Кибербуллинг- әлеуметтік желіде адамды қорлау, қудалау, жалған ақпараттар таратып, зұлым хабарламалар жіберуі. Әрине, кибербуллингке тағы да қосар дүние көп. Сенің атыңнан жалған аккаунт ашып, сенің рұқсатынсыз суреттеріңді орналастырса, өсек таратса, саған әдепсіз сөздер жазылған немесе қоқан-лоқы түрдегі хабарламалар жіберсе, жеке басыңа тиісті ақпараттарды өзгеге таратса, сені алдау арқылы ақша талап етсе деген секілді дүниелерді бастан кешірген болсаңыз, сіз кибербуллингке тап болдыңыз. Кез келген жанның интернеттегі әлімжеттікке ұшырауы әбден мүмкін.
Менің ойымша, қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы ғана сөйлей алатын, ретсіз, расында не болғанын білмей жатып, аузына келгенін жазып, жалған ақпарат таратып, тұлғаның жеке басына тиісетін ауыр сөздер жазатын “интернет батырлары” өкінішке орай көп болып бара жатқандай. Ақыл-ойы әлі қалыптаспаған кішкентай балалар ғой деп ақтап алайын десең, ақыл-ойы жетілген, IQ деңгейі жоғары болуы керек ересек жандар. Осындай кезде мендегі пайда болатын сұрақ. Неге жаны расында ашыса келіп сол адамның жекесіне не болмаса өмірде көргенде тоқтатып алып, өзінің кеңесін бермеске?
Тағы да айта кететін дүние, байқаулардан жеңімпаз атандыңыз деп, жеткізуіне ақша сұрап, одан кейін қара тізімге енгізетіндер көп... Қарапайым халықтың адал еңбекпен тауып отқан ақшасын бір-ақ сәтте ойран қылады. Арам жолмен, алдап тапқан ақшаның берекесі бола ма..?
Кибербуллингтың етек алып жайылып бара жатқанында тоқтатын дүние керек. Осыған орай бүгінде inform.kz- те аталып көрсетілгендей Үкімет түзетулер пакетін әзірлеп, ол Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық еткен Бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілді. Ұсынылған түзетулер пакеті БАҚ туралы, Бала құқықтары туралы, Білім туралы, Байланыс туралы, Ақпараттандыру туралы заңдарда қарастырылған.
Ең алдымен «буллинг/кибербуллинг» ұғымы енгізілетіні хабарланған.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Өзгерісті өзіңізден бастаңыз. Бойыңыздан жаманшылыққа орын бермеңіз. Жан мен тән тазалығын сақтап, өзіңіз ешкімді қорламаңыз, өзіңізді ешкімге қорлатпаңыз.Өзгемен емес, өзімізбен жарысайық. Көпірме көпсөзділік адамның жан-дүниесін улап, жақсы қасиеттерден жұрдай ететінін естен шығармаңыз. Кибербуллингтен сақ болайық!