Әкім Ысқақ: Кейінгі жастар батыр бабаларымыздың есімдерін ғана емес, ерліктерін де қайталап өссе...

 

Белгілі қоғам қайраткері, тұңғыш қазақ тілінде жазылған заңның авторы, Ордабасы, Сарыағаш аудандарының Құрметті азаматы, ақын,жазушы, "Жүректегі жазулар", "Адам іздеп жүрмін", "Көңіл қымбат" кітаптарының авторы Әкім Ысқақ жыл бойы көрерменге жол тарқан өңірімізде жасалған мультфильмдерге қатысты пікір білдірді. 
Оның айтуынша, тарихтан сыр шертер мультфильмдердің бала тәрбиесіне берер пайдасы мол.
"Балалар бойындағы отансүйгіш қасиетті арттыруда анимациялық фильмдердің орны бөлек.Əйтсе де, бұл тұрғыда сəби тіліне сай, жеңіл де жатық, күш-жігер беретін жандүниесіне жақын картина бізде саусақпен санарлықтай ғана. Жақында телеарналарды қарап отырып, "Балапан" арнасындағы "Көне құмыраның сыры" атты жаңа дүниеге көзім түсті. Туған елдің әрбір тасы мен топырағы ыстық қой, шіркін. Тапжылмай соңына дейін тамашалап шықтым. Еріксіз өзіне еліте жөнелді. Туынды әйгілі тарихи Отырар қаласын қорғауға арналыпты. Мұнда қарт Құмыраны сөйлету арқылы туған жерді аялауға, құрметтеуге шақырыпты. Бала тілімен сонау тарих қойнауындағы отырарлықтардың ынтымағы мен өз шаhарларын ерлікпен қорғауы кеңінен баяндалған. Шынайы шыққан. Боямасыз тарих бейнесі жас ұрпаққа барынша суреттелген. Бұл фильмде екі кішкентай қыз Аружан мен Əжіранның көзқарасымен оқиға өрбиді.Тəп-тəуір дүние.Маған ерекше ұнады. Балалар əлеміне ғибрат берерлік шығарма. Ойға келген нəрсе: шетелдік мултфильмдер өте көп.Бүгінгі қазақ балалары ондағы кейіпкерлерді өз қаhарманы етіп алған. Меніңше, өз көрермендерімізге Алпамыс, Қобыланды, Керқұла атты Кендебай, Толағайлар мен Қажымұқанды кеңінен насихаттайтын уақыт жеткен секілді. Өткенге терең зер салу - бүгінгі күннің қадірін сездіруге жетелейді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының да тереңнен толғап, Рухани жаңғыруға шақыруы өткеннен сабақ алып, көңілге тоқуға, тарихты терең тануға үндейді. Ал, тарихын білмеген ұрпақ-мәңгүрт. Әр тастың қадірі мен тарихын таныту тұлғасы мығым ұрпақ тәрбиелеу жолында маңызды. Нағыз ұлттық менталитеттегі рухтық дүние ғана өз Отанын шексіз сүюге үндейді"-деп, жазушы Әкім Ысқақ өз ойын жеткізді.
Айта кетсек, өңіріміздің қадір-қасиетін насихаттап, аңыз-әңгімелерін бала тілімен жеткізуге арналған анимациялық фильмдер сәуір айында Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудан, қалаларында "Кино-руханияттың жаңғыру көзі" жобасы аясында көрсетіліп, оны миллионнан аса көрермен сахнада тамашаласа, аталған туындылар қатарында "Көне құмыраның сыры" анимациялық фильмі де бар. Сондай-ақ, балаларға арналған "Балапан" арнасының ұсынысымен "Көне құмыраның сыры", "Отырар дастаны" туындылары кішкене көрермендеріне тұрақты түрде жол тартуда. Отырар ауданы әкімдігінің тапсырысымен "САҚ" киностудиясында жасалған қос туынды күнгей өлкенің аудан, қалалары ішінде тұңғыш рет дүниеге келгені белгілі. Онда қайсар, қайратты халықтың алты ай бойы Отырарды қорғауы мен жауға тойтарыс беру ерліктері баяндалады.


М.Жұмабайқызы.



Бөлісу: