Қиял ма әлде шындық па?
блог
..."Қорғансыздың күніне" (Мұқаңның прозасы) негіз салған оқиғаны қарт қаламгер, жастық шағын Шыңғыста өткізген Ғайса Сармурзин ақсақал "Өмір сабақтары" атты естелікнамасында құнды мағлұматтар келтіреді. Құнанбайдың Ұлжаннан туған ұлы Ысқақ. Ал Кәкітай Ысқақов Абайдың тұңғыш кітабын Петербургта жариялағаны мәлім. Кәкітайдың Біләл атты ұлы осы ғасырдың басында, Абай дүние салған соң болыстыққа сайланады. Қаталдығымен, қатігездігімен, дөрекілігімен, айлакерлігімен де аты шыққан. Аздап сауатты. Тізесін Мүрсейіт сияқты зиялыларға да батырған.
Осы Біләлдің аса бір қатыгездігін Мұқаң алғашқы әңгімесіне желі еткен. Ғайса ақсақал естелігінде: "Егер сіз сол Біләл болыстың зорлығы мен озбырлығын білгіңіз келсе, Мұқаңның 1921 ж. басылып шыққан "Қорғансыздың күнін" оқысаңыз да үстінен түсер едіңіз. Өйткені сол әңгімедегі Күшікбай кезеңінде сорлы соқыр кемпірдің басынан кешірген қайғы-қасіретін одан бірнеше жыл бұрын естіген едім. Кейінгі кезде көп жылдан соң мен Мұқаңа: "Сіздің "Қорғансыздың күнінде" жазған болысыңыз Біләл емес пе?, - дегенімде, ол: "Иә, ол соның прототипі болатын", - деген еді".
Иә, осы деректі Ұлттық кітапханадан іздеп тауып, дәптеріме көшіріп жазып алып едім. Сөйтіп, Серік ағайымның лекциясының соңғы 10 минутында аудиторияға оқып бергем, біліп жүрсін деп. Ұстазым риза боп, әдебиеттен алдағы болатын сабаққа "бес" қойды. Сол келесіде семинарда менен сабақ сұрамады. Сол күннен кейін Серік ұстазыма мені қызықтырған әдеби сұрақтарды қоя бастадым. Сабақ соңында жауап беретін. Басқалары сұрақ қоймайтын. Сөйтіп, драматургияға деген махаббатым оянған. Пьеса оқып, рахаттанатын күйге де жеттім. Катарсис дейді ғой.
ҚОСЫМША. Ғайса Сармурзин "Оқыған азаматтың" оқиғасын, адамдарын көргендігін: "Оқыған азаматта" кәдімгі өзім көріп-білген жайттар мен адам бейнелерін кемеліне келтіре суреттеп жазған екен. Осы әңгімедегі қайғылы оқиға мен жанжалдар Семей қаласының Ардамас көшесіндегі қарама-қарсы екі-үш үйдің арасында болғаны әлі есімде. Мұндағы Масғұт (1960 ж. басылымында Мұқаң кейіпкердің атын Мақсұт деп өзгерткен. Ол 1922 ж. басылымында Масғұт.) дегені - Тоқымбайдың мезгілсіз қаза болған аяулы ұлы Сейіт, арам оймен зұлымдық әрекет жасаған Жұмағұл дегені - Әмзенің Смағұлы, оны жақтап демеуші болған Ақтай дейтіні - Әуездің Ахметі. Қадиша Жолдыбайдың жесір қалған қызы - Қанипа, ал Әміре - қатыгез, сараң адам Әмзе, дүниеқұмар Қондыбайы - қисық ауыз Жолдыбай болатын... - "Өнегелі" естелігінде тілге тиек етеді.
"Оқыған азаматтағы" ең соңғы "Боран үскіріп ұлып тұр. Асау жел ащы күйінен жаңылған жоқ, ойнақ салып қайғылы сары бел боран әкеліп тұрған ақ киімін қымтай түсіп, жата берді", - деген сөйлем қаһарлы асу, безбүйрек белес - Күшікбайды елестетеді.
Болашақта "Оқыған азаматты" драмаға айналдырғым келеді. Бәлки...