1. Өзің жайлы қысқаша мәлімет.
САРИЕВ АБЗАЛ ҚАДЫРҚҰЛҰЛЫ - 1988 жылдың 14-ші ақпанында, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Қазыбек-би ауыл әкімшілігіне қарасты, Құрбан-ата ауылында дүниеге келгенмін.
1994 жылы сол ауылдың №8 Нұртас Оңдасынов атындағы орта мектебіне құжаттарымды тапсырып, 11 жылдық тегін оқу грантын жеңіп алдым.
2005 жылы - Алматы қаласына, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің Заң факультетіне түсіп, 2011 жылдың 24-ші маусымында «Заң ғылымдарының магистрі» мамандығын алып шықтым.
Мінезім - .... Жалпы алғанда мінезім - .... Мінезім бар негізі. Мінезім бір сөзбен айтқанда - .... (басқа біреу айтсыншы!)
Төсекте ұйықтап жатқанда етбетіммен сол жағыма қарап жатам!
Дәл қазір еліміздің оңтүстігінде орналасқан Шымкент қаласындағы бір кішігірім фирмада, өзімнің жоғарыда аталған ЖОО-да алған білімімді сатумен айналысып жүрмін. Заңгермін. Жұмысымды қатты жақсы көрем. Заң саласына қызығушылық 9-шы сыныпта жүргенде оянды.
(«Жалпы тарих» пәнінен оқып қалғаным бар: АҚШ-ң 32-ші Президенті Франклин Рузвельт – заңгер мамандығын бітірген екен. Соны оқып ары қарай Әбекең қиялдап кеткен...)
2. Хоббиің не?
Хоббиім - бір сөзбен айтқанда: сүйікті ісіммен айналысу. Ал, нақты оның ішіне кіретіндер: интернеттен пайдалы* мәліметтер қарау, оны оқу, түйсіну; жаяу қала аралау; өлең жазу*; т.с.с.
3. Қай елге саяхат жасағың келеді?
Сұрақты тікелей алатын болсақ: Қай елге?,- делінген. Әрине нанын жеп, суын ішкен Отанымнан артық ешқандай жердің де, бойымда бар қаным жүгіріп тұрғанда, ешқандай елдің мені қызықтыра* алмайтыны анық! Бұл – өз-өзіммен бір тарапта жасалынған шешім.
Яғни, басқа көрші елдер жайлы сұрақ болды ғой бұл. Ммм, басқа елге баратын болсам, алыс елдерге барып бір тиынға да пайдасы жоқ саяхат жасағанша, көршілердің, мысалыға: Қытайға барып, тыныс-тіршілігін* байқап қайтар ем. Нақты жауабым осы!
4. Егер де осы өмірге келеріңде саған таңдау жасалса, кім* болып келер едің?
Эхх, дәл сондай таңдау еркін берсе*, қайтадан Адам боп келер ем!
5. Өмірлік ұстанымың немесе жиі қолданатын нақыл сөзің?
Абзал, қолыңнан келсе - айналаңа тек жақсылық жаса, келмесе - оған тілеулес бол! © Ауторы мен!
Нақыл сөзді Қазақ атам көөөп етіп айтып кеткен. Қай-қайсысын ал да, өміріңді сүріп, сен де мынау кірпіш дүниенің бір кетігі болып қалан!
6. Алғаш рет кіммен, қайда сүйіскенің есінде ме?
Есімде. Алғаш рет қызбен сүйіскем, ал, қайда екені есіме түспей тұр. Аты-жөні сіздерге ештеңе бермейді деген сенімдемін.
7. Кімді жақсы көресің (жігіт пен қыздарға қатысты)?
Түк түсінбедім. Біреу-міреуіңіз түсіндіре алсаңыздар, осы жазбамның астыңғы жағына жаза жатармын.
8. Сүйікті әншің, әртісің, саясаткерің (былайша айтқанда кумирің) кім, неге ол адам?
Шынымды айтайын – «Ән» деген құдіретті* күшке қатты ғашықпын. Ол басқа әңгіме. Бір айта кететін қысқаша мәлімет: мен тек қазақ әндерін ғана тыңдаймын. Өзімді қинамаймын бірақ, басқа елдің әншілерінің барлығын құрметтеймін, дегенмен еш қызықпаймын, еш. Тіпті бала күнімнен радиодан қазақша ән тыңдап, оған құмартып өстім. 4 жасымда «Әнші балапан» байқауына қатысып, аудандық жарыстан біздің «Наурыз» балабақша ұжымы бірінші орынды иеленіп қайтқан.
Қазақ әуені аспанда шарықтағанда, мен құстай қалықтап, ақ мамық бұлттардың арасында адасып жүрем.
Тиісінше, сүйікті әншім – Мейрамбек Бесбаев және соның айналасындағылардың барлығын сүйіп тыңдаймын. Сүйікті әртісім – Қожа рөліндегі атамыз. Сүйікті саясаткерім – Алихан Байменов*.
«Кумир» ұғымы түсінігімде анау айтқандай ауыр күнәға жататын, адам баласы қатты қателескен жәйт емес! Адам* жаратылғалы өзіне Пір іздеп, қорқып, табынып, медет сұрап тіршілік етіп келе жатқан мынау Жер планетасындағы саналы сүтқоректілердің бірі. Біздің санамызда - құлдық, құлшылық құру салты сақталған. Сондықтан да біз өзімізді қауіпсіз санаймыз, біреуге сенеміз және басқамен қарым-қатынасқа барамыз. Жер бетіндегі 6,5 млрд. адамның барлығы дерлік өзінің «Кумиріне» деген жай ғана табынушылық күйімен күн кешеді. Біз барлығымыз сондаймыз әрі ол дұрыс та. Сенбеушілік, Құдайсыздық – Ақырзаманның ең соңғы белгілері шығар...
(Жоғарыда курсивпен жазылған ой - тек менің жеке пікірім!)
9. Сүйікті спорт түрі?
Бірауыздан – Футбол. Жанымды жееп ойнаймын. Бассейнде жүзуге барып тұрам. Үлкен тенниске қызығушылығым бар. Пинг-понгты сүйіп ойнаймын.
10. Сүйікті кино? Неге дәл осы кино?
Киноларды да сүйіп қараймын. Көп енді. Эпизодтарды есте сақтап қалуға тырысамын. Ең бір ұнайтыны: «Көшпенділер» фильміндегі болашақ Хан Абылайдан өзінің туған әкесі руын сұрағанда: «Біз Мансұр екеуміз - Қазақпыз»,- дейтіні.
«Неге дәл осы кино?»,- деген сұраққа жауап - жауаптың арасында...
11. Үйде кім басшы (болу керек деп ойлайсың)?
Еркек! Есі бар кез-келген қазақ қызының ойы да осылай шығар... Ең болмағанда, факт жүзінде үй иесі боп саналатын есі бар, ақылды әйел, басқалардың* алдында өз ерін «Үй иесі» етіп көрсете білуін де құптаймын!
12. Үйде ақшаны кім ұстауы тиіс?
Басқаларды қайдам, өзім бай боп бара жатсам, көп ақшамды есептеп жүретін арнайы қызметші* жалдап қоятын шығармын. Ал, аз ақшаның кімнің қалтасында жүргенінің маңызы аз, себебі онсыз да ол отбасылық шығындарға жұмсалады.
13. Қазақстандық әр отбасында қанша баладан болу керек деп есептейсің?
Әр отбасында 5 (бес) баланың қарасы болғанын дұрыс көремін. Соны тілеймін де.
Анкетаны ұсынатын адамға қояр сұрағым:
- Сіз алтын балық ұстап алып, балық сізге «Ал, айта бер, үш тілегіңізді орындаймын» деп тұрса, қандай тілектеріңізді айтар едіңіз? ,- депті, маған таяқша ұсынған Меруерт ханым.
Мен де қиялдайыншы... Егер, грамы 4500 теңге тұратын алтын балық қармағыма ілінсе және ол маған түсінікті, қазақ тілінде «Ал, айта бер, үш тілегіңізді орындаймын»,- десе, мен сөзсіз көзімнің жасын бір сығып алып, қайта суға қоя беретін едім. Себебі: таза қазақша сөйлей алатын алтын балыққа алғысым шексіз!
P.S. Алтын балықтан «Жүрегінде иман оты бар әрі білімді, елімізді Бақыт бағытына қарай алға сүйреп, соңынан ертетін Бір Ұл бер»,- деп тілеген болар ем! Шын...
---------------------------------------------
Жаза берсең қызық қой айналамыз...
Тағы сәл кеп тұрғаны-ай мезет созғым...
Ала ғой, мә ендеше Айнара қыз,
Кейіпкері сен келесі Кезексөздің!
-------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
Сурет www.20th.su сайтынан ұрланды.