ҮШБҰРЫШТЫ ТІЛЕК
блог
Ол: Соншалықты көп оқиғалар ішінен оның бейнесін таба алар емеспін.
Витрувиандық адам: Бұл сенің тілегіңе байланысты.
Қозғалыс пен тоқтаудың арасында дем алуда Ол. Алакөлеңке түстер оның табан астындағы еденнің шаңды қабатынан бастап, қызыл шатпақ картиналарға толы қабырғаларды, айналасында шашылып жатқан бояулар мен қағаздарды, керексіз ірілі- ұсақты заттардың бәрін бірдей құшарлана құшып жібергісі келмейді. Бірақ шығысқа қараған терезеден төніп келе жатқан таңғы жарық бөгде болып бөлініп қалуға тырысқан бөлменің ішіне ентігіп еніп барады. Ол жерде жатқан ақ қағазға ұзақ қарап тұрды. Бейне іздеді. Тағы да төртбұрыштар мен дөңгелектер, үшбұрыштар мен сызықтардан басқа ештеңе көре алмай тұрды. Қарсы алдында ілулі тұрған витрувиандық адамнан көзін ала алмай, тамағы қысылып барып әрең жіберді. Ауыр ауаға толып кеткен бөлмеден ол қашты. Күнделікті дағдыға сәйкес жолдармен амандасты. Аяқтары сол баяғы іздермен алға қарай жүгіре бастады. Жарық жермен енді құшақтасып, туман әлі көкке көтеріле алмай күйбеңдеп жүрген уақыт еді. Ол тұнықтықпен тұншыққан кеудесін ашып, аяқтарын бірқалыпты қозғалыста басқарып келе жатты.
1- Бірінші кескін.
Алтау болды. Қара костюм шалбар киген алты бас. Артындағы үшеуі алдындағы үшеуінің ізін басып келеді. Қатардан шығып қалуға болмайтындай, аралары қатаң заңмен байланып тасталғандай. Алтауы сап түзе тізіліп, дәл кесілген ағаш түбіртегінің маңынан өтіп бара жатты. Жолдың қарсы бетінде, жоғары қарай бағыт алған Бастар оған соншалықты бұлыңғыр көрінді. Ол бұлыңғырлықпен бетпе -бет келді. Бірақ бөлмедегі шаңдардан әлі тазара қоймаған оның ойының ықыласы бұл біртүрлі адамдарға түсе қоймады. Тек тынымсыз жорғалайтын қаланың адал құмырысқаларын көргендей елемей өтіп кете берді. Алтауы алыстап бара жатты.
Суретшілер үйінің асханасы түскі уақытта төбелері көкке жетпей жүрген, жетседе соғылып барып жерге құлаған жолаушыларға толып кететін. Ол іштей әлі витрувиандық досымен сөйлесіп отырғанда, дастархан үстіндегі достарының сөздері оның құлағын кеп жыбырлатып жіберді.
Бірінші досы: Тәңертеңгі жауған жаңбырды айтам, күздің соңғы жасы сияқты тереземнен сорғалап...
Екінші досы: Айтпа, алғашқы қардың әсері басқа болады, Абай қалай суреттейтін еді осыны, қалай еді әлгі өлең жолдары...
Үшінші досы: Жоқ, Абайда ондай өлең барма еді, мен білмейді екенмін. Бірақ тәңертеңгі туманды бейнелейтін Айвазовскийдың бір картинасы бар ғой, аты қалай еді, қазір... қарсыз, жаңбырсыз, күздің туманды ерекше таңы...
Ол ішіп отырған шайының дәмінен күдіктеніп қалды. Қант туралы ойланып кетті, салды ма әлде салған жоқпа?
Төртінші досы: Ия, Айвазовскийдың ол картинасын білем. Ол жерде қатты желден майысқан ағаштар, тап бір адамдар тәрізді. Аты меніңде есімде жоқ. Негізінде, бұл заман дауылынан сынған тұлғаларды бейнелейтін сияқты. Алматыда бес жыл тұрып, алғаш көріппін тәңертеңгідей дауылды...
Ол өзінің таңғы сезімін ұмытып қала жаздады. Бірақ соншалықты ештеңе есінде жоқ, әдеттегі күзгі бұлтты аспан, әдеттегі жол кептелісі, әдеттегі шұбалыңқы ойлар. Одан басқа ештеңе жоқ. Дастархан үстіндегі төртеуі бір- бірімен қолдарындағы шанышқы, қасықтарын, көздері мен мұрындарын ауыстырып жатқандай көрініп кетті оған. Бетін сыйпады да тұрып кетті. Бір қадам аттай бергенде алдынан қызыл көйлекті құлпырған таныс қыз соқтығып қалды. Бойында пайда бола қойған нәзік дірілді ойдағы сұрақ басып жіберді.
-Тәңертеңгі ауа райы туралы не айтасың?
-Ауа райы?- Қыздың жүзіндегі жымиыс жоғала қойды.
-Қал- жағдайың қалай дегеннің орнына, ауа райы туралы сұрағаның қызық екен, соншама уақыт кездеспей жүріп... Ауа райы тамаша, дәл мен сияқты, күн жарқырап тұрды. Қазірде, дұрыс ғой.
Ол қыздың бетінен сүйді. Бұны күтпеген қыз ыңғайсызданып барып қайта күліп жіберді. Қыздың ғажайып иісі оған өзінің түс көріп тұрмағанынына көзін жеткізді. Бұл әдепсіз әрекетін қоштасу ишаратына айналдырып жіберді де жүре берді.
Кеш болғанына басқалар сияқты ол да сенді де, үйге қарай бет алып жолға шықты. Жүйкені тоздыратын жол кептелісінен босап, қала сыртына қарай кететін даңғыл жолға шыға бергенде жол шетінде көлік апатына ұшыраған қыз бен жігітті көрді. Күні бойы тыным таптырмаған ойлары шағылып түсті де, бойын жинап көмек көрсетуге сыртқа асықты. Жігітті соғып кеткен қызды көріп келе жатыр еді ОЛ.
Қыз: Мен оған әбден айтқам, қаладан шықпай тұрып, көлігіңді тексертіп ал деп, міне, енді бұзылды да қалды, жарты жолда, ал бізді тойда жұрт күтіп отыр. Егер көмектесе алсаңыз жақсы болар еді. Кешігіп барамыз.
Ол қанша тырыссада алдындағы ашулы қыздың жүзінен біреуді соғып, өлтіріп ала жаздаған адамның қорқынышын байқай алмады. Жердегі жігітке қарады. Жігіттің жерде жатпағанына, отырғанына енді ғана көзі жетті.
- Бауырым, мына қызды, айтқан жеріне апарып салшы, немесе таксиге отырғызып жіберші. Менің кейде мұрынымнан қан тоқтамай ағып кететіні бар еді. Қазір тоқтай қоймайтын сияқты. Орынымнан тұра алмай отырмын. Ішке кетсе болмайды деген... Мына бойжеткенге айтсам түсінбейме, бірдеңе. Ақшасы да керегі жоқ, кете берсінші, айтшы...
Ол тағы бетін сыйпады. Қарама- қайшылықтар ішінен үндестік тауып алған екеуі өзара өте жақсы түсінісіп тұрған еді. Екеуі бір -бірін сүйемелдеп кете берді. Ол табиғаттың тіліне бас иді.
Жер бетін қараңғылық қаптап, қиялдар көкке ұшып, қанаттылар дем алған шақта Ол қылқаламын ақ қағазға сүртпектеп отыра берді.
Ол: Соншалықты көп оқиғалар ішінен оның бейнесін таба алар емеспін.
Витрувиандық адам: Бұл сенің тілегіңе байланысты.
Ол «игі жақсы» деп аталатын таңды қарсы алды да таңғы серуенге дәндеп алған денесін сүйреп, далаға шықты. Жолдармен амандасып, алға қарай жүгіре берді.
2- Бірінші кескін.
Тағы Алтауы еді. Қара костюм шалбар киген алты бас. Артындағы үшеуі алдындағы үшеуінің ізін басып келеді. Қатардан шығып қалуға болмайтындай, аралары қатаң заңмен байланып тасталғандай. Алтауы сап түзе тізіліп, дәл кесілген ағаш түбіртегінің маңынан өтіп бара жатты. Жолдың қарсы бетінде, жоғары қарай бағыт алған Бастар оған соншалықты бұлыңғыр көрінді. Және кешегі түсін қайталап көріп тұрған адамдай аздап абдырап қалды. Ол осыны ғана ойлап үлгергенше Алтауы жанынан өте шықты. Тағы қайталанған бұл бұлыңғырылық оны қызықтырып кетті. Алты бастың жүзін анық көргісі келген ол артына жалт бұрылды. Алтауы жоқ. Бұрылысы болмаған ұзын жол үстінде ғайып болды Алтауы.
Осы сәтте оның көз алдын бейне басып кетті. Шеңбер мен төртібұрышты, үшбұрышты, сызықтар мен нүктелерге толатын ақ қағазына асықты. Үйге қарай жүгірген аяқтары бәсеңдеп, іштен бір аштық сезімі туа бастады. Көздері жалаңаш адамды іздеді. Тұңғиық аштық оның тұла бойын тепкілеп, көршінің пәтерінің есігін қағуға дейін алып келді. Есікті ашқан әдемі қыз:
-Сәлеметсізбе, кімді іздедіңіз?
-Мен сіздің жалаңаш денеңізді көргім келеді.
-Ау, түсінбедім, -деген қыздың дауысы іштегі жолдас жігітті шақырды.
-Сізге не керек?
-Маған жалаңаш адам, егер қарсы болмасаңыз сізде бірге шешінсеңіз болады.
-Түсінбедім, біз ба, не үшін? Сіз есіңізден ауысқансызба?
-Жоқ, мен суретшімін, мына қарсы беттегі пәтерде тұрамын. Бәрі дұрыс, тек маған көмектесе алсаңыздар жақсы болар еді, мен бұның қомақты төлемін де жасап беремін.
Екеуі есікті тарс жапты. Есік сыртында қалған ол енді өлген адамның бұлшық еттерін көргісі келді. Бөлмесіне қарай асықты. Пәтерде жалғыз өзінің тұратынын білседе, әлдебір жаратылыс иесі бар, ол соны бөлшектеп ақтарып көргісі келетін сияқты сезім оның ішінде анталап жатты. Тіпті болмағанда бұл тәжірибені өз -өзіне жасап көруге дейін бекінді. Қабырғаларға толы картиналар мен бояу, қағаздар мен қарындаштарға, аты жатталып бітпес құралдарға толып кеткен едені, бөлмелер ішінің ауыр ауасын жасауға көмектесіп тұр. Ақ қағаздарының бетіндегі түрлі -түстермен арпалысқан оны кенет қағылған есік қоңырауы оятты. Сырттан бірнеше полиция қызыметкері көрінді.
-Сәлеметсізбе, біз полиция бөлімшесіненбіз. 28 -үй, 55- пәтерде орын алған кісі өлімінің мәселесі бойынша келіп тұрмыз, ішке кіріп тексеріс жасауға рұхсат етесізбе?
Ол аңтарылып қалды. Полициялар бөлмелер ішін қарап шықты.
-Кешіріңіз, біз адрестен қателескен сияқтымыз. Мазаңызды алғанымызға айып етпеңіз.
Ол енді ғана тынышталды. Іштегі алмағайып толқын толастағандай, бойы жиналып, терезеден түскен күн нұрымен көзін шағылыстырып отырып қалды. Бір бұрышта жатқан телефонына көзі түсті де, қолына алғанда, оннан астам қабылданбаған қоңыраулар тізімі тұрды. Теріп отыруға ерінді де, дыбыссыз режимнен шығарып, телефонды орынна қайта тастай салды. Беті -қолын жуып, түрін ретке келтіріп, кофе ішіп отырса да, ойындағы іздеген бейнесі кетпей қойды. Кештің тез батып, таң атқанын күтті.
3- Кескін
Тағы Алтауы еді. Қара костюм шалбар киген алты бас. Артындағы үшеуі алдындағы үшеуінің ізін басып келеді. Қатардан шығып қалуға болмайтындай, аралары қатаң заңмен байланып тасталғандай. Алтауы сап түзе тізіліп, дәл кесілген ағаш түбіртегінің маңынан өтіп бара жатты. Жолдың қарсы бетінде, жоғары қарай бағыт алған Бастар оған соншалықты бұлыңғыр көрінді. Бірақ ол күндегідей жүгірмеді. Бір орнында тоқтап, Алтаудың жүзін жақындап көруге тырысты. Алтаудың алдында тұрды. Бетпе бет келді. Алтау жақындаған сайын оның көз алды бұлыңғырланып, тұмандана берді. Жотасын суық тер басып, аяқтары дірілдеп, тізесін жерге қалай бүгіп отырып қалғанын өзі де байқамай қалды. Арада бірнеше секунд өткенде ғана барып, есі кіріп, көздері ашыла бастады. Ол артына жалт қарады. Алтауы жоқ. Бұрылысы болмаған ұзын жол үстінде ғайып болды Алтауы.
Ол қатты тітіркенді. Ауырсынған денесін сүйреп бөлмесіне әрең жетті. Витрувиандық адамның алдында тұрды. Картинадағы көздер одан қуат алып жатты. Әбден әлсіреген ол төртбұрыштар мен үшбұрыштарға, дөңгелектер мен нүктелерге толы ақ қағаз бетіне жығылып түсті. Ол іздеген бейнесінің дем алысын сезіп жатты.