"Бонд, Джеймс Бонд..."

Сәлем, достар! "Блог жазып тұрамын" деп уәде еткен едім, Массагеттен кеткелі алғашқы блогым − осы.

Менің кино әлеміне қызығатынымды көбі біледі. Бір жыл бойы жұмыс істегенімде талай рет кино туралы материал жазып, рецензия шығарған едім. Кәсібімді ауыстырсам да, кино индустриясына деген қызығушылығым азайған емес. Бүгін біз "007: Спектр" туындысын талдаймыз.

4 қараша күні Меломан холдингі әйгілі Джеймс Бонд туралы түсірілген кезекті туындыны қазақ тілінде (!!!) тамашалауға шақырды. 

Фильмнің графикасы алғашқы минуттан жүректі жаулап алды. Фильмнің таныстыру бөлімінің идеясы − туындының маңызды сәттерінен хабар береді. Әсіресе көгілдір түтіннің шаш болып, қыз денесінің бойына "төгілуі" сапалы графикалық дизайнның жемісі. Дәл осы таныстыру сәтінде Sam Smith`тың Writing on the wall трегі ойнап тұрды. Джеймс Бондтың тұлғасына бұл әуен әбден лайық деген ой түйдім. 

"Спектр" бөлімінде заманауи көліктер, қару мен құрылғылар пайдаланылғанымен, кейіпкерлер тұлғасы, мінезі мен әрекеттері бізге таныс. Демек, Джеймс Бонд туралы ертегіні режиссер бұрынғы "стильмен" түсіруді жөн көрген. Бұл туынды − нағыз классика. 

Джеймс Бонд − мықты, қайсар әрі ержүрек адам. Өзінің осындай тұлғасымен ол жауларды қорқытса, әйел адамдардың жүрегін жаулайды. Әрине, батыс фильмдерінің көбінде осындай "форматтағы" туынды жиі түсіріледі. 

Жиырма жыл бойы "қайтыс болды" деп жүрген адам тірі болып шығып, Бондтың өмірі мен кәсібіне қауіп төндіруге тырысады. Оны "өлтіремін" деп фильм бойы алдынан шыққан әр адаммен төбелесіп, шайқасқан Джеймс сүйгенінің үмітін ақтау үшін өшпенділік жайлы ұмытып, өзіне аяусыз қастандық еткен адамды өлтірмей, аман алып қалады. Бұл фильмдегі көрерменге деген басты хабарлама − "кекшіл болма, кешірімді бол!". Қазақтың "таспен атқанды аспен ат" деген мақалы да осы жерде өз орнын табары анық. 

Режиссерлер фильмге кейіпкерлерді таңдауда қателеспеді: қысқа, сары шашты аққұба ару басты кейіпкердің жүрегін жаулап алса, жағымсыз тұлғалар өзінің тұрпайы әрекеті, ақсиып күлуі мен қатігез мінезін жақсы бейнелей алды. Ал Моника Беллучиді тек бір-екі кадрда көрсеткендері енді жарамады... Мен үшін Моника − кез келген кинотуындыда басты кейіпкерлерінің бірін сомдауы керек. Ал "Спектрде" Беллучи жесір әйел рөлінде екі-үш кадрда ғана жарқ етті.

Фильмнің кейбір сәттерінде көзімді жұмып, қорқып кеттім. Расында қатігез әрекеттер жоқ емес. Жүйкесі көтермейтін адамдарға алдын ала дайындалып барған жөн :)

Осындай сапалы, көрермендерге қызықты фильмге қазақша дубляж жасау - үлкен ерлік. Еңбек ақталды. Әрине, аударма жағынан 100 пайыз сапа болмағанмен, дубляж, яғни дыбыстауға риза болдым. Егер "Малефисента" туындысының дубляжында қателіктер біраз болса, бұл жобаның сапасы әлдеқайда жақсырақ. Енді, "Жұлдыздар шайқасы (Звездные войны)" фильмінің жетінші бөлімінің қазақша дубляжын асыға күтеміз. Осылай-осылай қазақша киноның сапасы ең жоғары деңгейге де жетіп қалады деп үміттенемін. 

Бұл фильм 18 жасқа толған адамдарға арналған. "Классика, атыс-шабыс, агент" тақырыбын жақсы көретін жандар фильмді қуана қарсы алары сөзсіз. Елімізде "007: Спектр" фильмі 6 қарашадан бастап көрсетіледі.



Бөлісу: