АРДАҚ ӘМІРҚҰЛОВ – АЛПЫСТА

АРДАҚ ӘМІРҚҰЛОВ – АЛПЫСТА
жеке
блог

    Жуырда Ғылым ордасының кино залында «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары» фильмдерінің режиссері А.Әмірқұловтың 60 жасқа толу мерейтойы болып өтті. Қуанышын өнердегі әріптестері мен ғалымдардың арасында атап өткен режиссер шара барысында өмірден түйген біраз келелі ойларын ортаға салып, әріптестерінің құттықтау лебіздеріне бөленді. Мерейтой соңы «Отырардың күйреуі» фильмінің көрсетіліміне ұласты.

     Режиссердің мерейтойы «Отырардың күйреуі» фильмінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Фильм Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына (1992), Монреаль қаласында өткен халықаралық кинофестивальда (1991) киносыншылар халықаралық ассоциациясының «Фипресси» жүлдесіне,  Португалия халықаралық кинофестивалінің (1992) «Күміс табақша» жүлдесіне және Ашхабадтағы 1 халықаралық кинофестивальдың (1992) «Күміс жарты ай» Бас жүлдесіне ие болған еді. Ұлы ойшыл Әл-Фарабидің отаны ғана емес, өз дәуірінде Қазақстан мен Орта Азияның ортағасырлық тарихында маңызды роль атқарған – Отырар  қаласы туралы түсірілген  аталмыш фильм күні бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтпай келе жатыр. Алғаш рет Одақтың ыдыраған қиын-қыстау кезінде экранға шықса да «Оскар» сыйлығына номинацияланды, техникалық мүмкіндіктер жоқ болған кезеңде түсірілсе де ұтымды режиссерлік шешімдері арқылы халық жадында сақтала білді. 

 «Қазақстанда өз қаражатына «Отырардың күйреуіндей» тарихи фильм түсірген бірде-бір қазақ жоқ. Мысал келтіріңізші. Мен сияқты бейшара режиссерді емес, «Мен – қазақпын» деп көкірегін соғып жүрген бір бизнесменді айтыңызшы, қазақ үшін кино түсірген?..», - дейді А.Әмірқұлов сұхбатында. Расында да тарихи фильмнің әлі де болса оң жамбасымыздан келмей жатқанын ескерсек,  А.Әмірқұловтың тарихи фильмді түсіру барысында қаншама қиындықтарды еңсергенін бағамдай беруге болады.

ногербекБауыржан НӨГЕРБЕК, кинотанушы: А.Әмірқұловтың бұл картинасы туралы  талай жерде айтып та, жазып та жүрміз. Себебі, өте сәтті шыққан туындылардың бірі. Бүгінде техниканың дамыған кезеңі болса да дәл осы деңгейлес картина түсіре алмай жүрміз. «Отырардың күйреуі» дәл қазіргі сияқты экономикасы қиын 1991 жылы түсірілсе де кәсіби түрде, қызықты тілде, әрі тартым болып шыққан. Көптеген режиссерлеріміз авторлық, комерциялық кино түсіремін деп жүргенде, Ардақ: «Мен кәсіби кино түсіремін» деп айтқан болатын. Бүгінде сол арманына жетті! Осы бір фильмі арқылы-ақ А.Әмірқұловтың  өзіндік қалыптасқан  режиссерлік көзқарасын, кәсіби деңгейінің жоғарылығын аңғаруға болады.

нарымбетовСатыбалды НАРЫМБЕТОВ, режиссер: Студияға 1969 жылы Ардақтан ертерек келдім. Шәкен ағалармен ортамызды жалғайтын дәнекер ұрпақ болмады. Ш.Айманов ағалардың гвардиясына жете алмай жүгіріп жүрген кезімде, дүр етіп Соловьевтің бір топ шәкірттері келіп ортамызға қосылды. Әрқайсысы әртүрлі фильмдер түсіріп жүрді, ал Ардақ «Отырардың күйеуін» түсіріп, студияны күйрете кірді. Өзіміз дегенде өзегімізді сура айтуымыз керек, Ардақ сол кезде отыздан енді асқан кезі. Фильмді қалай түсіріп шыққанын өзі де аңғармай қалды. Себебі 30 жасар  энергиясы көп адамға ол қиындық байқалмай қалды. Фильм премьерасынан кейін «Қалай түсірдің сонда?» десем, иығын қиқаң еткізіп «Білмеймін» дейді. Бірақ – шедевр! Фильм туралы мақала да жаздым. Жап-жас режиссер кезінде мемлекеттік сыйлық алды, Тұңғышбай Жаманқұловтың да тарихи фильмдердегі ең жарқын образы осы деп білемін. Бірде «Искусство кино» журналы С.Қожықовтың «Қыз Жібегіне»  байланысты қулыққа толы сұрақ қойыпты, сонда режиссер: «С.Қожықов ағаның өнерін өте жоғары бағалаймын, тарихқа деген көзқарасымыз бір. Тек мен ол кісімен салыстырғанда фильмотекаға көбірек бардым» деп ұтымды жауап берді.  Себебі расында да Ардақтың фильмнің атмосферасы ерекше, магиялық реализмге бай болып түсірілген еді.

журнал

кинематографисты

 тауекелСламбек ТӘУЕКЕЛОВ, Кинематографистер одағының төрағасы: 1991 жылғы «Отырардың күйреуінен» кейінгі үлкен декорация 2005 жылы «Көшпенділерде» ғана салынды. Қазақ кино тарихында фильмді алғаш рет «Оскар» деген сөзге лайықтап жасаған – А.Әмірқұлов. Қазақ кинематографиясындағы ойсыраған орынды толтыруға келген Соловьев шәкірттерінің ішіндегі ең жігерлісі де, қайраттысы да бола білді. Фильмдерін түсіру барысында режиссер біраз денсаулығын да жоғалтты. Себебі, түсірілім небір қақаған аязды күндері болды. Дегенмен, осындай көптеген қиындықтарға қарамастан, бүгінде 60 жасты еңсеріп отырған жайы бар. Алайда, 100 жасында фильм түсіріп фестивальға қатысып жүрген Францияның режиссерлерінің қасында қарап отырғанымыз болмас. Сондықтан да, бұдан былайғы уақыттарда да жақсы фильмдерімен көріне берсе екен деген тілегіміз бар.

тунгыщбайТұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, Театр қайраткерлері одағының төрағасы: А.Әмірқұлов бұл фильмі арқылы менің оған дейін жинақтаған барлық актерлік шеберлігімді жүз сексен градусқа бұрып, магиялық реализм деңгейіне дейін алып барды. Сол үшін Ардаққа қарыздармын... Шығармашылығымда осындай шоқтығы биік кинотуындының болғаны үшін шүкіршілік етемін. Ардақтың фильмдерінің сәтті шығуы өз мамандығына деген есепсіз, ессіз махаббатының нәтижесі деп білемін. Қаржының жоқтығына, қирап жатқан Кеңес одағына қарамастан «Отырардың күйреуіндей» фильм түсіру –Алладан келген таланттың күші. Бүгінгі күні бір нәрсе жазсам, «...бұл сәтте Ардақ қалай ойлар еді?» деп үнемі ойлап отырамын. Мұны мойындаудан ұялмаймын. Керісінше мақтаныш тұтамын!

 

Айдана АЛАМАН

М.Әуезов атындағы Әдебиет

және өнер институты


Фотограф  EDIGE