«Хабар» арнасында «Тағдыр тартысы»!
блог
«Хабар» арнасында «Тағдыр тартысы» деректі драмасы эфирге шыққалы, қалың көрерменнің қызығушылығын айрықша тудыруда. Оның айқын дәлелі - әлеуметтік желілерде көрерменнің драманың әр бөлімін талқыға салуы. Отбасылық, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді кеңінен қамтитын «Тағдыр тартысы» деректі драмасын «5 СТУДИЯ TV PRODUCTION» шығармашылық ұжымы дайындауда. 16 мамырдан бастап «Хабар» арнасынан жол тартқан жоба қақтығысқа толы шым-шытырық қайшылықтар мен мазмұны мағыналы оқиғалардан құралған, көрермендерді бей-жай қалдырмайды. Шығармашылық ұжым бүгінде қоғамның қалыпты құбылысына айналған тасжүрек бала өзекке тепкен тастанды қария, араққа арбалған азаматтың қасіреті, ерлі-зайыптылардың кикілжіңі, келінінің әр ісінен кемшілік іздеп, күн көрсетпейтін ене, өгей шешенің қорлығын көрген бала секілді шынайы өмірден алынған оқиғалар арқылы ой тастап, мәселенің себебі мен салдарын анықтауға тырысады. Сондай-ақ, әмеңгерлік, алып қашу сынды халқымыздың ұмытылған, кейінгілердің бұрмалауының себебінен бүгінгі қоғам үрке қарайтын салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын ежелгі заңдылық бойынша көрсетуді мақсат етеді. Өмірде болған оқиғалар мен шынайы кейіпкерлер – жобаның басты ерекшелігі. Демек, тағдыр тауқыметіне ұшыраған жандардың өмірі - бүтін қоғамның болмысы. Өзгеретін де, оны өзгертетін де - адам. Басқалай болуы мүмкін емес.
Толқын Сейдоллақызы, жоба продюсері:
- «Өмір – кино емес. Үнемі «happy end» бола бермейді.» Қоғамда осындай қорқыныш бар! Өмір болған соң, жақсылық та, жамандық та қатар жүреді. Қайғысыз күндер болмай тұрмайды. Дегенмен, қиындыққа мойымай, тек жақсылыққа ұмтылсаң, бәрі де өз қалпына келеді. Біз осыны көрсетуге тырыстық! Тағдырмен тайталасқан кейіпкерлер тартысы арқылы өмірдің соқтықпалы, соқпақты тұстарын кеңінен көрсетіп, тығырықтан шығудың жолдарын рухани құндылықтармен (отбасы игілігі, адамгершілік, ұлттық намыс, т.б.) ұштастыруға көбірек көңіл бөлдік. «Батар күннің атар таңы бар» емес пе?! Өмірді өзгерту – өз қолыңызда!
Алмагүл Әлішева, қоюшы режиссер:
- Актерлер, көбінесе, кино әлеміне енді ғана қадам басып жатқан жаңа буын ішінен таңдалып алынды. Тіпті, жобаның кейбір бөлімдерінде оқиғаға қатысы бар шынайы кейіпкерлер де қатысуда. Біз ештеңені әсірелеуге тырыспадық, кәдімгі күнделікті өмірдегідей көрсетуге ұмтылдық. Бұл да бір жаңашылдық деп ойлаймын.
Мейрамбек Таубалдиев, сценарий авторы:
- Шынайылықтан алшақ кетпеуге тырысып жатырмыз. Себебі шын оқиға ғана көрерменге әсер етеді, сезімін оятады деп санаймын. Деректі драманың әр саны – өмірде болған оқиға, кейіпкерлер шынайы. Шындығы сол – біз ойдан ештеңе шығармадық, күйбең өмірдің қарбалас тіршілігін боямасыз бердік. Себебі бұл өмір ғой, бұл-адамның тағдыры. Тағдырмен ойнауға болмайды!
Иә, шығармашылық ұжымның айтуынша, көрерменді қызыққа толы оқиғалар күтіп тұр! Ендеше, «Тағдыр тартысында» мойымаған жандардың өмірін дүйсенбі-жұма аралығында сағат 11:40-та «Хабар» арнасынан бірге тамашалайық, көрермен!