Қазақ халқының ән өнері ерте кезеңнен бері қалыптасып, дамып, тұрақты орныққан асыл қазына. Қазақ халқының тарихында күрделі орын алған үлкенді-кішілі оқиғалардың қай-қайсысы болса да халық әнінің мазмұнынан көрініс тапқан. Халық әндерінің өміршеңдігі де осындай қасиетінде. Әрине, Абай айтқандай: «Әннің де естісі бар, есері бар». Өмірдің әр құбылысын әнге қосып, өз шежіресін әнмен жазған халқымызда шығарушысы ұмытылса да, мәтіні мен әуезі ел жадында сақталып келе жатқан бірнеше мың халық әндері бар. Кезінде композитор, музыкатанушы Хасен Қожа-Ахмет «Қазақ әндері қалай космополиттанды?» деген мақала жазып, генетикалық жадымызға жат ырғақтардың жаппай етек алуын тайға басқан таңбадай көрсете отырып, «бұл жағдайымызды түзеуге кіріспей ренжіп, бүлінген күйі бүк түсіп жата беру, түбі, қазақты ұлттық суицидке әкелетіні анық» деп жазған еді. Онда мұндай жат музыканың ұлттық сөйлеу құрылымы мен ырғағын да танымастай өзгертетінін дәйекті дәлелмен шегелеп тұрып айтқан. Бүгін біз сол тұсқа да кеп қалғандаймыз. Кешегі мен бүгінгі әннің сөзі сазын қоса талдап, оның адам жанына, ойлау жүйесіне әсерін ғылыми түрде жіліктеп тұрып алдыға тартар арнаулы еңбектер көптеп жазылса, осы айтып отырған ойымыздың ақиқатына көп адамның көзі жетері еді...Қазақ сөзінің көзге алдымен түсер бір ерекшелігі – астарлылығы. Ол қасиет қарсы жақтың да сол астарды қапысыз түсінуі себепті, тіпті де жетіле түскен. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деңгейі ұлттың ойлау жүйесінің ұшқыр, бойындағы сөз қуатының күшті, түйсіктің соншалықты сезімталдығын көрсетеді. Қазақтың классикалық әндерінің қай-қайсысын алсаңыз да жалаңаш мәтін жоқ. Сөздердің мәні адам бойындағы небір қалтарыс, бұлтарыс сана сезіміне соқпай өтпейді. Бұл сөздер сол сезім түйсіктерді үнемі шынықтырып, жетілдіріп отырады. Осыдан адамның ойлау жүйесі (формасы) қалыптасады. Ол форма – өте алуан қырлы, сан тараулы, кез келген жерден өзге мағынада ойлап үлгеретін, тұйыққа тірелмей шығар жол таба білетін әмбебап ойлау формасы. Енді мұнан үлкен мәселе туындайды. Қараңыз!
«Адам жол таппай адаспайды, ой таппай адасады» дейді атақты жырау Алмас Алматов. Ой тұйыққа тіреліп шығар жол таппағанда адам өзін өлімге тірейді екен. Физиканың заңдылығы бойынша электр жүйесінен шығатын өрттің екі сымның қысқа тұйықталуынан болатын секілді, адамның өзін өлімге итермелеуі сол ойдың тұйықталуынан болатыны туралы ғалымдар көптеген зерттеулер нәтижесінде тұжырымдамалар жасаған.
«Сен мені іздеме», «аққайыңның түбінде жігіт пен қыз кездесті», «не деген бітпейді, айтпашы өкпеңді, саған не жетпейді?», «қателіктерімді менің түсіне алсаң кешір» деген секілді тақырға түскен тарыдай тақылдаған сөздер жастар жанын жалаңаштап, адами сезімдерін семдіріп, түйсіктерін тұмшалап жатқанын байқай алдық па? Түзу барып түзу келетін жол секілді қатып қалған сөздер олардың санасын бір мәселеге тап келгенде еркін ойлай алмайтын, келесі бір жағынан шығар жол тауып кете алмайтын, өмірдің иірім-қайырымына икемсіз, қауқарсыз күйге түсіруде. Ал, біз қызығып айта беретін аталарымыздың ірі мінезі, кең кісілігі, қандайда бір жағдайға тап келгенде аспай-саспай айналып өтер жол табар ерекшелігінің бір себебі өздерінің әндеріндей астарлы, кең, еркін ойлау жүйесін қалыптастырған қазақы сөздің табиғатында жатқан жоқ па? Бұл әннің сөзіне байланысты жағы ғана. Оның арғы жағындағы қара өлең, әуеннің әңгімесі бөлек...
Қазіргі қазақ тіліндегі ән тақырыптарының қайталамалар арқылы жасалуына «Опмай-опмай», «Зың-зың», «Биле-биле», «Пия,пия», жатқызуға болады. Бұл әндер тақырыптық олқылыққа ғана емес, сол олқылықтың ішінде іннің мазмұны жағынан да ақсап тұр. Мән мен мағына, ұғым мен концепт деген дүниелерді ажырату былай тұрсын, ұйқастың құрылуында деконструкциялық қателіктер өте көп. Ендеше ән мәтініне талдау жасап көрейік:
«Опмай-опмай, опмай-опмай,
Мыналарың қайтеді?.
Ал біреулер Астанада жоқ дейді
Ал біреулер Алматыда бар дейді
Шымкенттің қыздары «зың» дейді
Әуеннің ырғағына сай ән мәтінінің жеңіл болуы да заңды құбылыс. Десе де стилистикалық мағына бере алмайтынын ескеру керек. Ал осы «Опмай-опмай» әнінің стилистикалық әсер берудегі ықпалы ше? Ән ютуб желісіндегі көрсетілім тұрғысынан 92 миллион қаралым жинаған. Бұл Қазақстан халқының бес есе көрсеткіші. Демек ғаламтор тарамаған аймақтарды есептемегенде әр қазақстандық 9 рет қарап шыққан деген статистиканы көрсетеді. Әннің тыңдарманы осыншалықты көп болуына қарай бұл ән ғаламторда танымал әндердің қатарында. Әзіл ән есебінде жазылды дегеннің өзінде бір сөйлемнің мәтін ішінде 5 рет қайталануы әннің стилистикалық нормасын бұзатыны белгілі.
Ақ футболка, жынды ашки (очки)
Менің «приорам» как с фильма «Тачки»
Қалтамда бар «2 Лесбухи»
«MP3 плеер», «сағыз-фрути».
Біз жылжимыз, қаңғырамыз
Қарасам тұр алдымда қыз
- Вашей маме зять не нужен?
Приглашу в донерку тебя на ужин
А так то мен «простой» емеспін
Конкретно тебе выкатил как Элвис Прэсли
Жастар арасындағы жаргон, диалект сөздердің басын біріктіре отырып, жай ғана жеңіл ұйқасқа, жеңіл әзілге құрылған осындай әндер де тыңдарманның назарын өзіне аудартып, танымал болып жүр.
Құдаларым билеп отыр дейді
Құдашалар билеп отыр дейді
Нағашы жұрт билеп отыр дейді
Құдағиым билемейді дейді
Ал класстастар қайда?
Чип,чип,чип магдалена қайда?
Кейбір жігіт аспанға қарап жұлдыз санай ма?!
Менімен биле дейді, бұл «дискотека» дейді
Денеңді бос ұста дейді, из девяноста дейді
Ал жетпіс тоғыздар қайда
Әннің әр тармағы мәнсіз, себебі, әр тармағы жекелей бір әннің сөзі емес, бірнеше автордың тармақтық байланыстарынан құрылған. Қазіргі қазақ әндерінің стилистикалық бояуға қанықтығы, ақындардың сөз этикасы мен сөз концептісн дұрыс қолдана алуын, саралай отырып, ән мәтіндерін жазатын ақындардың ерекшелігі ‒ сөз қолданысында, көркемдігінде екендігіне баса назар аудару керек. Кез келген ән авторының қаламгерлік дағдысында ерекше баяндау формасы болатыны белгілі.
Қорыта айтқанда қазақ әндерін текстологиялық тұрғыдан арнайы түрде зерттеп, әр әннің тұрақты мәтінін анықтау қажет. Олай болмаған жағдайда әркім әртүрлі сөз қолданып, әндердің мазмұны эмоциялық күші әлсірейді, ал бұл әннің құдіретін азайтады. Қазіргі шақта жүріп жатқан музыка саласындағы үдеріс пен үрдістер ұлттық әніміздің әуеніне ғана емес, мәтініне де мұқият болуды міндеттейді. Әр әннің мәтінін тарихи тұрғыда зерттеп, әр дәуірдің өзіне тән сөзі мен сөз саптауын анықтау және оны орнымен қолдану қажет. Сонда біз әннің, оның сөзінің қай дәуірде туғанын, оның қалай дамып, қаншалықты өзгеріске түскенін білуге қол жеткіземіз.