"Лашық" (The Shack) фильмі жайында

"Лашық" (The Shack) фильмі жайында
жеке
блог

Адам ұрланатын триллерлерді ұнатпаймын, өйткені, көп жағдайда ондай туындыларда көз жасы, қиналған жандар мен қан көп. Ал, триллер сәби тағдырына қатысты болса, тіпті, көргім келмейді. Хью Джекман мен Джейк Джилленхол ойнайтын "Тұтқындар" (Prisoners) туындысынан кейін қайтып қалғанмын. Маған ондай фильмдердің аңдатпасын оқу да жеткілікті — арғысына шыдамаймын. Былтыр "Лашықты" (The Shack) көруге достарым шақырған кезде сол себептен де бармаған едім. Бірақ, бұл туынды жыл бойы алдымнан шыға бергені. Бүгін бір кісілердің кеңесі бойынша қарап шықтым.

Әдетте қалай: біреу зұлымдық жасайды, зардап шеккен екіншісі содан кек алғанша тыным таппай, ақыр соңында дегеніне жетеді. "Лашық" та сол жүйеге сай басталады. Тіпті, солай болады деп те ойлайсыз алғашында. Бірақ, бір сәтте фильм сюжеті мүлде басқа арнаға бұрылады. Шығармаға салынған пәлсапаға сүйенсек: дұрыс арнаға.

Фильмнің бас кейіпкері бала кезінде алған жан жарақаты бар жігіт ағасы. Ол өзінің өткенін ұмытқысы келеді. Содан болар бүгінінен барынша ләззат алуға тырысады. Ел қатарлы өмір сүреді. Отбасылық жағдайы да жаман емес. Сүйікті жар, қамқор әке. Алайда, бір күні кейіпкердің өмірінде үлкен қайғы орын алады — орны толмас қайғы. Ол бір зұлымның кесірінен өзінің кенже қызынан айырылады. Арада қанша уақыт өтсе де, қарғыс атқыр зұлымды кінәлау өз алдына, кейіпкер өзін кінәлау сезімінен арыла алмайды. Сөйтіп жүргенде оған бір хат келеді. Хат жазушы кездесуге шақырыпты. Кездесетін жер: кенже қызы қайтыс болған лашық. Хат жіберуші — Құдай. "Мазақ па?", - деп ойлайды кейіпкер. Тіпті, жақын досын айыптап та үлгереді. Бірақ, хат иесі табылмайды. Кейіпкер көлікке мініп, лашыққа барады. Осы жерден фильмнің шынайы тұсы аяқталып, ертегіге жақындау тұсы басталады. Дегенмен мәселе онда емес. Хатты жіберген расымен Құдай болып шығады. Ол жаны қиналып жүрген пендені емдемек екен. Ал пенде емделудің жолын көрмей тұр. Ары қарай кейіпкердің өзін-өзі тануы, өз жанымен арпалысуы басталады. Ол дегеніне жетті ме, жетпеді ме фильмнен көрерсіздер. Енді маған берген әсері жайында жаза кетсем.

Тағдыр адамға түрлі сынақ береді. Сол сынақтарды өту кезінде адам ішінде түрлі әсерлер жиналады. Оның көбі жағымсыз десем, қателеспеспін. Өкінішке орай, көп адам өмір бойы сол жағымсыз әсерлерді арқалап жүреді. Бірақ бәрі түбегейлі жақсы болу үшін, одан құтылуға, оны жіберуге ұмтылу керек екен — туындыдан түсінгенім осы. Көп диалогтың ішінен мына сөз ұнады: "Сенің әрбір ізгі ісің ғаламды жақсы ете түседі...". Ал, жалпы фильм маған қатты әсер етті дей алмаймын. Өйткені, айтпақ ойына толық бойлап үлгергенім жоқ және соңғы нүктесін де миым қабылдай алмай жатыр. Дегенмен, алғашқы әсерім осындай деп біліңіздер.

Ал, түсірілімнің техникалық жағы, актерлық құрам мен жалпы сценарийдің өрбуі өз алдына жеке әңгіме. Ол жайында жазбауды жөн санадым. Төменде фильмнің орыс тіліндегі нұсқасы: