Қызыққа толы «Қыздар» телехикаясы

Қызыққа толы «Қыздар» телехикаясы
жеке
блог

Кино әлемінің жаңалықтары миллиондаған көрерменді бей-жай қалдыра қоймасы анық. Сол миллионның әрқайсысы киноның ішінде не болады деп көздері жасаурап, соңына дейін телміріп отырады. Үндінің, түріктің және кәрістің сериалдарының бірде-бір бөлімін ұмыт қалдырмауға тырысады. Сонда қазақтың киносын кім көреді?

       Бұрындары халық отандық телехикаяларды мүлдем көрмейтін. Кеш түссе болды  отыра қалып түріктің «Денизін», кәрістің «Ханзада Жумонын» тағы да басқа фильмдерін аңдитын. Сөйтіп отырғанда қазақ сериалдарына уақыт та қалмайды. Мойындаймыз, ол кезде қазақфильм әлсіреп тұр еді. Ал қазір бәрі де басқаша. Қазақ киноматографиясы қарқынды даму үстінде. Ұлттық менталитетімізді, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды көрсететін туындылар да жетерлік. Қазақы қалжың мен қонақжайлылығымыз да әр сериалдың сәнін келтіреді. Қарапайым халықтың өмірі мен тәлім-тәрбиесі тек қана отандық фильмдерден көрініс табады. Мұның бәріне «Қара шаңырақ», «Ағайындылар», «Сырғалым», «Әпке», «Жібек» сынды телесериалдарымыз дәлел.

        Заман ағымына сай дамып келе жатқан заманауи фильмдер де жетіп артылады. Жастардың өзі сүйіп қарайтын кино туындыларымыз да қаншама. Бірнешеуін тізіп өтейін: «Айжан», «Ұлжан», «Келинка Сабина», «Ауылдастар», «Вузеры», «Қыздар» айта берсең толып жатыр. «Қыздар» демекші, бұл телехикая менің таңдауым болып отыр. Себебі мұнда студенттік өмір мен қыздар арасындағы достық, ең бастысы журналисттік шығармашылық пен шеберлік бар. Қызық болып бар ма? Бұл фильмді көрсете алмасам да, түсінікті тілмен суреттеп берейін.

        Бар болғаны 32 сериядан тұратын бұл телехикаяның қызығы көп. Сценариий авторлары: Рашид Сүлейменов, Светлана Летрийчук пен Рустам Азаматов. Басты рөлді сомдайтын жалындап тұрған жас әртістер: Іңкәр Әбдіраш - Айлан, Әдемі Сүлейменова - Қаныкей, Гүлдана Ахмет – Мерей, Гүлназ Жоланова - Зере, Шер Әлі – Мирас, Олжас Нұрбаев – Шадияр, Серік Шәріп - Әлнұр, Қуаныш Керімқұлов – Диас және Дидар Кәден – Мәуленнің рөлінде. Қазақстан Ұлттық арнасы ұсынған  көркем фильм не жайында?

        Мерей мен Айлан ауқатты отбасының қыздары және өте сәнқой сұлулар. Екеуі бірдей емтиханға кешігіп қалады, оның үстіне бизнес жоспарлары да дайын емес. Айлан қандай жағдай болмасын шығар жол тауып жүретін ақылды, салмақты әрі айлакер. Мерей болса сәннен басқаны білмейтін сылқым. Олардың бар ойы далап, қалта телефоны және әдемі күлкі. Зере оқымысты, тәрбиелі, қарапайым және коледждің үздік студенті. Оның ферма жайлы жасаған бизнес жоспары басқалардың көңілінен шықпаса да деканға ұнайды. Әлнұр қылжақбас, қыздарға көп қырындайтын, өтірік айтқанды жақсы көретін жалқау жігіт. Мирас шетелден жаңа ғана келіп жатқан қалалық қамқор азамат. Шадияр сөзге жоқ тек оқуды ғана ойлайтын оқымысты. Ал Қаныкей тік мінезді, ойындағыны ашып айта салатын суықтау келген сұлу.

        Сонымен, Мерей мен Айлан деканға не айтарларын білмей сасқандарынан «жаңа заманға сай журнал шығарамыз» дейді. Міне, бәрі осыдан басталады. Әлі дайын емес журнал жайлы айтып бастарына бәле тауып алған қыздарға декан бір күн ғана уақыт береді. Сөйтіп олар мақала жаза алатын көмекші іздей бастайды. Ақыры Зерені көндіреді. Қаныкей суретке жақсы түсіретін. Соңынан жүгіріп жүріп қыздар оның келісімін әрең дегенде алады. Демек, фотограф та дайын. Енді журналды жазу ғана қалды. 

        Мирас пен Айлан бірін бірі бұрыннан ұнатады. Екеуі кездесіп қалғаннан кейін Айланның ойы тек сол болады. Ал Шадиярдың бар ойы Мерейде. Оның ағасының баспаханасы бар. Соның арқасында журнал өз уақытында шықты. Қыздар міндеттерін бөліп те үлгерді. Бас мақала Айланның өзінде, сән әлемі тек Мерейдікі және сұхбат пен басқа да тақырыптар Зеренің, ал суреттер Қаныкейдің мойнында. Осылайша бір күнде олардың журналдары пайда болды. Енді тек атын қою қалды. Қыздар әр түрлі нәрселер айтып, ақыры бір байламға келді. Журналға «17+» деп ат қойды. Олар әу бастан ақ мұның экономика пәнінен дипломдық жұмыс болып қана қоймайтынын түсінген болатын. Сөйтіп журнал апта сайын шығып тұратын болды.

         Міне, оқиға осылайша өрби береді. Қыздардың басынан түрлі жағдай, сынақ пен қиыншылықтар өтеді. Махаббат мәселесі де әуре сарсаңға салады. Әрине, өмірлері қызыққа толы болады. Қыздардың арасындағы достық бірде бұзылып, бірде татулыққа ұласып жатады. Маған қатты ұнағаны, олар журналисттік зерттеуді өте жақсы жүргізеді. Бұл менің жеке пікірім, әрине. Болашақ журналист болғандықтан мұның бәрі маған қажет ақпарат деп білемін. Студенттік өмір мен журналисттік жұмыс олар үшін ерекше көңілді, ерекше әсерлі және қайталанбас сәт!

        Армандары асқақ қыздардың тағдырлары да оңай болмайды. Бірақ, қиындыққа қасқайып қарсы тұра білген олар, өткеннен сабақ та алды. Журналдары жабылуға дейін барады. Шиеленіске түскен махаббат оқиғалары да жетерлік. Сонымен... не істерін білмей жүрген Мерей мың жігіттің ішінен бір жігітті таңдап алады. Ол өзі секілді сәнге жақын, дизайнер әрі ауқатты жігіт Мәулен. Қаныкей Диас есімді фотографпен танысады. Олардың махаббаты да түрлі сыннан өтеді. Зерені менсінбей жүрген Әлнұр, соңында ғашық болып қалады. Зере оның өзгеруіне көп септігін тигізеді. Айлан мен Мирас та ажырамас жұпқа айналады. Бұл дүниеде махаббат пен достықтан асқан ештеңе жоқ.

        «Бірлік бар жерде, тірлік бар» демей ме?! Бұл фильмнің соңы көрерменге дәл осындай ой салады. Олар бірліктің арқасында бәрін де жеңіп шығады. Ендеше, қыздардың соңғы сериядан жолдаған сәлемін ұсынамын:

«Сәлем! Менің атым Зере. Мен 18 жастамын. Коледжде оқимын және журналда редактор болып жұмыс істеймін». «Менің атым Қаныкей. Мен үшінші курста оқимын және «17+» журналында жұмыс жасаймын. Фото суреттерге, жалпы фотоматериалдарға жауап беремін». «Ал мен жақында 19-ға толамын. Мен Мереймін. Мен... қысқасы сәнмен айналысамын». «Ал мен Айланмын. 19 жастамын. Үшінші курсты аяқтап тастадым және мен «17+» журналының бас редакторымын».

        «Осыдан бір жыл бұрын, біздің кішкентай журнал осындай табысты кәсіпке айналады деп ешкім ойламаған еді. Біз барлық кедергілерден өтіп, жауларымызды жеңіп, нағыз табысты адамдарға айналдық. Біздің жеңіске жеткен себебіміз, ынтымағымыздың берік болуында. Сондықтан басымыздан қандай жағдайлар өтсе де,  мәңгі дос болып қалдық». СОҢЫ