Кезексөз: "Өткен жыл несімен құнды?"

         Кезексөзге тартпаса блог жазуға аса «шабытым» келмей, басы бүтін дүние жаза бермейтінім рас). Бұл жолы қолға қалам алғызып, кезексөз таяқшасын ұстатқан Шерханға алғыс айтамын.          Толағай табыстарға кенеліп, шетелдерде болып, өміріне өзгерістер енгізіп, үлкен блог жазып есеп беретіндерге қызығам. Өзімді жалқау әрі жапан далада оқшау өмір сүріп жатқандай сезініп кетем). Десе де бір жылды шығарып салып, жаңа жылдың табалдырығына басымыз аман, бауырымыз бүтін күйде жеткенімізге шүкіршілік. 1. Жыл жаңалығы. Қазан айында облыстық мұражайға жұмысқа орналастым. Республикадағы ең ірі музейлер қатарына жататын Маңғыстау облыстық мұражайында 54 мыңға жуық экспонат бар. Кішкентайымнан қызыққан тарих пен географиямен тығыз байланысты қызметке кірісе салып, өзім білмеген талай астарлы аңызға бойлап, ақиқатқа қанықтым. Сынақтан өту үшін қаншама кітап ақтардым. Жасалатын еңбек әлі алда, ұшан-теңіз. Ең бастысы жаныма жақын жұмысты енді тапқандаймын. 2. Жыл жетістігі. Музеймен байланысты, әлбетте. Мұражайға келген әрбір адамның зейінін аулап, назарын аудартып, киелі өлкенің әрбір тау-тасына тұнған тамшы тарихқа қызығушылығын оята алсам – мен үшін жетістік. Жұмысқа кіріскеніме 1 ай болғанда облысымызда өтіп жатқан театрлар фестиваліне келген танымал труппаларға экскурсия жүргізу маған бұйырды. «Бүгін қазақ боп туғанымызға тағы бір мәрте қуанып, отаншылдық рухымыз асқақтап шықтық музейден» деп актерлер басшылыққа алғыс білдіргенде менің мерейім қаншалықты өскенін көрсеңіз). Марат Сенбі ағай бастаған бір топ алматылық ғалымдар қонаққа келгенде қатты қобалжулы едім, өздері археолог, тарихшы ғалымдарға нені айтып, таңдандыра алам? 2 сағатқа созылған таныстырылымнан соң зор ризашылық білдіріп, батасын бергенде қуаныштан төбем көкке бір елі жетпей қалған...          Жалқаулық пен тұйықтығымнан жазба жазудан қатарларымнан кенже қалып жүрсем де, күтпеген жерден Массагет ұйымдастырған бәйгеде блогым ақтық сынға дейін жетіп, тіпті 2-орынға ие болуы мүлдем мен күтпеген жетістік еді. 3. Жыл сыйлығы. Теңіз тамшыдан құралады ғой. Осы жылы шын ықыласпен тарту етілген әрбір дүние жаныма жақын. Күніне бірнеше рет қолыма алып, қуанатыным – құрбыларым берген электронды киіз үй. 4. Жыл әсері. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне қазақтың күйі мен облыстық музей мамандарының еңбектенуімен Маңғыстаудан ұсынылған киіз үйдің енгені исі қазақ үшін, біздің мұражай үшін сөзбен айтқысыз қуаныш дер едім. Париж төріне апарып тігілетін киіз үй билік тарапынан демеудің болғанын ғана күтіп тұр. 5. Жылдың үздік кітабы. Кітап – тәрбие құралы десек, әрбір қазақ жанұясының шын мәніндегі тәрбиелік көмекшісіне айналған «Салт-дәстүр сөйлейді» отбасылық хрестоматиясы осы жылдың үздігі болуға лайықты. Небір ағымдардың идеологиясына, мәдени шабуылына төтеп бере алатын ұрпақ тәрбиелейтін осындай еңбектер көбейсе екен. Жеке талғамымнан шығып, өзім үшін үздіктер қатарына қосылғаны – «Елең-алаң» тарихи романы (Ә.Кекілбаев). 6. Жылдың үздік киносы. Жаңа фильм экрандарға шыға салысымен арнайы билет алып, кинотеатрға асығатын әдетім жоқ-тын, қызықтырған киноларды қолым бос уақытта ғаламтордан  қарап аламын. Сондықтан дәл биыл шыққан фильмдердің ешбірін әлі көргенім жоқ. Тек ең сүйікті фильмдерімнің қатарын биыл толықтырдым десем болады, олар: «Разум и чувства», «Одинокий человек», «Жизнь прекрасна» драмалары, «Судная ночь» психологиялық триллері. 7. Жылдың үздік әні. Мейрамбек Беспаевтың орындауындағы «Аузынан айдың түскен қыз». Қазақтың әрбір аруы сол әндегідей «күннің өзі көрімдік алардай» сұлу, нәзік, мақтауға лайық болса екен деймін. 8. Танысу. Ән десе, оны нақышына келтіріп айта алатын әнші десе есім кететін. Адамды ниетіне қарай жолықтырады деген рас шығар. Теңіздің жағалауына жастар жиналып, әр апта сайын өткізетін домбыра party-де Екпін Толқынхан деген әнші жігіттің даусын қатты ұнатып, ұят та болса әлеуметтік желілерден шілде айында өзім іздеп жүріп тауып алдым. Жетісудан көшіп келіп жатыр екен, ұяңдау жігіттің Ақтаудан тапқан алғашқы достарының бірі болғаныма қуанам. Құлақтың құрышын қандырып, дәстүрлі әнге деген сусынымды талай қандырды, ол әнді төгілткенде Б.Тілеуханның өзін тыңдағандай болам. Бауырластыққа ұласқан достығымыз ұзағынан болса екен деймін. 9. Жыл блогері. Бағы жанған блогерлердің бірін атай салсам, бір жазғанда шедеврді өмірге әкеле салатын Моцартқа қызғанышпен қарайтын (орынды түрде) Сальеридің күйін кешпей ме өзге еңбекқор блогерлер. Сондықтан әрбірінің өзіндік қолтаңбасы бар. Лайықты бағасын алған Әсел Құрманды үздіктер қатарынан әлі талай көретінімізге сенемін, көбірек, жиірек жазса екен деймін. Талай күлдіріп, жылата білген Айшаның блогтарын сағынып жүрмін. 10. Жылдың үздік сайты. Әлбетте, Массагет сайты өз тұғырынан түскен жоқ. Кейбір пункттерге еш жазарым болмағасын қалдырып кеттім, босқа созбайын деп. Қалауларыңыз бойынша қосып жазуға болады. Кезексөзді жалғастыруды Мақпал Сембайға ұсынамын.

        



Бөлісу: