Өткен жексенбі күні досым мені "Титаник" фильмін 3D форматында көруге кинотеатрға шақырған еді. "Титаник" фильмі менің қанша көрсем де жалықпай, алғаш көріп отырғандай тамашалайтын киноларымның бірі. Ал оны 3D форматында көру мен үшін тіпті қызық болды. Сонымен қатар 15 сәуір күні қаламызға әнші Жанар Айжанова келіп, концерт қоятыны жайлы хабарландыруды да естіген едім. Сөйтіп, қайсысына барарымды білмей басым қатты. Бала кезімнен көрген сүйікті киномның 3D форматта көрсетілуіне бармасам, кейін өкініп жүретіндей сезіндім. Киноға басқа уақытта да баруға болады ғой деп ойлап отырған шығарсыздар? Бірақ жұмыс күндері киноға баратындай бос уақыт бола бермейді. Ал бірнеше жылда бір-ақ рет келетін әнші апамыздың концертіне барып, әдемі әндерін тыңдамауға тағы болмайды.
Содан ойланып, ойланып, әйтеуір, концертке баруды шештім. Енді, "Титаникті" бұрын талай рет көргенмін, ал Жанар Айжанованың домбырамен сызылта салған әндерін Қостанай қаласының сахнасында тыңдау күнде беріле бермейтін мүмкіндік.
2 сағатқа жуық уақытқа созылған концерттен жақсы әсермен қайттым. Жанар апайымыздың Қостанайға көп жылдардан бері ат басын бұруы екен. Концерттің басында домбырамен халық әндерін орындап, кейін эстрадалық әндерін ұсынған әнші қыздарына көрермен қауым шын ықыласпен қол соқты. Концерт аяқталған соң, Жанар апаймен суретке түсіп, қолтаңбасын алып қайттым.
Ал "Титаникті" егер кинотеатр әлі де көрсететін болса, алдағы демалыста міндетті түрде барып көремін.