Қимай,қинай сізді барамын...
блог
Мен сізбен бақыттымын деп ойлайтынмын... Енді ойласам бәрі де кәдімгі қарапайым күндер екен... Кінәлағым келеді, артатын айыбым жоқ... Өзіңді сүйгенді сүйе алмаудан асқан азап жоқ шығар ғаламда. Сіздей жанды кезіктіруім неғайбыл... Себебі сіз менің сүйе алмаған ЕҢ АЛҒАШҚЫ МАХАББАТЫМ едіңіз...
Иә, сіз ылғи ұмытатынсыз... Бізді табыстырған сол бір күннің сіз үшін маңызы болмағаны ма деп ойлайтынмын... Бірде айтып, бірде айтпай қапаланатынмын...
Сіздің маған келген әр сәтіңіз тосын сый болатын... Күтпеген кездесуді қаншалықты күтетінімді өзім де білмеймін... Мен үшін сағыну сөзбен ғана өлшенетін...
Ата-ана, сізден кетуіме ең үлкен тосқауыл еді... Мен оншалықты тілдеспеген сол жандарды керемет жақсы көрдім... Неге?! Не үшін?! Өзім де білмеймін...
Қылықтарыңыз, менің мұңымның жымиысы еді... Мұңайған сәттерімде алыстағы сізден көмек осы ғана болатын... Ал ер азамат үшін бұл тым аз көрінбей ме?
Соңғы кезде "қолымнан келмейдіні" көп айтатын сияқтысыз... Мен бірде сізді тәуекелшілділігіңіз үшін таңдап ем...
Арманың азайды, бұл менің де сіз үшін мақсат болып қалғанымның белгісі... Махаббат әсте арманнан құралмаушы ма еді...
Мақтанатынды шығардыңыз... Йә, сұлу шығарсыз... Жүрегі сұлу адам айтпаса да көзіңе оттай басылады ғой... Көңілімнен алыстап барасыз...
Кітап... Бұл ұғым сізге тым алыс... Мен ол үшін қамыққан емеспін...Себебі кітап сыйлауды үйретсем, оқуды да үйретуге қауқарым жетер еді... (Өмірімде қызықпаған футболды көруді бірде мен де сіз үшін бастағанмын)
Еркелік... Оны сізге ұрлатқаныма сене алмаймын... Сіз маған еркелемеу үшін, осы қасиетімнен қол үзуіме тура келді...
Сенім! Сіз мені сенуге үйреттіңіз... Бұл маған сізден қалған алып БАЙЛЫҚ! Мен адамдарға сенуді үйрендім... Тек сенімді қызғанышқа айналдыруға асыққаныңыз ағаттық болды...
Уайым! Сіз сыйлаған АЗАП! Біздің болашағымыз дегенді ойланудан да қажыдым... Еңселі жасқа жетпей естиярлық ой еңсеру сізде болған шығар... Мен естімедім... Ести алмаған дүниені армандаған есіл ақымақтығым-ай...
Мен ай сұрамадым... Маған байлық атаулының құны көк тиын болатын... Бұрынғы сөздерім үшін бармақ тістейтінмін... Аман болса жетерміз дейтінмін бәріне, жетер биігіме сіздің себепкер болмасыңызды білсем де осылай ойлайтынмын...
Екеумізге ортақ күнделік отқа оранды... Суреттерді жанымнан жырақ жасырдым... Сіз берген кітапты ұйықтар алдын бір қарап шығуды да доғардым... Қайталана оқыла берген кітапта да қадір қалмады... Әлеуметтік желіден жойып үлгердім, бұл жүректен өшіруден оңай болып шықты... Бізге ортақ достардан алыстадым, олардың сізді қараламасына қанықпын...Жадымнан да жоқ боларсыз, өле сүю менде болмайтын қасиет екенін жақсы білесіз...
Ең ауыры, сізді өзімнен басқамен елестете алмаймын... Ең жаманы, менсіз сіздің жабыққаныңызды көргім келмейді... Ең қызығы, сіздің менен бұрын жаңа өмір бастағаныңызды қалаймын... Ең сорақысы, осыларды тым кеш мойындайтыңызды білемін... Бәріне кінәлі СІЗСІЗ! Бұл сізді ұмытудың бірден-бір жолы...
Көп нәрсе айтқым келеді... Енді оның маңызы бар ма? Ең соңғысы, "Әттееең, сіздей досым болса мен бақытты болар ем..." Осы сөзді өзіме де, сізге де көп айтамын... Демек мендегі махаббат емес екен... Қош бол, күнім! Көгіңнен құлай көрме! Адалым, Алла адал жар кезіктірсін!Сізбен келген "Бақыттымын!" тіркесі менің өмірімнен өшіре алмайтын сөзім... Осы сөзді сыйлағаныңыз үшін, Алла сізден бағын аямасын!
Біз уақыттың қадірін білмедік... Ол бізді қадірімізден айырса керек... Барлығы уақытпен басталып еді... Уақытпен аяқталды... Мен сізді уақытты бағалағаныңыз үшін өміріме енгізсем, тап бүгін уақыттың қадіріне жете алмайтындығыңыз үшін өмірімді босатуыңызды сұраймын...
Мен бәрінен шаршадым... Сіз маған қайта келмеңізші, мен сізге бара алмаймын... Кешір, қимай, қинай қоштасып барамын...
Мақпал Төребек