«ӘмІре»
Әміре Қашаубаев 1888 жылы дүниеге келген қазақ баласы. Ерекше дарын иесі. Мектеп жасымыздан оның барша әлемге паш еткен дауысы мен өнері туралы әңгімелерге қанықпыз. Міне сол сөздер мен тарихтағы белестер бүгінде үлкен экраннан көрсетілуде. Фильм өз мақсатына жетті деп ойлаймын. Яғни, Әміренің Парижге шеккен сапарында басынан өткерген қызықты да қиын күндерді шынайы сезім арқылы көрерменге жеткізу. Бұл жолда актерлік құрам жақсы жұмыс жасаған. Маған ұнаған кейіпкер Мұстафа Шоқайдың тұлғасы және оның рөлін керемет сомдаған Еркебұлан Дайыров болды. Шоқайды ойлағанда Азиз Бейшеналиев бірден көз алдыма елестейтін еді, бірақ бұл жолы Еркебұлан Дайыров Шоқайды басқа қырынан танытқандай. Сол заманның танымал әртістерін сомдаған жандар да көңілден шықты, Леонид(Филип Броди), танымал композитор Джордж Гершвин(Бен Алдридж) сияқты.
Лебедевті, Әміренің досы да қамқоршысы ретінде ақ-көңіл, адал және де қарапайым көңілді жігітті Миха Родман жақсы көрсете білген сияқты.
Ал, басты рөл: Әміренің ол кезеңде 37 жаста болғаны мәлім. Қазақ даласында, күн астында жүрген өнер иесі қара-торы болып келетін еді. Бірақ біз бұл «Әміре» көркем фильмінде ақ-құба, жас жігітті көреміз. Соған қарамастан, оның бізге бере алған әсері мол. Домбыраны қолға алып шерте жөнелгенде шынымен де өзіңізді ұлы дала баласы ретінде сезіне аласыз. Күмбір үн жүректегі жырды кедергісіз төге жөнеледі...
Париж қаласының сұлулығына таңғалғаны, қасындағы жолдасының сөзіне құлақ ілмей алаңғасыр болғаны, сезімге ынтық болғаны, өнерге ғашық болғаны, халқына қамқорлық көрсетуге асық болғаны... бәрін-бәрін Санжар Мадидің бет-жүзінен көре аламыз.
Соңында қалған бір сауал болды: Әміренің түсінде сардар қару кезеп тұрды... Ол қорқынышты түсіндіру қажет еді.
Фильмнің сапасы мінсіз. Режиссерлік жұмыс өте керемет! Джефф Веспаға Рахмет!
Әдемі, көркем фильм және домбыраның сиқыры.