"МЕЗГІЛСІЗ МАХАББАТ" жайлы бірер сөз
блог
Көрермен жүрегіне бірден жол тартқан «Мезгілсіз махаббат» телехикаясы да мәресіне жетті. «Хабар» арнасынан көрсетілген телетуынды жайлы елдің көзқарасы қандай екенін ютубқа жүктелген бөлімдерге қалдырылған пікірлер арқылы да біліп алуыңызға болады. Әдетте толассыз сынның астына алуға даяр тұратын көпшілік бұл жолы жылы пікірлерін аямай-ақ төгіпті. Осыдан-ақ халықтың өз менталитетінен ауытқымайтын қазақи фильмдерді қатты сағынып қалғанын байқау қиын емес.
Бір әттеген-айы, фильм өте қысқа, не-бары 14 бөлімнен-ақ тұрады екен. Тоймай қалған кинокөрермендер жалғасын түсіруді қалайды. Көпшілікке ұнайтындай-ақ бар, біріншіден, таза ана тілімізде түсірілген. Тіпті қала тұрғындарын да қазақ тілінде сөйлетіп, дұрыс жасапты. Әйтпесе толық орысша, яки жартылай қазақша, жартылай орыс тілінде түсірілген дүбәра кинолардан мезі болдық емес пе? Бұл жағынан алғанда, фильмде ешқандай мін жоқ, қазақ тілді көрермендердің қалауы толық орындалған. Демек, режиссер Толқын Сейдоллақызы бастаған түсірілім тобына алғысымыз шексіз.
Екіншіден, фильмге кіл тәжірибелі актерлер шақырылған. Дариға Бадық, Жарас Толғанбай, Мәлік Әбдіраманов, Айдос Бектемір, Гүлнар Сейтімбет... Бұл аталғандардың бәрі де жасандылықтан ада, кез-келген образға қиналмай кіріп кете алатын өз ісінің шеберлері ғой. Тек, қаладағы келіні Гауһардың рөлін сомдаған Айым Сейітметтің мұндай дүниелерге тәжірибесі аздығы байқалған. Бірақ негізгі кейіпкерлер басқа адамдар болғандықтан, Айымның жасандылығы оншалық еленбей қалған.
Үшіншіден, кинодағы жәйттердің бәрі өмірден алынған, айналамызда болып жатқан, күнделікті көріп жүрген таныс көріністер, тыныс-тіршіліктер. Қазіргі таңда бір ұлы қалада, бір ұлы ауылда қара шаңырақта күнелтіп жатқан отбасылар аз ба? Тұтынушылары бірде нақты ақшаға, біресе қарызға сауда жасайтын ауылдағы кішігірім дүкен, бір-біріне соңғы жаңалықты жеткізгенше шыдамайтын құрбы-келіншектер, кейде баз бір үй шаруаларына мойны жар бермейтін отағасы... бәрі де бізге жат емес, миығымыздан күліп қойып тамашалай беретін жып-жылы эпизодтар. Міне, әсіре-модернизацияға шалдыққан, бес-алты рет қайтара қарамаса миға кірмейтін ауыр дүниелер емес, бізге осындай жеңіл, тартымды оқиғалардан тұратын қарапайым туынды да қажет-ақ.
Кемшілігі қайда дейсіз бе? Рас, қазбаласақ кемшілік тауып алуға болады. Мәселен, Демесін ақсақал қалаға алғаш барғанда шатасып ұлы Әлидің үйінің емес, болашақ ғашығы Ғалия апаның есігін ашады. Фейсбук әлеуметтік желісінің қолданушысы Данышпан Байділданың пікірі құлақ түрерлік, "Ғалия апа бесінші үйдегі 27-пәтерде тұратын еді, ал ақсақалдың іздеген үйі жетінші үйдегі 27-пәтер болатын. Кейін осы екі үйдің балконы бір-бірімен көрші болып шығады. Ал шындығында, бесінші үй мен жетінші үйдің балконы олай бір-бірімен екі қадам ғана қашықтықта болушы ма еді?".
Жанры отбасылық комедия болғандықтан, жымиып отырып қарайтын тұстар аз емес. Комедия болғасын шығар, көрерменнің жүрегін ауыртып, төзімін тауысып тастайтындай оқиғалары қым-қиғаш шиеленісіп кететін тұстары жоқ. Ата мен апаның арасындағы іңкәрліктің қорытындысы қалай аяқталатынын білгенше асыққанымыз болмаса, көптеген мәселелер сол бөлімде-ақ шешіліп, келесі бөлімде мүлдем басқа уақиғалар баяндалып жатады. Сосын, кинода кейіпкер өте аз. Бар-жоғы 10 адам ғана. Соған қарамастан оқиға алға баяу жылжиды. Ақсақалдың махаббатының соңы немен бітетінін 14 серия бойы күтеміз. Финал түсініксіз аяқталады. Ғалия апа ақсақалды ауылға іздеп келіп, дастарханға жайғасқан жерінен кино түгейді. Не болды? Екеуі үйлене ме, әлде Ғалия апа жәй қонаққа ғана келді ме?.. Бәлкім, ол жағын шешуді түсірушілер оқырманның өз фантазиясына қалдырды ма екен? Қалай болғанда да қанағаттанбай қалдық.
Фильм жайлы өз пікірім осылай. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі дәуірді тап басып бейнелейтін жаңа өміршең кино түсірілді деуге негіз бар сияқты.
Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ