын ойын түрлерін үйретсін.
- Иә - деді ол қуанып. Себебі атпен жақсы шабатын. Қалада жүрген кезде әкесінен қиылып сұрап алған ақшасын атпен серуендеуге жұмсайтын.
-Сұлтан! Айбар! Мұнда келіңдер! - деп айғайлаған сәтте киіз үйдің есігінен теледидарда көретін бұрынғы қазақ балаларын көрді. Бірі өзінен үлкендеу, ал екіншісі шамалас көрінеді.
Ақсақал немерелерін жаңа қонақпен таныстырып болған соң, үшеуі далаға шығып, атқа мінді. Алдымен өзі армандағандай тұлпарымен ен далада көсіле шапты. Айбар мен Сұлтан оның мұнысына мақтау айтты. Бір күннің ішінде үшеуі тіл табысып, бірнеше күн өткен соң ажырамас достай боп кетті.
Аз ғана күндердің ішінде Мұхтархан ауылмен жақын танысып, ондағы тірлікке тез үйреніп кетті, ал мейірімді ақсақалдың отбасы оны жақын тартып, баласындай көріп кеткені қуантарлық еді.
Мұхтархан ұлттық ойындардың арасынан теңге ілуді ерекше ұнатып,тез арада меңгеріп үлгерді. Дәл осы ойынға шындап ден қойғандықтан да болар, кейде ауыл балаларын да ұтып кететін. Осы ойынды мықтап үйреніп алғаннан кейін ол өз үйіне оралуы керектігін түсінді. Әрине, мүмкіндік болса жүре беретін еді, тек олай болмайды. Оның мақсаты орындалғандықтан, сол қалаға оралуы, ата-анасына баруы керек. Әрі өзінің басты арманын, яғни, ұлттық ойынды биікке шығарып,қатарластарына өзін дәлелдеп, ойға алғанына шындап кірісуі қажет, осыған күш салмақ ниетте. Мұхтархан ақсақалға қайтадан өз заманына оралуы қажет екендігін айтып, бірер уақыт сыр тарқатты. Бір қызығы, ол өзіне алғашқы сәттен ұнаған қайырымды ақсақалға, оның немерелеріне ерекше жақындық білдіріп, сырлас санайтын. Өзге ауыл халқын да қатты жақсы көрді, жаны жайсаң, адал ниетті қарапайым адамдардың жанында жүргеніне қуанатын. Тек осы бір кең даланы, саф ауа мен мөлдір бұлақты, көкпен тіресе бой көтерген асқар-асқар тауларды, жалпы қазақтың кәдімгі әсем табиғаты мен кереметтей мейірбан жұрты бар ауылды, көпқабатты биік ғимараттар мен шулы көше, шаң мен түтін, қауыр тірлік, жұмысбасты тұрғындарға толы алып шаһарға айырбастауға мәжбүр. Себебі, алда оны үлкен болашақ күтіп тұр. Алдымен барлық ауыл тұрғындарымен, одан соң достарымен қимай-қимай қоштасты да, ең соңынан ақсақалға келді. Оның осы бір жылы жүзді ақсақалға деген рақметі ғарыштан да үлкен болатын.
- Ата, сізбен де қоштасуға тура келеді. Осынау таңғажайыптың менің өмірімде, яғни, ешбір досы жоқ, қиялшыл жігіттің өмірінде орын алғанына қуанамын. Мен ақыры ұлттық ойынды меңгердім, енді оны өз заманымның жастарына үлгі етіп, дәріптейтін боламын. Осы мекенге келіп, тұйықтығымнан арылдым. Қаншама жаны жайсаң жандармен әңгімелесіп, олардың тірлігіне үйрендім. Енді барлығын тастап, үйренгенімді жаңа дәуірдің ұрпақтарына да көрсететін боламын. Қазақ халқының ұлттық ойындарының кез-келген заманауи ойындардан артық екендігін дәлелдеу үшін бар күшімді жұмсаймын, уәде беремін!
Ақсақал риза болып, бірнеше сөздер айтты да, батасын берді.
Осылай Мұхтархан 2017 жылдың жазына, өзі өмір сүретін қалаға оралды. Сағат тілі таңғы 5:30-ды көрсетіп тұр екен. Жымиды да қайтадан қала тіршілігіне көз тастаған күйі тұра берді...
2027 жыл...
- Құрметті халайық, теңге алу спорты бойынша өткізіліп отырған Қазақстан Республикасының чемпионатына қош келдіңіздер! - деп бүгінгі чемпионаттың комментаторы сөзін бастады. Алдымен сөз кезегі Қазақстанда ұлттық ойындарды дәріптеуші, теңге алу спортынан халық жаттықтырушысына сөз кезегі берілді.
- Армысыздар, құрметті спорт сүйер қауым! Өздеріңіз білетіндей Қазақстанда кең қанат жайған ұлттық спорт түрлерінің бірі - теңге алу. Қазірде мені ұлттық үрдісті дамытты деп құрметтеп жатады. Маған рух сыйлаған бір ақсақалдың қоштасар алдында айтқан сөзі еді. Ол маған: "Қарағым, сенің бойыңда сенім бар. Бұл адам баласын басқа мақұлықтан ерекшелейтін құндылық болғанымен, кей жандардан табыла қоймайды. Сен ерекшесің, сондықтан да арманыңды орындауға тиіссің! Ештеңеге қарамай, арманыңа ұмтыл, өзіңді дәлелде. Жалыннан жасқанар жан сен емессің!" - деген болатын. Ұлттық ойындар неге ұмытылып қалатынын түсінгендеймін. Оның себебі, көп адамдар бұл іс ешкімді қызықтырмайды деп ойлап әрі заманауи істерден арылып, өміріне бұрылыс жасаудан қорқады. Барлығы тарихтың ұмытылмауын қалайды. Алайда, жаңашылдық пен өзгерісті өзгеден күтеді! - деді өз арманын шындыққа айналдырған Мұхтархан...
Ол қазақтың ұлттық ойындарын дамытып, арманын орындады, ал кең дүниеге жылылық сыйлап, жарқын аяқ басқан жаздың жайма шуақ, шырайлы күнінде Жер ғаламшарының тұрғындарының бір бөлігі нұрланып тұрған жарық күнге қарап, көңіліндегі кірбіңді сәл ұмытқандай болды, ал бір бөлігі жанын жеген азап пен қиындықтан, ыза мен ашудан, үмітсіздік, кек секілді пайдасыз нәрселерден арыла алмаған күйі күннің мейірлі нұрын сезінбестен бірсарынды күйбең тірлігімен айналыса берді...