Қиратушы ойлар

Қиратушы ойлар
жеке
блог

Бұрын мен ҚТЛ түлектерін жек көретінмін. Онда оқитындардың барлығы діни фанаттар, білімді болғанымен, адами тұрғыда тек ана өмірге ұпай жинау үшін ғана жақсылық жасайтындай көрінетін. Кейін хиджаб киген қыздарды көрсем жүйке жүйем қоза түсетін. Шымкенттіктерді жақтырмадым, меніңше, олар түптеп келгенде тек өз пайдасын ойлап кететіндей болатын. Орыстардың ашық-шашық, ойнас құруға даяр мінездерін жек көретінмін. «ДОМ 2» олардың бейнесі іспеттес болатын.

Онымен қоса, бір адамды жақтырмай кету, бір әншіні, актерді жай ғана ұнатпай кету – бұл да бір төбе. Онымен қоса, адамның сықпыты мен сипатын, өмірді өз қалауыңша сипаттау, елестету, қатып қалған ережелермен өмір сүру, шектен шыққандарды жазғыру... айта берсе көп екен.

Әрине, мұның бәрін мойындау мен үшін оңай емес. Соңғы кездері, басымда қаншама стереотип болғанын ұғынып жүрмін. Және сол қиратушы ойлар өміріме қанша кедергі әкеліп жатқанын ұғынбаппын. Сонау күннен бастап, иә, иә, Бурабайда жалғыздықта ойланған күннен бастап, ішімдегі толған стереотиптерден арылуды бастадым. Және бұл оңай да емес екен. Сан мыңдаған ойларыңның ішінен бұзылғанын табу қандай қиын екенін білсеңіздер... Ал тапсаңыз, өмірдің жаңа белесінің есігін ашқандай, жаңа мүмкіндіктердің есігін ашқандай боласыз.

Осы уақытқа дейін өміріме зиян келтірер қаншама ауыр ойларды арқалап келгенімді түсінбеппін. Және мұны неге ешкім маған айтпаған, неге білмегенмін деп ойланамын. Бәрі оңай екен ғой, бәрі менің ойларым екен ғой.

Әрбіріміздің ішімізде құрт жатыр, өзіміз түсінбейтін, көрмейтін, өмірімізге кедергі болатын, солардан құтылыңыздар, түзеңіздер, позитивті ойлаңыздар, сонда бәрі түзеледі.