"Салам, Нью-Йорк!"- бұл фильм жайында бұрын-соңды естімедім де, көрмедім. Кенеттен көруге тура келді. Бастысы, екі сағат уақытым зая кетпеді. Режиссері - Руслан Акун. Елі - Қырғызстан. Фильм Қырғызстанның киносатылымына 2013 жылдың 14 ақпанында түскен. Фильм Тәуелсіз Қырғыстандағы "ең кассалық фильм" дәрежесіне ие болып, жалпы құны 700 мың долларды құрады. Актерлер ойыны мен фильм сюжетінің олқылықтарын айтпағанда, фильмнің берері мол.
Қырғыз жігітінің Нью-Йорктегі "сториі". Қызық! Фильм қарапайым жігіттің адвокат болу арманын іске асыру мақсатында кездескен талай-талай қиындықтары мен өмірдің тосынсыйлары жайында өрбиді. Мақсатқа жету жолында алдына жан салмаған фильмнің бас қаһарманы Ба(а)тырдың басынан өткен жағдай шет ел ассақ, біздің де басымыздан өтуі мүмкін, өткен де болар. Басты мақсаты - Колумбиялық Заң факультетіне оқуға түсу.
Мақсатқа жету жолындағы - "соқтықпалы, соқпақсыз" өмірі, көрген қиыншылығы.
Маған ұнағаны фильмде нағыз ӨМІР бар! Жасанды өмір емес! Реалды өмір. Көп фильмдердегідей бір күннің ішінде байып кету, болмасты болдыру деген атымен жоқ. Бәрі шынайы. Бастапқыда кездескен өмір соқпағына төзе алмау, үмітінің үзілуі, өзіне деген сенімсіздігі - бәрі бар. Себебі адам робот емес, шаршайды, қиналады, бірақ Батыр батырлық жасап, бәрін жеңді! Өзінің кемшіліктеріне қарсы тұрып, болашаққа батыл қадам жасады! Нәтижесінде жарқын келешекке қол жеткізді!
Фильм барысында қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың "Еңбекжанды адам үнемі өз-өзіне сұрақ қоюмен болады да, ал басқалар ондай сұрақтарға қашан да дайын жауап тауып алады", "Еңбексүйгіштік - адамның адамдық қасиетін негізгі өлшемдерінің бірі" секілді қанатты сөздері мен автор ойынан: "Мақсатқа жету үшін Табандылық пен Төзімділік керек", "Мақсатсыз адам өмірі мәнсіз" секілді сөздерді естуге болады.
Туған жерге деген сағыныш, отанға деген махаббат, қысқасы патриотизмді Қырғыз елінің ұлттық құндылықтарын танытатын Мемлекеттік Ту, ұлттық тағамдары мен ұлттық киімдерінен т.б. көре аласыз.
Фильмнен не түйдім? Аяққа тік тұру үшін әрқилы жұмыс пен кез келген қиындыққа дайын болу керектігін, қиындықтарды жеңе білсең, өткінші екендігін түйдім.
Қоспасыз, боямасыз бұл фильм қарапайым көрерменнің, әсіресе, студент жастардың көңілінен шығуға тиіс. Еліміздің ертеңі, біз, жалынды жастар осындай фильмдерден үлгі алып, биікке самғайық!
Болашағыңды бүгіннен баста, жас дос!