Кезексөз: "Мен Массагетке қалай келдім?"

Кезексөз: "Мен Массагетке қалай келдім?"
жеке
блог

Есіл еркесі, кезекті ұсынғаныңа рахмет.

        Массагет - оны қолданушы әрбір адамның өмірінің бір бөлшегі іспетті болып кеткен. Ол анық. Ғаламторды қосқан бетте, әлеуметтік желілермен қатар, Массагетке бір терезе ашып қоятын жалғыз мен емес екеніме де сенімдімін. Массагет, сенің әрбіріміз үшін қаншалықты маңызды екеніңді білесің... Сонымен, мен Массагетке қалай келдім?

     Ғаламторға кіру мүмкін бола қалса, бірден Мәссаған, Нұр.кз, Қалайсың порталдарын қарайтынмын жұмыста. «Ғаламторға кірсең, жан-жағында жанып-өшіп, өзіне шақырып тұратын жаңалықтарды аша беріп, аша беріп, ақыр соңында, екі сағат отырғаннан кейін не іздеп кіргеніңді ұмытып, басқа бірнәрсені қарап отырғаныңды байқайсың» деген рас. Дәл солай ізді із жалғап, Массагет порталға тап болдым. Қандай сайт, мақсаты не, қашан құрылды тағысын тағы жалпы бұл сайт туралы мүлдем дерексіз болдым. Басында түк түсінбейтінмін. Қайсысын оқу керек? Барлық жаңалық, тақырыптар қызықты. Сөйтіп, бірнеше тақырыптарды қатар ашып қоятынмын да, оқитынмын. Тіпті Массагетті іздеп оқи бастадым. Орнымнан тұрып кетсем, жанымдағы апай барлық терезелерді жауып тастайтын. Қайтадан кіргенімде, бірер уақыт бұрынғы, не кешегі жазбаларды таппай қалатынмын. Сосын, «қызық», дұрысы - «біртүрлі» сайт екен деп ойладым. Жаңа материалдардың көптігі сонша, оқып үлгермейтінмін. Басында бәрін қатар бойынша оқушы ем, кейіннен таңдап, талғап оқуға кірістім. Себебі, материал көп, уақыт аз. Сөйтіп, блог деген айдарға көзім түсті. Басында оны да журналисттер, Массагет қызметкерлері жазады екен деп ойладым. Блогтағы барлық жазбаны аса ұқыптылықпен, мұқият, зер сала оқуға тырыстым. Бірақ кейбіреуі адамның күлкісін келтіріп, кейбіреуі тіпті оқушыларымның жазбасынан да әлсіз, ал өзгесі нағыз даналық, пәлсапа, ізденіс, білімділіктің нәтижесі сияқты болып көріне бастады. Автордың жеке парақшасын қарасам, кәдуілгі студенттер, не өзім қатарластар екен. Сөйтіп, блогты Массагетке тіркелген кез келген адам жаза алатынына көзім жетті. Мен де жазсам, қайтер екен, ә, деген ой келді. Анам қайтқаннан кейін бірер жылдан соң Анама деген сағынышты жүрегіме сыйдыра алмай Ол кісіге арнап бір дүние жазған ем. Әкеме көрсеткім келді. Сөйтіп, аудандық «Жетісу» газетіне ақ параққа көк сиямен жазып, поштамен жолдап, бір айдан соң жарық көрген еді. Алмапсадай газеттің алақандай бір бұрышында тұрған жазбамды көріп, Анам тіріліп келгендей бір қуанып алғаным бар еді. Содан кейін мен де жазсам болады екен ғой деп, «Жетісу» газетіне жазбаларымды жолдап, жарық көріп тұратын. Сол жазба есіме түсіп, мен де Массагетте блог жазсам қалай болар екен деп ойладым да, тіркелдім. Тіркелген күнім нақ есімде жоқ. Сөйтіп, он үшінші қыркүйек күні ең алғаш газет бетінде жарық көрген «Күн өткенде көлеңке болар...» атты жазбамды Массагеттегі ең алғашқы блогым (http://massaget.kz/blogs/7498/) ретінде жаздым. Ең бірінші болып пікір білдірген  Гүлжан Серік еді. Сол қыз мен үшін ең ыстық адам! Сол қыздың пікірі тағы блог жазуға итермеледі. Блог - онлайн күнделік, өзің қатарластардың сынына түсетін, олардың пікірін білуге болатын, шабытыңды қамшылап, ойыңды одан әрмен дамытатын, ізденіске, оқуға итермелейтін дүние деп білдім. «Алматы ақшамы» газеті, «Үркер» журналдарында жарық көрген жазбаларымды блог ретінде жаза бастадым. Блог жазуды бастаған соң күнде жазу керек екен деп ойлап, қыркүйектің  ортан белінен бастасам да 12 блог жазып тастаппын. Бүгінде санасам, былтырғы 13 қыркүйектен бастап биылғы 12 желтоқсанға дейін сапалы-сапсыз, құнды-құнсыз, мәнді-мәнсіз бас-аяғы 170-тей блог жазыппын. (Ұят-ай, түк көрмегендей. Бірақ рас блог дегенді көрмеген ем...)

      Алғаш тіркелгенде өзімді жатсынып, өгейсіп жүргенімде блогтарыма жазылған пікірлер, ұсынылған достықтар маған демеу болды. Менен басқаның бәрінің блогтары керемет, барлық «жазушылар» бірін-бірі таниды, өмірде де араласады деп ойлайтынмын. Қателесіппін. Массагеттіктермен кездескеннен кейін ғана бәрі де өзім сияқты жандар екенін, өзім өмір сүріп жүрген ортадан бөлек керемет бір орта бар екеніне көзім жетіп, Сіздерді тіпті де жақсы көріп кеттім, Массагет, Массагеттіктер!

          Сыныптас құрбым Айшаға да Массагет, ондағы қызықты жазбалар және блог айдары туралы айтып, оны да тарттым. Айша келгеннен кейін өзімді тіпті еркін сезіне бастадым. Төрт ай блок айдарын мазалап жібергенімнің нәтижесі ретінде былтыр алғыс хатпен де марапатталдым. Айша да алып, екеуміз Нобель сыйлығын алғандай мәз болып жүрдік. Биыл тағы сертификатты болып, Айша екеуміз тіпті таныстарға мақтанып та алдық. Бүгінде әріптестерім, таныстарым «әлгі сайтың ба, портал ма, сол ше...» деп бастаса, Массагет туралы аузымның суы құрып тұрып айтып беретін болыппын, құдды өзім сонда жұмыс жасайтындай...))

       Бүгінде өмірімнің сол бір қиын кезеңінде, күйзелістен шыға алмай, тыныстаған ауам да артық болып, әлдекім үшін тіршілік атаулыны тәрк еткім келіп, салым суға кетіп, желкенім сынып, қанатым талуға шақ қалғанда, көзден жас тоқтамай, жүректің шарайнасы шытынап, көңілдің кестесі сөгіліп, бойға қан тарамай, өз күрсінісімнен басқа еш нәрсені ести алмай, көзіме бәрі сұр болып көріне бастағанда өмірімде пайда болған, өмірімнің бір бөлшегіне айналған кереметтердің бірі - Массагетті шынымен жақсы көремін. Жаңа «сәнін» жатсынып, бұрынғыдай бір айда жиырма блог жазбасам да, күніге бір шолып шығатыным шындық. Мен әрқашан сенімен біргемін, Массагет! (сезесің бе мені, мен сені сеземін десең, ә)) 

  Ағымнан жарылып, әбден жазып тастасам, айып етпессіздер. Бір рет келетін кезексөз ғой. Көсіліп қалайын да...деп...

       Массагет, туылған күніңмен! Тәуелсіздікпен бірге жасай бер! Дәл тәуелсіздік күнімен тұспа тұс дүниеге «алып келген» «Анаңа» рахмет! Анара, Ардақ, Болат, Мейіргүл, Фараби, Мейіржан, Айгерім, Ақерке, Сания, бертін келе Қарлыға, Шерхан (аталмай кеткендей еш ренжімес) сияқты «балаларыңның» арқасында қазақ тілді сайттардың ішінен оқ бойы озып шығып, алдыңғы шептен көрінетініңе, еліңе еңбегің сіңетініне, талай да талай жылдардан соң немерелеріміз біздің «әжемнің» блогы деп блоктарымызды, ата-әжелеріміз осындай болыпты ғой (жақсы мағынада)) деп архивтегі жазбаларды, материалдарыңды қарап отыратына сенгім келеді! Сенемін! Жасай бер! Өрле! 

Сонымен, қорытынды.

-         Массагетке қалай келдім?

-         Ғаламторды шарлап отырып, тағдыр өзі кездестірді.

-         Қашан келдім?

-      Бір жыл сыртта жүріп, 13 қыркүйек 2013 жылы ресми түрде есікті қақпай кірдім (таныстыру блогын жазбадым).

-         Қашан кетесің?

-      Кеудеден жан шыққанда, көк тасқа жердегі мерзімім біткен күнім жазылғанда... бұйырса...дейін...дедім...

 Кезексөзді ГҮЛЖАН СЕРІККЕ ұсынамын.