«БӨПЕМ» ФИЛЬМІ НЕ ЖАЙЛЫ?

Егер күтпеген жерден сізге біреу:«Өміріңіздің аяқталуына санаулы ғана күндер қалды» десе не істер едіңіз?

Сана мен сезім арпалысып жатқанда ойыңызға келетін бірінші сұрақ: «Неге мен?»... «Ал, неге сен емес?» дейді өзге дауыс.

Қорқыныш...қарсыластық...ыза...кек... соңында КАТАРСИС.

Өлім өз құрбанының жасына қарамайды, оны жақсы немесе жаман деп бөлмейді... ол тек берілген уақыттың аяқталуын күтеді. Философтар мен психологтарды, жазушылар мен кинематографисттерді, жалпы адам баласын әрдайым толғандыратын бұл тақырыпты Жанна Исабаева өзінің жаңа кинотуындысында терең психологиялық тұрғыда зерттеп, жан-жақты ашуға тырысқан.
 
«Бөпем» фильмі Жаннаның бұған дейінгі аты шулы туындыларынан өзгеше. Ол бұл жолы көрерменді ШОК сезіміне бөлеуге тырыспады. Бұл жолы Жанна кинооператор Михаил Блинцовтың камерасы түсірген детальдарға аса мән берген ұтымды пландары мен панарамалық әсем көріністері арқылы фильм оқиғасын әдемі суреттеп, орынды қолданылған дыбыстық қатар арқылы қоршаған ортамыздың шын бейнесін шынайылықтың шегінен шықпай, әсерлі жеткізе білді.
 
XII халықаралық «Eurasia» кинофестивалінің аясында Қазақстандағы алғашқы көрсетілімі болған фильмді талқылау барысында Жанна Исабаева: «Менің фильмдерім – менің балаларым! Сол себепті мен өз фильмдерімді цензурадан өтпей қалады екен деп өзгертулер енгізіп, қиғызуға жол бермеймін. Фильмдерімдегі әрбір кадр өте маңызды. Олардың әрқайсысы үшін жауап бере аламын!», - деп сөзін түйіндеді.
 
«Бұл өмірде бәріміз қонақпыз» дейміз. Дейміз де қоямыз. Иә, бізге берілген уақыттың шектеулі екенін санамызбен түсінсек те,  соқыр сезімімізбен ол жайлы мүлде ойланбауға тырысамыз. Себебі, ешкім, ешқайда және ешқашан өзінің мәңгілік емес екенін қабылдауға дайын емес.

 

P.S. Өлім бар жерде ғана өмір бар.

Дана ӘМІРБЕКОВА



Бөлісу: