Маған құрбыларым «біртүрлісің» дид. Екі түрлі болғанша біртүрлі болған жақсы шығар деп қоям ішімнен. Мейлі, қыздардыкі де жөн шығар. Иә, біртүрлі екенім рас! Әйтеуір адамдармен кереғар пікірде болам. Адамдар ұнататын нәрсені ұнатпай, ұнатпайтын нәрсені ұнатам. «Өмірге тым жеңіл көзбен қарайсың» деп сөккендер де болған. «Ауыр көзбен қарап, өзіңе ауырлық түсіргенше ол да дұрыс шығар» деп біртүрлі жауап айтып құтылып ем. Иә, ойларым, пікірлерім, көзқарастарым да «біртүрлі» (қыздар айтпақшы)))
Қысқасы бүгін де сіздерге біртүрлі әңгімемді айтпақшымын. Көктемнің иісі шығып, біразыңыз шат-шадыман қуанып жүрген шығарсыздар. Біздің жұмыстағылар да, үйдегілер де солай. Ал керісінше қыстың аяқталып жатқанына қуанбайтын адам саусақпен санарлық шығар. Бірнешеу бола, ішіндегісі, екеу болса бірі, жалғыз болса, сол-мен. Иә, мен қыстың аяқталуына онша, онша емес, негізі мүлде қуанбаймын. (Осы жерде мына қыз шынымен біртүрлі екен деп отырған шығарсыздар иә)
Білесіздер ме, мен тіпті біртүрлі армандар армандаймын ғой. 9 ай қыс, үш ай күз болып тұрса. Міне, нағыз арман осы деп білем. Қара суықты, қаһарлы аязды жақсы көрем мен!
Ашуланып, жақтырмай жүрмеңіздер, бәрібір мен қалағандай 9 ай қыс, 3 ай күз болмайды ғой. Жәй ғана арман. Армандауға да болмай ма деген екен біреу))
Көктем келіп жылымық, жаз шығып ыстық болса да ештеңе емес, жадырап, күліп-ойнап жүре берем. (Ұнатпағаны сонша үйден шықпай жатып алады екен деп ойлап қалмасын дегенім ғой) Бәрібір қысты сүйгендей, осы екі мезгілді жақсы көре алмаймын ше. Қыс бітпей тұра тұрса екен десем, қыздар Астанаға кетсеңші дид, маған салса Антарктидаға барып өмір сүрер ем, тек анашымның қалауынан аса алмай Алматыда жүрген адаммын ғой. Әйтпесе...
Бүгін жұмысқа келсем, бәрі жадырап, көктемнің иісі шығып қалды десіп жүр. Ал мен терезеден бір қарадым да, көңіл-күйім түсіп отыра кеттім.
Іштегі арманыммен арпалыстым. Орындалмайтын қиял екенін білсем де, қаһарлы қыс, мен сені қимаймын!