Қирау – бұл сый, қираған үйінді – жаңаруға жол

Қирау – бұл сый, қираған үйінді – жаңаруға жол
жеке
блог

Мен фильмдердегі диалогтарды бақылағанды жақсы көремін. Кейде сондай монологтардан, не ойлардан өзіңе таныс бір күйді, толғандырған сұрақтарыңа жауаптарды тапқандай боласың. Ара-арасында блогыма өзіме ұнаған диалогтар топтамасын қазақша аударып және оған кішкене сипаттама беріп отырсам деп шештім.

Бүгінгі жазбам «Ешь. Молись. Люби» фильміндегі диалогқа арналады. Диалог болғанда бұл кейіпкердің сүйіктісіне жазған хаты. Екеуі көп ұрсысып, бірақ ажыраса алмай жүреді, яғни бір-бірін қимайды, сонымен қатар бірге болу да жақсы нұсқа емес екенін түсінеді. Кейіпкер біраз уақыт алып, Италияға сапарға аттанады. Сол жақта жүріп сүйгеніне жазған хаты:

«Қымбатты, Дэвид!

Бір-бірімізге көптен бері жазбай кеттік және осы уақытта мен көп ойландым. Есіңде ме, сен «бірге болайық, бақытты болу үшін осының бәріне төзу керекпіз» деп едің ғой. Біржолата айрылысайық деген ойыңды ұзақ уақыт қолдамай келгенімді махаббатымның дәлелі ретінде қабылдадың. Бірақ достарым мені бір ғажайып жерге апарды. Августен деп аталады. Октавиан Август өзіне кесене тұрғызған. Кейін варварлар келіп кесенені және оның айналасындағының бәрін қиратып кеткен. Август – шындығында Римның ең бірінші Императоры. Және бір күні ол тұрғызған Рим, оның әлемі күйреуге ұшырайтынын білді ме? Орта ғасырда кесенеге біреулер келіп, императордың мәйітін ұрлап әкеткен. XII ғасырда мұнда Колонна тайпасының бекінісі болған, кейін бұқаларды күрестіретін алаңға айналдырған, одан беріректе дәрі-дәрмек сақтайтын қойма болған, ал қазір үй-күйсіз жүргендердің баспанасы.

Бұл орын Римдегі ең тыныш, оңаша қалуға мүмкіндік беретін бірегей орындардың бірі. Ғасырлар бойы бұның айналасында қала қатты дамып кеткен, алайда дәл осы жерде ішіңдегі мұңыңды жете сезінесің, өйткені қайғының дәмі тым тәтті.

Біз бәрін қалай бар, солай қалдырғанды қалаймыз. Қайғымызбен санасып жүре береміз, өйткені өзгерістен қорқамыз. Бәрі уысымыздан шығып кете ме деп қорқамыз. Бірақ мен айналама қарап, бір кездері астан-кестеңі шыққан жердің қайта қалпына келгенін ойладым. Содан кейін жаным тыныш тапты. Бәлкім астан-кестеңі шыққан менің өмірім емес, әлемнің өзі сондай шығар. Және адамның қателесетін жері, сондай біріне байланып қалу. Қирау – бұл сый, қираған үйінді – жаңаруға жол. Тіпті осы мәңгілік қалада Августен маған шексіз өзгерістер толқынына дайын болу керегімізді көрсетті. Біз өзгерістен қорқып, бірге болудан гөрі керемет нәсіпке лайықпыз».

Қарым-қатынастың былайша айтқанда, "тупикке кіріп кеткенде" осы фильмді көруге ұсынар едім. Өзгерістен қорықпау керек, өзгерістен қалай аман шықсам, жан қайғымды қалай бассам деп ізденген адамға әрдайым жол табылады. Тек ізденіс керек және бәрі жақсы болатынына сенім.