Кезексөз: Менің махаббат хикаям
блог
Алда келе жатқан 15 сәуір – Махаббат күніне орай жаңа кезексөз жариялаймыз! Кезексөздің шарты бойынша әркім өзінің жүрегінен ойып тұрып орын алған махаббат хикаясынан сыр шерту керек. Кезексөз таяқшасын әріптесім Жолдас Өрісбай мен Әлия Іңкәрбекке және Мақпал Сембайға беремін. Және өзі қалаған кез келген адам жалғастыра берсе де болады.
Сонымен менің махаббат хикаям... Ол – менің тұрақты оқырманым. Осы уақыт аралығында барлық жазбамды оқыған жалғыз адам. "Неге мен туралы жазбайсың осы?" деп айтып қалатыны бар. Міне, бүгін соның сәті түсіп, мен сіздерге сырымды ашпақпын.
Ол кезде күз еді. Туған күніме санаулы күн қалған. Біз пәтерде құрбым екеуміз бірге тұрамыз. Құрбым мен сәл-пәл суық тиіп ауырып жатқандықтан, жұмысының тапсырмасына үлгере алмай, жігітін көмекке шақырды. Жігіті қазір машинамен досы екеуі бірге жүргенін, қолдары босаған кезде соғып кететінін айтты.
Құрбым дастархан қамдап жатты. Ал мен "Бүгін келмей-ақ қойсыншы, онда мен шығып кетемін" деп әр нәрсені айтып, ауырып жатқан түріммен ешкімге көрінгім келмеді. Құрбым болса, "мүмкін досы саған ұнап қалар, сол досын жігітім үнемі мақтап жүреді" деді ойда-жоқта. Мен олар "келдік" деп хабарласқанда барып орнымнан сүйретіліп тұрып, үсті-басымды жөндеген болдым. Шашымды қалай болса солай түйе салып, үстіме қолыма түскен киімді кие салдым. Терезеге қарасам, кеш түсіп кетіпті.
Әлі күнге Оның есіктен кіріп келгендегі түрі көз алдымда. Оның үстінде ақ жейде болатын. Түзу тісін көрсетіп, күліп кірді. Есік алдындағы құрбымның жігіті шешкен аяқ киімге сүрініп кетіп, тағы күліп жіберді.
Дастархан басында төртеуміз отырмыз. Ол маған қарама-қарсы отырып қалыпты. Құрбымның жігіті әзілқой адам болатын. "Оралдың қызы мен Алматының жігіті" деп екеумізге кезек-кезек тиісумен болды. Ол болса, "қызды ұялтпасаңшы" деп оның әзіліне оң қабақ таныта қоймады. Тамақтанып алып, құрбым жігіті екеуі ноутбукпен қағаз жазуға кірісіп кетті. Жігіті оқып отырды, құрбым теріп отырды. Солай расымен жұмыс тезірек бітеді екен.
Ал мен анам сатып әперген өз ноутбугімді алып, ешкімге кедергі жасамау үшін екінші бөлмеге шығып кеттім. Ол болса... Ол болса ұзыннан түсіп ұйықтап кетпесі бар ма?! Иәә, ол расымен ұйықтап кетті. Егер оның орнында басқа біреу болса, оңаша отырған жас қызға жақын барып, небір сөз айтар ма еді. Ал оның бұл тосын қылығы, салмақтылығы менің көңілімнен шықты. Бір кезде телефоны шырылдап, ол телефонын алды да, ұйқылы-ояу "иә, жоқ" деп тағы да ұйқысын жалғастырды. (Мен сол кезде "оған қызы хабарласып жатқан болар, түнге қарай басқа кім хабарласады?" деп ойладым). Сосын құрбымның жігіті оятқанда барып абдырап, қайда жатқаны есіне түскен болу керек, атып тұрып, апыл-ғұпыл "сау болыңдар" деуге ғана шамасы келіп, шығып кетті. Мен жаққа көз қырын да салмады.
Иә, мен осылай ойладым. Маған көз қырын да салмады деп ойладым. Оған деген ішімде жылт еткен жылылық пайда болған еді. Өйткені ол түр-тұлғасы келіскен, ұзын бойлы, артық қылығы жоқ, нағыз жігітке тән қасиеттерге ие өзім армандаған ақбоз атты ханзада болып көрінді. Бір-екі күндей біртүрлі күйде жүрдім де, кейін осы оқиғаны ұмытып та кеттім.
Шамамен бір айдан кейін жігітімен кездескен құрбым үйге жадырап кірді.
- Ол сенің нөміріңді сұрапты, берейін бе?
- Кім ол? Есіме ешкім түсер емес.
- Е. ше? Ол сені бір көргеннен қатты ұнатып қалыпты... Сені "кореялық қыздарға ұқсайды екен" депті...
Мен қарсы болмадым.
Екі күннен кейін ол хабарласты. Ол хабарласқанда жүрегім атой салып, дүрсілдеп кететін. Көп ұзамай сезімін білдірді...
Біздің махаббат хикаямыз осылай басталған еді.
Cурет: wallpaperstock.net