Қазақ киносының бүгінгі хәлі қалай? Қазақ фильмдерінің рейтингісі қаншалықты өсуде? Тарихи фильмдер мен деректі фильмдердің жарнамалануы неге ақсаңдап жатыр? Осы сұрақтарға жауап алу үшін журналист, редактор, Досмұқасан ансамблі, Қаныш Сатпаев туралы түсірілген деректі фильмдердің сценарисі Жазерке Қаратаевамен әңгімелескен едік. Киноөнер туралы әңгімеміз жас маманның осы киноиндустрия туралы ойын толықтай ашты.
- Қазақстандағы сценарист жұмысының ерекшеліктері?
- Қазақстандағы деп бөліп жармай ақ, жалпы сценарист жұмысының өзі ерекше ғой. Жан-жағында болып жатқан дүниенің бәрін ысырып қойып, өзге әлемге бойлап, ойдың жетегінде, шабыттың буымен түрлі тағдырлардың сценарийін құрастырасың. Шиелінісі, шарықтау шегі бар, бәрі шым-шытырық, өзгеше сезімге ерік береді.
- Неге қазақ фильмдерінің рейтингі американдық фильмдерге қарағанда төмен?
- Біріншіден, американдық фильмдердің деңгейі бізден әлдеқайда өсіп кеткен.
Дегенмен, бізде де қазір түрлі жанрда фильмдер көбейіп келеді. Фильм индустрия даму үстінде.
Екіншіден, уақыт жетіспеушілігі деп есептеймін.
Қателеспесем, “Бригада” сериалын, 20 бөлімнен тұратын сериалды 1 жыл түсірген. Ал бізде ол 20-30 күннің ішінде түсірілу керек деп міндеттеледі. Ал уақыт қаражатқа келіп тіреледі.
- Қазіргі таңда Қазақстанда түсіріліп жатқан комедия жанрындағы фильмдерде қандай минустарды байқайсыз?
- Арзан сөз, бос күлкі, кәсіби юмор жазатындар мен сөздің парқын түсінетін мамандардың жетіспеушілігін.
- Тарихи фильмдер, деректі фильмдер жарнамалануы неге ақсаңдап жатыр?
- Осы сұрақ мені де ойландырады. Сұраныстан да шығар. Бәлкім, қолдаудың жоқтығынан.
- Деректі кино түсіруде адам бейнесін (басты кейіпкер) мінсіз көрсету дұрыс па?
- Бізде әдеби туындылар, фильмдер болсын, басты кейіпкерді сомдайтын тұлғаны тым мінсіз етіп көрсеткеннен көп келеңсіздіктер кездеседі. Айналамыздан “идеальный” адам іздейміз. Сондай адаммен ғұмыр кешкіміз келеді. Кейін кемшілігін, пенделігін көрген кезде ауыр тиеді, қабылдай алмайсың. Белгілі бір тұлғаны да олай пір тұтпас үшін, осал тұсын көрерменге көрсету керек. Қабылдау оңайға түспейді. Бірақ шынайылық бар жерде өмір. Тым теңдессізге балап, ақ-қарасын ажырата алмағаннан жақсы.
- Өзіңіз қандай кино туындыларына сценарист болғыңыз келеді? Жоспар бар ма?
- Мен бізге беймәлім, қазақтың қалыптасуына атсалысып, сыртта көрінбей қалып кеткен тұлғалар туралы фильмдерге және детектив жанрындағы фильмдерге сценарий жазғым келеді. Одан бөлек, біздің ұлтымызға сіңіп кеткен кейбір салттардың кемшің тұсын көрсететін, озбырлыққа алып келетін дүниелерді ашып көрсететін туынды жазуға ниеттімін.
- “Қоянбаевтың түсіргенін кино деп айтуға болмайды, осыны адамдарға айтып түсіндіру керек. Баян Алакөзова да кітап жазды, бірақ ол әдебиет емес. Нұртас Адамбаев, Нұрлан Қоянбаев, Қайрат Нұртас пен Төреғалидің түсіріп жатқаны кино емес. Кино деп "Тақиялы періште", "Атамекен", "Қыз Жібекті" атауға болады. Ал бұлардың істеп жүргені – мазақ"- деген бір сұхбатында Ермек Тұрсынов. Бұл сөздерімен келісесіз бе?
- Көпке топырақ шашуға болмайды. Нұртас Адамбаевтың фильмдері комедия болса да, айтар ойы, жеткізер “посылы” бар. Ол қоғамдағы мәселелерді көтере біледі. Ал кейбіреулерінікі тек коммерция. Әр дүниенің өз көрермені бар. Оны тіпті, “Тақиялы періште”-мен салыстыруға да келмейді. Бұлар өміршең емес. Әркім өз ой биігіне байланысты қалағанын таңдап көруге мүмкіндігі бар. Мәселен, мен ол фильмдерге ақша төлеп бармаймын. Тек премьерасына болмаса. Әр адам қалтасындағы ақшасына ертеңге азық болар дүние көре ме әлде құр күліп қайта ма ол, өз еркі.
- Әңгімеңізге рақмет!